• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2022

Талап болмаса, тазалық та болмайды

459 рет
көрсетілді

Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін 130 орын болса, соның 24-і ғана заңдастырылған. Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Аршалы және Қорғалжын аудандарында қалдық жинайтын арнайы заңдастырылған орындар мүлде жоқ.

Әрине, тіршілік болған соң тұрмыстық қатты қалдықтар болады. Оған дау жоқ. Ал заңдастырылған орын болмағаннан кейін бұл аудандардың тұрғындары қалай амал­дауда?! Бар қалдық, лас дүние ауыл-аймақтың іргесінде ақжаңқа болып шашылып жатыр. Жалғыз қалдық қана емес, малдың, ит-құстың өлексесі. Мал өлексесін бос жүрген ит жеп, ауру таратпасына кім кепіл?!

Таяуда Бурабай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округінің Шиелі ауылының тұрғындары дабыл қақты. Курорт­ты аймақтың етегін баса қоныс­танған елді мекеннің маңы адам көр­гі­сіз. Ауыл тұрғындарының айтуына қа­ра­ғанда, іргедегі Макинск қаласының кейбір кәсіпорындары мен тұрғындары тұр­мыстық қалдықты осы ауылдың маңына әкеліп төге салатын көрінеді. Сәл жел тұрса қолқаны қабатын сасық иістен дем алу мүмкін емес. Іле округ әкімі Қа­най Есекеймен сөйлестік. Әкімнің ай­туына қарағанда, округтегі алты елді мекен ке­зек-кезегімен тазалануда. Әйтсе де бұл мақ­сатқа арнайы қаражат бөлінбе­ген­діктен үлгере алмай жатқан көрінеді.

Дәл осындай көрініс жалғыз Шиелі ауылында ғана емес, облыстың бірқатар елді мекенінде орын алып отырғанын айтуға тиістіміз. Бір сөзбен айтқанда, эко­логия мәселесі ушығып тұр. Қоқыс по­лигондарының жай-күйі ертеден айтылып келе жатқанымен, әлі бір жүйеге түспегені, тәртіпке көндікпегені өкінішті. Шалғайдағы шағын ауылдардағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселені былай қойғанда, табиғаты тамылжыған Бурабай баурайының айдай әсем ажарына сызат түсуде. Осы арада тұрғындардың да жауапкершілігі болуы керегін айта кеткен жөн. Осылайша, қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу және түпкілікті табиғатқа да, адамға да зияны тимейтіндей етіп көму қолға алынбай отыр.

Қазір өңірде 130 қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі бар. Оның 24-і ғана заңдас­тырылғандығын жоғарыда айтып өттік. Он ауданның орталығында заңдас­тырылған қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі жоқ екенін ескеретін болсақ, осы бір өзекті мәселеге қаншалықты кө­ңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл мәселенің шешілмеуі жобалық құ­жаттаманың қымбаттығында екен. Егер осы мәселе шешілсе, өңірде полигондар салына бастамақ. Бірақ оның да өз тәр­тібі бар. Қатты тұрмыстық қалдықтар поли­­гонының астынан жерасты сулары өтпеуі керек. Алдымен осы жайды мұқият анықтаған жөн.

Заңсыз, бейберекет пайдаланылып жатқан қоқыс үйінділері жыл сайын жойылып жатады. Санитарлық абаттандыру айлықтары да ұйымдастырылуда. Бірақ қиын түйіннің күрмеуі шешілер емес. Биыл тазаласа, ендігі жылы тұрғындар тағы бір жерден заңсыз тұрмыстық қал­дық төгетін орын тауып алады. Осы арада жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың аз екенін мойындауға тура келеді. Осындай немкеттіліктің сал­да­ры­нан коммуналдық қалдықтарды поли­гон­­дарда жинау, тасымалдау, орналас­ты­ру бойынша заман талабына сай инфра­құрылым болмай отыр.

Соңғы жылдары «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ көмегімен тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгу оқиғаларын анықтау жүзеге асырылуда. 2020 жылы геопортал арқылы осындай 1 593 қоқыс орны анықталып, 920-сы жойылған. Бірақ өкінішке қарай, рұқсат етілмеген полигондар қайтадан пайда болып, табиғатқа залалын келтіруде.

Өңірдің өңін кетіріп тұрған экология­лық проблемаға бірқатар ауданда кәріз тазарту құрылыстарының болмауы немесе оның жеткіліксіз тазалануы себеп болуда. Биыл алғашқы бес айда мемле­кеттік экологиялық бақылау бөлімі 52 та­биғат пайдаланушының жұмысын тексерді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталып, 13 ұйғарым жасалды. 175 млн теңгеден астам айыппұл салынды, оның 21 млн теңгеден астамы өндіріліп алынды. 154 млн теңгеге тағы бір әкімшілік айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілді.

Атмосфераны бақылау бойынша жыл басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар да тексерілген. Бұл орайда да бірқатар заң бұзушылық белгілі болып отыр. Олар­ға да қолданыстағы заңнамаға сәй­кес шара қолданылды. Су ресурстарын қорғау бағытында да тексерулер жүргі­зілуде. Облыс кәсіпорындарынан 30 сынама алынып, 1 544 анықтау сараптама жасалған. Ішінара тексеріске алынған су сынамаларынан ингредиенттік құрамның мөлшерден тыс 128 жағдайы анықталған.

Целиноград ауданының сумен жаб­дық­тау коммуналдық кәсіпорнының сар­қынды суларды жеткіліксіз тазартатыны анықталды. Тексеру нәтижелері бо­йынша жасалған ескертуден кейін кә­сіпорын тазарту жабдығын алмастырып, жөнге келтірді. Бурабай ауданында алдын алу, бақылау қорытындысы бойынша қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның атмосфераға лас заттарды шығарып жатқаны белгілі болды. Дер кезінде кемшілік жойылғаннан кейін курортты аймақтың ауасына кері әсерін тигізу тыйылды.

Ауыл-аймақтың маңайын мұнтаздай таза ұстап, төл табиғатымызға тағылық жа­самай, аялай білу үшін ең алдымен, жал­пақ жұртты жақсы іске ұйымдастыра білу керек. Әрине, экология мәселелерін ке­ңінен талқылайтын әрқилы дөңгелек үс­телдер мен семинарлар өткізілуде. Бір ға­на мысал келтіре кетелік, өңірде 24 сәуір­ден бастап «Бірге – таза Қазақстан» эко­логиялық акциясы өткізілді. Сәуір айы­ның өзінде ғана осы акцияға 35 мың­нан астам адам қатысып, елді мекен маңынан 7 152 текше метр қоқыс жиналып шығарылды. Жаз бойы өзен-сулардың бойында рейд ұйымдастырылып, табиғат аясында дема­лушыларға ұқыпты болу туралы әңгі­мелер өткізіледі. Дегенмен қыруар жұмыс қам­тылып жатқан тәрізді бола тұра, қоқысқа батқан, айналасы адам көр­­гісіз елді мекендер әлі де бар.

Біздіңше, қордаланып қалған қыруар мәселенің жалғыз-ақ шешуі бар. Бұл – заң­дас­тырылған қатты тұрмыстық қал­дық­­тар полигондарын салу.

 

Ақмола облысы