Сонымен жаңа облыстар құрылды, олардың әкімдері де тағайындалды. Бұл негізгі жұмыстың басы ғана. Ауқымды шаруалар енді басталады. Осы орайда Қазақстан картасында жаңадан пайда болған өңірлерді дамытуда басымдық беретін негізгі бағыттарды да айқындау маңызды.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының пікірінше, жаңа облыс орталықтарында инфрақұрылымды дамытумен қатар, экономиканы әртараптандыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Мәселен, Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші орында екенін ескеру маңызды. Талдықорғанды автоматтандырылған өндірісі бар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ірі индустриялық орталығы (соя, консервілер, ет өңдеу, кептірілген жемістер) ретінде қалыптастыру бойынша шаралар кешенін қабылдау керек.
– Жезқазған қаласында түсті металлургияда жоғары бөліністерді дамыту үшін әлеует бар. Бұдан басқа, жаңа әкімшілік мәртебені ескере отырып, қалада экономиканың IT-секторын, ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде жас мамандарды жұмыспен қамтудың перспективалық бағыттары ретінде электрондық сауданы құру және дамыту мәселесін пысықтау қажет, – дейді сарапшы.
Кеңес заманында Семей қаласын дамыту жеңіл (жүн өңдеу) және тамақ (ет комбинаты) өнеркәсібі негізінде, республиканың мал шаруашылығының шикізат базасында жүзеге асырылғаны белгілі. Осыны қаперге алған дұрыс.
– Тарихи мамандандыруды қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарау, сондай-ақ қаланың көлік-логистикалық әлеуетін (трансшекаралық ағындарды ескере отырып) іске қосу маңызды. Қалада қосымша жаңа экономикалық жағдайларда IT-сектор және телекоммуникациялар сияқты экономиканың жаңа секторларын дамыту қажет, – дейді Нұрболат Құрметұлы.
Сарапшы жүргізіліп жатқан әкімшілік-аумақтық реформалар жаңа облыстардың дамуына жақсы әсер етеді деп санайды. Өйткені реформалар жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына сәйкес келеді. Оның негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету, байланысты қамтамасыз ету және өңірлердің орнықты кеңістіктік дамуы ескерілген.
– Реформалар елдің аумақтық және кеңістіктік дамуына жаңа тәсілдерді іске асырудың бастауы болып саналады. Ең алдымен, бұл – елдің оңтүстігінің өнеркәсіптік әлеуетін ашу. Жетісу облысының құрылуы оңтүстікті индустрияландыруға және урбандалу процестерін жеделдетуге оң әсер етеді. Сонымен қатар Абай және Ұлытау облыстарының құрылуы еліміздің орталық-шығыс өңірінің экономикасын қайта жаңғырту үшін өте маңызды. Егер Ұлытау облысында металлургиядағы одан әрі бөліністерді дамыту және адам ресурстарын дамыту талап етілсе, Абай облысында индустрияландыруды жүзеге асыру қажет, – дейді ол.
Экономикалық зерттеулер институты сарапшысының айтуынша, кез келген әкімшілік-аумақтық реформа қалыптасқан аумақтық-экономикалық байланыстардың өзгеруіне және жаңа қатынастардың пайда болуына ықпал етеді, өңір үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
– Жаңа облыстардың өз бюджеттері болады. Бұл оларға бірінші кезекте қаржыны қайда бағыттау керектігін жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа салаларда олардың әлеуетін ескере отырып, өз экономикаларын қайта бастауға үлкен мүмкіндік бар, – дейді ол.
Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан картасында жаңа «экономикалық өсу орталықтары» пайда болады. Жаңа облыстарға осы тұрғыдан мән беру керек. Мемлекеттің осындай маңызды бастамалары өңірдегі іскерлік белсенділікті жандандырады және инвестициялар ағыны үшін ынталандыру болып саналады.
– Бірінші кезекте, әкімшілік орталық мәртебесі жаңа облыстардың әкімшілік орталықтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестициялар ағынын ұлғайтады. Аумақтық-әкімшілік бөліністің ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Инвестиция демекші, Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлінгенге дейін, яғни 2021 жылы бұл өңірге 817,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – республикалық көлемнің 6,2 пайызы. Соманы қазіргі екі облыстың құрамындағы аудан-қалалар бойынша есептесек, тартылған инвестицияның 359,3 млрд теңгесі (44 пайызы) Абай облысына тиесілі. Ал 458,2 млрд теңгесі (56 пайызы) Шығыс Қазақстан облысына бағытталған.
Жаңадан құрылған Абай облысының құрамына Семей және Курчатов қалалары, Абай, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар аудандары кіргені мәлім. Ал Шығыс Қазақстан облысының құрамында Өскемен және Риддер қалалары, сондай-ақ Глубокое, Зайсан, Алтай, Күршім, Катонқарағай, Самар, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандары қалды.
Экономикалық зерттеулер институтының ресми дерегінше, жаңадан құрылған Абай облысына тиесілі инвестицияның көлемі Қызылорда (302,8 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан (331,9 млрд теңге) облыстарының көрсеткіштерінен жоғары. Ал Абайды отау етіп шығарған Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші Жамбыл (409,9 млрд теңге), Қостанай (416,2 млрд теңге) және Батыс Қазақстан облыстарының (424 млрд теңге) деңгейінен жоғары екені анықталды.
Былтыр экономикалық қызмет түрлері бойынша жаңаша қалыптағы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі инвестицияның көп көлемін өнеркәсіп саласы тартқан. Бұл саланы дамытуға 243,7 млрд теңге салынды. Көрсеткіш жалпы инвестицияның 53 пайызына тең. Одан кейінгі орындарда көлік және қоймалау (55,8 млрд теңге), жылжымайтын мүлік операциялары (48,7 млрд теңге), сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы (46,5 млрд теңге) тұр.
Аудан-қалалар туралы айтар болсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың басым бөлігі Өскемен қаласына бағытталған – 175,2 млрд теңге. Бұл – облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 38,2 пайызы. Одан кейінгі орында Риддер қаласы тұр – 78 млрд теңге немесе жалпы инвестицияның 17 пайызы. Аудандар арасында Алтайдың (58,5 млрд теңге), Шемонаиханың (34,5 млрд теңге) және Глубокоеның (33,1 млрд теңге) көрсеткіштері тәуір.
Жаңадан құрылған Абай облысына былтыр тартылған инвестицияның көп бөлігін де өнеркәсіп саласы иеленген. Өңірде саланы дамытуға 220,8 млрд теңге тартылыпты. Бұл облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 61 пайызын құрайды. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік операциялары (45,3 млрд теңге), көлік және қоймалау (37,3 млрд теңге) салалары да жақсы өсім көрсеткен. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласы 24,6 млрд теңге инвестиция тартқан.
Аудандар арасында Аягөз алда тұр. Бұл аудан облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 40,9 пайызын (146,9 млрд теңге) иеленген. Осы орайда, инвестиция тарту жағынан облыс орталығы Семей қаласының өзі Аягөзден төмен тұр – 110,7 млрд теңге немесе жалпы инвестицияның 30,8 пайызы.