• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Италиянша орындалған опера

437 рет
көрсетілді

Жақында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры көрерменін тағы бір тың қойылыммен қуантты. Бұл – италиялық композитор Джакомо Пуччинидің «Богема» операсы. Есімдері елордалық театрға етене таныс Санкт-Петербургтік қос майталман – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, Ресейдің халық әртісі Юрий Александров пен Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окуневтің шығармашылық бірігуімен жаңаша сахналанған спектакль о баста жарыққа шыққалы 120 жылға жуық уақыт өтіпті. Ғасырдан астам өмір сүріп келе жатқан бұл туындының осыншама жылдар бойы әлемді кең шарлап кету сыры неде? Ол үшін алдымен операның жазылу тарихын біліп алған абзал. Операға деген құштарлық сезімі бойын кернеген композитор музыкалық шығармаға лайық арқау іздейді. Көз майын тауысып шығармалар шыңырауына терең үңіледі. Табады. Бірде француз жазушысы Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» романын оқып отырып, ұлы композитор қуаныштан шаттанып: «Мен өзім ұнатқан сюжетімді таптым» деп мойындайды. Осы бір ауыз сөз күні бүгінге дейін қойылымға берілген алғашқы баға ретінде қабылданады. Ал енді туындыгердің бұл шешімге тоқталуына не себеп? Талант, дарын сияқты Құдайдың ерекше сыйына қоғамның көз­қарасы неге соншама жұтаң, кереғар соға береді. Таланттарды қайшылықтар туғыза ма деп қаласың. Бар мен жоқтың айқасы бітпейді. Байлық пен кедейліктің адамға залалы бірдей сияқты. Барға бақыт байыптап қона бермейді, жоқшылықтан да жұрт естімеген сұмдық оқиғалар туындайды. Қоғамдағы әділетсіздіктен дарын иелері көбірек жапа шеге ме дейсің. Мюрже романында Париждің Латын кварталында тұратын дарынды, бірақ кедей жас әртістер, ақындар, суретшілер, музыканттар өмірі бейнеленсе, жастық шағында кедейлік пен мұқтаждықтың зардабын бір кісідей тартқан композиторға бұл ешқандай да таңсық тақырып емес еді. 1893 жылы Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика роман бойынша либреттоны жазуға кірісіп кетеді. Екі жыл дегенде еңбек тиянақталады. «Богеманың» музыкасын композитор бас көтермей отырып сегіз айда жазып бітіреді. Ең бастысы, Пуччинидің операсы адамның жеке драмасына негізделуімен ерекшеленді. Стилі мен рухы жағынан француздық бола тұрғанмен италиялық опера өзінің нәзік сезімімен, адамгершілік құндылықтарымен әлем сахналарына еркін сыйып кете алды. Автор тігінші Мими мен кедей ақын Рудольф арасындағы махаббат сазын адамзатқа ортақ шермен толғайды. Жылылық, жұмсақ әзіл, терең ойлы лиризм тән операда ғашықтар мұңы жан рухымен жырланады. Бұл әуеннің бізге де жат сезілмей, жақындай түсетіні сондықтан болса керек. Төрт бөлімді шығарма жалықтырмай, жабықтырмай аяқталады. Бұл таза Ю.Александровтың еңбе­гінің арқасы. Алғашқы пердеде ақын мен суретшінің қа­саң да күйбең тіршілігі бір сарын­да өрбісе, екінші перде сы­рылған шақта қобалжи бастаған көңілді жарқылдаған ашық бояу­лар тез көтеріп әкетеді. Бір мезгілде бірнеше оқиғаны қам­ту арқылы сахналық көрініс салтанаты артады. Көне Париж көшелеріндегі қызған өмірдің ішінде өзің бірге қыдырып жүр­гендей сергек әсерге бөленесің. Рудольф, Мими, Марсель, Шонар мен Коллен қалжыңдары жарасып, дастарқан басына жайғасады. Әскери маршпен қызыл киімді қыздар салтанатты шерумен қалың топты жарып