Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қортындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.
Нақты секторда өсім бар
ҰЭМ басшысының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ды құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.
Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.
«Осы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ға өсіп, 39,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ға өсіп, 26,5 млрд долларға жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 32%-ға артып, 7,3 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 13,2 млрд доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 13,2 млрд доллар көлемінде қалыптасты», деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Қостанай, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 22,8%-ға, компьютер, электронды және оптика құралдарын жасау – 17,3%-ға, құрылыс материалдары – 5,2%-ға, сусындар – 18,3%-ға, пластмасса бұйымдары – 11,4%-ға, дайын металл бұйымдары – 10,2%-ға, фармацевтика өнімдері – 4,7%-ға, киім өндірісінің 9,9%-ға өсуі қамтамасыз етілді.
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,9%-ды, газ өндіруде – 6,3%-ды, шикі мұнай өндіруде – 4,7%-ды, көмір өндіруде – 2,2%-ды, металл кендерін өндіруде – 1,9%-ды, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 0,2%-ды құрады.
Қаралып отырған кезеңде құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9%-ға өсті.
Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіш – Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында.
Инфляция баяулауы ықтимал
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақталғандығын айтты.
«Әлемде ақша-кредит талаптары күшейтіліп жатыр. Мамырда АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтеріп, 1-маусымнан бастап балансты қысқарту басталғанын жариялады. Жыл соңына дейін мөлшерлеменің тағы 200 базистік тармаққа 3%-ға дейін көтерілу мүмкіндігі бар. Биылғы шілдеде Еуропа орталық банкі 2011 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені бірінші болып көтеруі мүмкін», деді Ғ.Пірматов.
2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде биылғы сәуірде 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Айлық инфляция сәуірдегі 2%-ға және наурыздағы 3,7%-ға қарағанда, мамырда 1,4%-ға баяулады, бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәндерден асып отыр.
Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады деп болжайды. Болжам тұтыну нарықтарының теңгерімді дамуына назар аударылатын Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру барысы ескеріле отырып жасалды. Осы шаралар кешені табысты іске асырылған кезде инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін.
Ұлттық банктің болжамы бойынша 2023 жылы инфляция ақша-кредит саясаты саласында қабылданып отырған шаралар, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.
Ғ.Пірматовтың айтуынша, мамырда жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан теңге бағамы 1 доллар үшін 415,16 теңгеге дейін немесе 6,8%-ға нығайды.
Жалпы халықаралық резервтер биылғы мамырдың соңында 86,5 млрд доллар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 1,6 млрд долларға төмендеп, 32,8 млрд долларды құрады.
Ұлттық қордың активтері 53,8 млрд доллар болды. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 5 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды.
Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсетін түсімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге жуық ұлғайып, жыл басынан бері 2,9 трлн теңге болды.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 12,7 трлн теңгені құрады. Осы жылдың басынан бері инвестициялық кіріс көлемі теріс мәнді 154,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары 662,5 млрд теңге, зейнетақы төлемдері 106,8 млрд теңге болды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 11 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 29 млрд теңгеге асыра орындалды.
Қаржы министрі жоспардың орындалмай қалған тұстарын да айтып өтті. Жоспар корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша орындалмаған.
Ал жергілікті бюджет кірістері 2 трлн 154 млрд теңгені құрады. Жоспар 388 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 351 млрд теңгеге асыра орындалды.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың нақты секторының қарқынды дамуына өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Азық-түлік өнімдерін өндіру 3%-ға, сусындар өндірісі 18%-дан аса артты. Жеңіл өнеркәсіп 8%, химия өнеркәсібі 11%-ға жуық өсті. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару 11%-дан асты, мұнай өңдеу 8%-ға, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару 10%-ға, фармацевтика өндірісі 5%-ға ұлғайды.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті», деді Ә.Смайылов.
Қызмет көрсету секторында сауда 11%-ға, көлік саласында 8%-дан және байланыс 7%-дан астам өсті.
Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім тіркеліп отыр.
Үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне осы жұмыс қарқынын сақтауды тапсырды. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет.
Ә.Смайылов инфляция мәселесіне ерекше назар аударып, оның жеделдеуіне әсер ететін басты факторлардың бірі азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі екенін айтты. Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 14%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті.
«Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», деді Премьер-Министр.
Дәрі-дәрмек өзімізде шығуы тиіс
Үкіметте медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды. Бұл тақырыпта баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл орайда фармацевтикалық өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 123,9%-ды құрайды.
Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрілік заттар өндірісі көлемінің артуына байланысты болды.
Өз кезегінде Ә.Смайылов Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін фармацевтика нарығындағы отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін алға қойғанын атап өтті.
Премьер-Министр бірыңғай фармацевтикалық дистрибуция жүйесі енгізілгеннен бері қазақстандықтарды дәрімен қамтамасыз етуге, еліміздің фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жобалар сәтті іске асырылып жатқанын айтты.
Үкімет басшысының пікіріне қарағанда, ұзақмерзімді шарт жасасу арқылы көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, отандық өндірушілерді экспортқа шығуға да ынталандыруы тиіс.
Қазақстандық өнімнің жаһандық нарықтарға шығуына жәрдемдесу мақсатында жауапты мемлекеттік органдар республикаға Big Pharma сияқты әлемдік фармацевтикалық өндірушілерді тарту мәселесін пысықтауы қажет.
«Отандық өндірушілер озық технологияларды алып келіп, бірегей, инновациялық препараттарды өзімізде шығару үшін өнімнің сапасына баса мән беруі қажет. Қазақстан өз азаматтарын өзімізде шығатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі тиіс», деді Ә.Смайылов.
Бұл орайда дайын өнімдермен қатар, фармацевтикалық компоненттер мен субстанцияларды жасап шығару қажет. Отандық өндірушілер үшін фармацевтикалық нарықтың бұл саласының келешегі бар.
Аталған шараның барлығы өзектендірілген Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарында көрініс табуы тиіс.
Премьер-Министр өзімізде шығарылатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыру еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екенін атап өтті. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне мынадай тапсырмалар берілді:
Бірыңғай дистрибьютормен бірлесіп, Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін толық локализациялау, олардың номенклатурасын кеңейту бөлігінде ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын бекіту критерийлерін жетілдіруді пысықтау;
Қазақстанда өндірісті жолға қою үшін Big Pharma-ның ішінен ірі трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын жандандыру;
Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарының өзектендірілген жобасын Үкімет қарауына енгізу.
Сөз соңында Ә.Смайылов денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерін алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтады.