Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің БАҚ-тағы наразылығына орай пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әуежай қызметкерлерінің шағымын жан-жақты, толық әрі объективті тексеру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 10 маусымдағы №332 Бұйрығымен арнайы комиссия құрылды.
Комиссия елордалық әуежай қызметкерлерінің арызында көрсетілген мәселелерді жіті тексереді. Комиссия жұмысының барысын министр Қайырбек Өскенбаев тікелей бақылауына алды. Тексеріс қорытындысы бойынша арнайы шаралар мен тиісті шешімдер қабылданады», делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында елордадағы әуежай қызметкерлері еңбек ету жағдайындағы жайсыздықтарды айтып, шағымданғаны туралы ақпарат тараған еді.