Amanat партиясының Орталық аппаратында Talqylau диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы сарапшылар референдумның қорытындысы мен Жаңа Қазақстанның Конституциясы тақырыбы төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов референдум қорытындысы қоғамдық топтасудың жаңа деңгейін көрсеткенін атап өтті.
«Бұл еліміздің одан әрі даму болашағы туралы билік пен қоғамның ортақ түсінігі бар екенін білдіреді. Азаматтар еліміздің Ата Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Енді Үкіметтің алдында жаңа міндеттер тұр – бұл азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді шешу және барлық саланы стратегиялық басқару. Яғни сапалы жұмыс орындарын құру, халықтың табыс деңгейін, әлеуметтік және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік-логистикалық жүйені жетілдіру секілді маңызды әрі ауқымды жұмыстарды атқаруымыз қажет», деді вице-премьер.
Өз кезегінде Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов 5 маусымда өткен референдум елде демократия институты нығайып келе жатқанын көрсеткенін атап өтті.
«Бұл маңызды саяси оқиға мемлекеттілікті демократиялық құндылықтарға негіздеп құруға деген бағдарымызды бекітті деп сеніммен айта аламыз. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – саяси реформалардың басы ғана. Елімізді жан-жақты жаңғырту жұмысы жалғасады. Партия жаңа жағдайға дайын. Елдің жетекші саяси күші позициясын сақтап қалу үшін Amanat-тың әлеуеті жеткілікті. Тәжірибелі саяси ойыншы және парламенттік көпшілік дауысқа ие партия ретінде нақты бәсекелестікке дайынбыз», деді Асхат Оралов.
«Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» ЖШС бас директоры Дархан Қыдырәлінің пікірінше, референдум демократиялық республикаға азаматтық, ашық қоғамға және әділетті елге жасалған нақты қадам болды.
«Президент ұсынған реформалар бағыты қоғамда қордаланып қалған көкейкесті мәселелердің түйінін тарқатты, ал референдум өзгерістердің басталғанын айқындайды», деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Мәжілістегі Amanat фракциясының мүшесі Юлия Кучинская референдум азаматтардың едәуір бөлігін саяси процестерге бойлап, елде болып жатқан өзгерістерді саралауына мүмкіндік берді деп санайды.
«Егер азаматтар қандай өзгерістер орын алып жатқанын, түзетулерді қабылдағаннан кейін олардың қандай мүмкіндіктері болатынын түсінбесе, өзгерістер тек қағаз бетінде қалып қоюы мүмкін», деп қосты Юлия Кучинская.
Парламент жанындағы Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетовтің айтуынша, реформалар бірінші кезекте мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Яғни, мемлекеттік биліктің стандартын жасауымыз керек. Стандарт болған жерде ғана тәртіп, ашықтық, жауапкершілік болады. Стандарт дегеніміз – жалпы ереже. Біз мемлекеттік биліктің пәрменділігін арттырамыз десек, осы стандарттың төңірегінде жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», деді М.Махамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, Talqylau диалог алаңын құру бастамасы Amanat партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.