● «ҚазАгро» 2014 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 61,6 млрд. теңге бөледі. Кеше таратылған баспасөз парақшасында мұның 40 млрд. теңгесі бюджеттік несие екені айтылған. Бұдан басқа, ұлттық компания алғаш рет егіс жұмыстарына екінші деңгейлі банктер арқылы 20 млрд. теңге қаржы қарастырады.
● Алматы қаласының маңында жаңа әуежай бой көтереді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Амандық Баталов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа әуе қақпасы үшін оңтүстік астанадан 54 шақырым жердегі Жетіген кенті маңында 2 мың гектарға жуық жер телімі белгіленіп қойылған.
● Оңтүстік Қазақстанда қуаттылығы 12 МВт күн энергиясы стансасы салынады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Азат Бетекбаевтың мәлімдеуінше, қазір жоба бойынша жұмыстар басталып кеткен. Аймақтағы әлеуметтік нысандарда 4 стансаның жобалау жұмыстары жасалуда.
● Шығыс Қазақстан облысы Ресей ет экспортын 200 тоннаға дейін жеткізеді. Қазіргі таңда аймақта 44 мың бас ірі қараны семіртіп жатқан 276 мал бордақылау алаңы осыған үлес қосады. Ал мал бордақылаушылар мемлекет тарапынан үлкен қамқорлыққа ие. Олар өткен жылы қазынадан 5 млрд. теңгеден астам субсидия алды.
● Кеше Көкшетауда классикалық және халық музыкасының ІІ фестивалі сөреден шықты. Мәреге ертең жететін «Көкшетау - тал бесігім» атты бұл өнер мерекесіне Қазақстанмен қатар, Ресей және Италия елдерінің көптеген танымал шеберлері қатысып жатыр.
● Бүгін Қызылорда қаласында Ақтөбе облысының күндері басталды. Сәуірдің 23-27 күндері аралығын қамтитын мәдени шарада меймандар «Алақай» қуыршақ театрының мульти-шоуын, суретшілердің көрмесін, облыстық филармонияның гала-концертін ұсынады. Делегация өкілдері сонымен қатар, Жалағаш, Қазалы және Арал аудандарын аралайды.
● Атырауда тозығы жеткен пәтерлер орнына жаңасы берілетін болды. Қалада алдағы 7 жыл ішінде өткен ғасырдың басында салынған 80 үй сырылып, олардың 2 мыңға жуық тұрғыны басқа қоныстарға көшіріледі.
● Қостанай облысында көпқабатты үйлерді жөндеуге 670 млн. теңгеден астам қаржы қаралды. Бұл туралы айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Евгений Аман алғаш рет Таран ауданы Тобыл кентінің пәтерлері жөнделетінін, облыс орталығындағы 18 үйдің жұмыстарына 323,5 млн. теңге жұмсалатынын жеткізді.
BNews.kz, Alau.kz, Altaynews.kz,
Egemen.kz ақпарлары, облыстық әкімдіктер сайттары бойынша
дайындалды.