Маңғыстау облысындағы «Алатоо» қырғыз этномәдени орталығы қашанда қайырымды істердің ортасынан табылады. Жетекшісі Құрбанәлі Газыбеков білгір бағбан, бесаспап агроном. Көк өсімдікке жұтаң қалада көше бойын абаттандыру, жеке тұрғын үйлердің маңына ағаш, гүл отырғызу ісінде Құрбанәлі ағайға жолықпайтын адам сирек.
Көңілі дархан Құрбанәлі ешкімнен қолқайырын аяған емес. Тіпті, Құрбан айт, Наурыз тойы мерекелерінде тұрмысы төмен отбасыларға өз егінжайларында өскен жеміс-жидек, көкөніс түрлерін тегін таратып жүретіндігінен де хабардармыз. Қайырымдылық көмек жасауды сауапты іс, азаматтық міндет деп қана емес, ұлтаралық татулықты басты орынға қойған мемлекеттік саясаттың өркендеуіне, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлес деп есептейтін ол үнемі жақсы бастамалардың ұйытқысы. Өзара тату, бірін-бірі іштарта сыйлаған өзі басқаратын «Алатоо» этномәдени бірлестігі мүшелерін бір кісідей жұмылдырған Қ.Газыбеков тағы да жұрт сүйсінген жақсы істі бастап кетті. Олар бұл жолы қайырымдылық шараны Ақтау қаласындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ауласын абаттандыруға арнапты.
Біз аталмыш ауылға атбасын тірегенде айыр қалпақты қырғыз ағайындар көліктен түп-түп ағаш көшеттері мен құрал-саймандарын түсіріп жатыр екен. Әп-сәтте 49 бала тәрбиеленіп жатқан 7 үйдің ауласына бөлініп, жұмысты қыздырып әкетті. Жас-кәрісі, ер мен әйел аралас 20-шақты адам жұмысқа бір кісідей білек сыбана кірісті. Жастар жағы жер қазса, өзгелері шыбықты ұстап, үшіншісі түбін көміп дегендей тірліктері жарасым таба қалды. Еңбек ырғағын көзімен қадағалап, қажетті жерінде тиісті тапсырмасын, ақыл-кеңесін беріп тыным таппай жүрген Қ.Газыбековті сөзге тарттық.
– 50 түп раушан гүлін, 25 түп жеміс және 25 түп жапырақты ағаштарды, сирень көшеттерін алып келдік. Мұндағы балалар ата-ана қамқорлығынсыз қалып, тағдырдың қиындығына тап болғандар. Алайда, мемлекетіміз оларды аш-жалаңаш қалдырмай, тентіретпей бағып-қағып өсіруде, лайықты білім алуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған осы әдемі үрдіске үн қосып, қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық шарасын өткізуді, балалар үйінің ауласына ағаштар отырғызып беруді дұрыс деп таптық. Бұл шараны Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына және алда келе жатқан Қазақстан халықтары бірлігі күні мерекесіне арнаймыз, – дейді ол.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылын да – достық ұясы деуге болады. Осыдан 9 жыл бұрын ашылып, осы жылдар ішінде 50 баланы кәмелеттік жасқа толған азамат ретінде үлкен өмірге қосқан ауылда қазір қазақ, орыс, әзербайжан, лезгин балалары тату-тәтті тұрып жатыр. Олар қырғыз аға-апаларына көмектесіп зыр жүгіріп жүр. Ағаш отырғызып, ықылас танытқан «Алатоо» қырғыз этно-мәдени бірлестігіне, Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығына алғысын білдірген аталмыш ауыл директорының орынбасары Б.Олжабиқызы мұның бәрі достықтың, тыныштықтың нәтижесі екендігін айтып, елімізде мерекелі тірліктің тіні сөгілмеуіне тілектестігін білдірді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
–––––––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Виктория ДЕКТЯРОВА.