27 маусым мен 10 шілде аралығында Ұлыбританияның астанасы – Лондонда «Уимблдон» турнирінің жалауы желбірейді. Биылғы жарыстың басты екі жаңалығы бар. Біріншісі, ұйымдастырушылар аталған додадан Ресейді шеттетті. Соған жауап ретінде Халықаралық теннис федерациясы қатысушылар қаншалықты табысты өнер көрсетсе де, оларға соқыр ұпай да берілмейтінін жария етті. Яғни ойыншылардың ATP мен WTA рейтингінде жоғарылауына еш мүмкіндік жоқ. Екіншісі, былтырғы жылмен салыстырғанда жүлде қоры бірден 11,1 пайызға артып, биыл ол 47,1 миллион еуроны құрап отыр.
«Үлкен дулыға» санатына жататын бұл турнирдің 145 жылдық тарихы бар. Оның тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Сол кезден бері «Уимблдонның»» форматы сан мәрте өзгерді. Қазіргі кезде ол көк майса шөптің үстінде өтетін жалғыз жарыс. Осы доданың ерлер сайысында ең зор табысқа жеткен Ұлыбританияның өкілдері. Корт қожайындары 37 рет жеңіс тойын тойлады. АҚШ теннисшілері 33 мәрте топ жарса, Аустралияның 21 өрені теңдессіз деп танылды. Әйелдер арасында америкалықтар алдына жан салар емес. Олар 57 рет дара шықты. Жергілікті ойыншылардың 36 мәрте мерейі үстем болды.
Жекелеген сайыстарда олжалаған бас жүлделердің саны бойынша Роджер Федерерге тең келер ешкім жоқ. Швейцарияның мақтанышы сегіз жарыстың жеңімпаз атанды. Өткен ғасырдың соңында атой салған америкалық Пит Сампрас жеті турнирде топ жарды. Бүгінгі таңдағы теңдессіз теннисшілердің бірі сербиялық Новак Джокович алты рет дара шықты. Дәл сондай көрсеткіш ХІХ ғасырда өнер көрсеткен ұлыбританиялық Уильям Реншоуға тиесілі.
Әйелдер арасында Мартина Навратилованың шоқтығы биік. Кезінде Чехословакиядан АҚШ-қа қоныс аударған даңқты теннисшісі 1978-1979, 1982-1987, 1990 жылдарда өткен жарыстарда бас жүлдені олжалады. Барлығы – 9 жеңіс! Өткен ғасырдың алғашқы жартысында дүйім жұртты асқан шеберлігімен тәнті еткен Хелен Уиллс-Мудидің (АҚШ) жеті және Доротея Ламберт-Чамберстің (Ұлыбритания) сегіз турнирде бақ жұлдыздары жанды. Дәл сондай көрсеткішке Штеффи Граф (Германия) пен Серена Уильямс те (АҚШ) қол жеткізді. Жалпы Уильямстің Навратиловадан асып түсуге тамаша мүмкіндігі болған еді. Өйткені ол финалға 11 рет шықты. Жетеуінде жеңіске жетсе, төртеуінде жеңіліс тапты. Ал жекелеген, жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекелерді қоса алғанда ең зор табысқа қол жеткізген Билли Джин Кинг пен Мартина Навратилова. АҚШ-тың қос мықтысы кубокты төбелеріне 20 реттен көтерді.
«Уимблдонда» көптеген рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мәселен, 2010 жылғы жарыстың алғашқы айналымында америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю арасындағы өткен кездесу 11 сағат 05 минутқа созылды. Қос саңлақ үш күн бойы сайысқа түсті. Нәтижесінде, 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен Изнер жеңіске жетті. Бұл – теннис тарихындағы ең ұзаққа созылған матч. Дәл сол жылы АҚШ ойыншысы Тейлор Денттің соққысынан кейін доп сағатына 238 шақырымдық жылдамдықпен зымырады. Әйелдер арасында ең қуатты соққы Серена Уильямске тиесілі. Әйгілі америкалық ойыншының көрсеткіші – 208 шақырым. Германиялық Борис Беккер мен АҚШ-тың өкілі Денис Ралстон «Уимблдонды» 17 жастан асқан шағында ұтса, швейцариялық Мартина Хингис пен аустралиялық Лотти Додқа бұл белес 15 жасында бағынды. Ал «Уимблдонда» дараланған «ең қарт» ойыншылар тізімін Мартина Навратилова бастап тұр. 2003 жылы аралас жұптар сайысында топ жарғанда ол 46 жаста еді...
Қазақстанның теннисшілері арасында Лондондағы турнирде ең жақсы нәтиже көрсеткен Ярослава Шведова екені баршаға мәлім. Былтыр ғана спорттық жолын аяқтаған жерлесіміз 2016 жылы жекелеген сайыста ширек финалға дейін жетті. Юлия Гергес, Элина Свитолина, Сабина Лисицки және Люси Шафаржова сынды мықтыларды ұтқан ол Винус Уильямске есе жіберді. Есесіне жұптық бәсекеде мажарстандық Тимя Бабошпен бірге отандасымыз финалға дейін жетті. Ал 2010 жылы дәл осы «Уимблдонда» Ваня Кинг пен Ярослава Шведова жұбы бас жүлдені олжалаған еді. Өкінішке қарай, өзге теннисшілеріміздің ешқайсысы Шведованың көрсеткішін қайталай алған жоқ. Осы орайда 2014 және 2015 жылдары Зарина Диастың, 2019 жылы Михаил Кукушкиннің және 2021 жылы Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің төртінші кезеңде өнер көрсеткенін айта кеткен абзал.
Былтыр Ұлыбританияның астанасында бес теннисшіміз күш сынасты. Рыбакина мен Бубликтің ширек финалға дейін жеткенін жоғарыда айттық. Бұл межеде Елена беларусьтік Арина Соболенкодан, Александр польшалық Хуберт Хуркачтан жеңілді. Юля Путинцева екінші айналымда испаниялық Паула Бадосаға жол берсе, Зарина Диас пен Михаил Кукушкин тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. «Уимблдон-2021» турнирінде ерлер арасында Новак Джокович дара шықты. Сербияның саңлағы ақтық айқаста 6:7, 6:4, 6:4, 6:3 есебімен италиялық Маттео Берреттиниден басым түсті. Әйелдер сайысында Эшли Бартидің бағы жанды. Аустралиялық ару чехиялық Каролина Плишковадан басым түсті – 6:3, 6:7, 6:3.