өтеді. Цирк сайқымазақтары, саудагерлер, балалар, барлығы көше айшықтарының шуағын молайтады. Отырыстың шарықтаған сәтінде Марсельдің бұрынғы ға­шығы Мюзетта қылығы қылаң береді. Сылқым бикешке та­бынушы тәкаппар шал – Аль­циндор қосыла кірген сәттегі көріністі ойнауда ұлттық ұжым француз мәдениетінің тыны­сын тап басып бере алды деу лазым. Кезбе өмірден әб­ден қалжыраған Мюзетта сүйік­­ті­сінен алыстағанмен, оны ешқа­шан жадынан шығарған емес. Альциндордан амалын тауып құтылған қыз соңында көздеген түпкі мақсатына жетеді. Оқиға шиырлана бергенде қызметші есепшотты әкеліп көрсетеді. Мұншама ақшаны олар қайдан таппақ? Шонардың қалтасы тесік. Жолы тез табыла кетеді. Айласын асырған жастар мұны Мюзеттаның табынушысы төлейтінін айтып, көзден лезде ғайып болады. Спектакльдің орта шеніне қарайғы бұл оқиға екі жағымен ерекшеленеді. Біріншіден, операның музыкалық күші басым болып кетпеуі үшін қимылға, драмаға жеткілікті көңіл бөлінгені байқалады. Екіншіден, автор ойын жеткізудегі негізгі құрал тіл мен музыка деп есептегенімізбен, қатысушылардың артистизмі маңызды рөл атқаратыны сезіледі. Бет-әлпет пен көзге дейін бейнеге қызмет етеді. Театр жастары осы екі қанатты тең ұстап қағуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп жүргенін аңғартты. Кейіпкерлердің дауысы мен қимыл-қозғалысының қабыса өрілуі соның айқын дәлелі. Париж көрінісі Эйфель мұна­­расымен ажарланарын сурет­ші В.Окунев қаперден шығар­­мапты. Қала бояуы қуатты рух­т­ың қиялының жемісі екенін көрсетеді. Мұны тамашалаған әр адам суретші В.Окуневтің әлемдік деңгейдегі шеберлігіне тағы бір мәрте риза болады. Қазақстан тарапынан дирижер Абзал Мұхитдинов, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен опера жұлдыздары, балалар студиясы хорының балғын дауыстары толықтыра келгенде ұжымдық үлкен жұмыс атқарылғаны айқындалады. Жалпы «Богема» операсының Еуропа театрларындағы қайсыбір нұсқасының жетістігі туралы сөз етілмесін, алдымен оның синтездік туынды екенін алға тартушылар көп. Барлық өнер түрі, оның ішінде музыка, драма, опера, пластикалық қимыл, костюмдер мен суретшінің қиял шексіздігі, т.т. сол сияқты басқа да көркемдікті толтыратын нәрселер түгел спектакльдің табысы үшін жұмыла қызмет еткенде барып нақты нәтижеге қол жететіні талай рет дәлелденген тұжырым. Әлемдік деңгейдегі классикалық туындыларды игеру отандық опера саңлақтары үшін түпсіз терең мұхит десек, «Богеманы» төлнұсқа тілінде еркін шалқыту арқылы қазақ ұлттық опера өнері осы туындысымен өзінің ежелгі дәстүрі мен машық мектебін биік сатыға көтере алды деп санаймыз. «Неге Александров, неге Окунев? Классикалық шығар­­­­­маларды отандық мамандардың өзі қоятын кез әлдеқашан жеткен жоқ па?» деген сыңайдағы сыни ойлардың сырғи айтылғанмен, шындық екенін мойындау керек. Бұл арада тағы екі мәселе тұрады. Біріншіден, мұндай шетелдік театрлармен рухани қарым-қатынас өзара тәжірибе алмасуда бұрыннан бар дәстүр десек, ал екіншіден, ұлттық режиссерлерді даярлау мәселесі бүгінгі таңдағы басты проблеманың бірі болып саналады. Ауыс-түйіс барлық театрлардың арасында бар үрдіс. Тәубе деп айтқан жөн болар, мысалы, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхаммедқызы ізімен бүгінде қазақтың сандаған талантты жас­тары Еуропаның көптеген ірі сахналарын бағындыра бастады. Спектакльдегі басты кейіпкерлер Рудольфті сомдаған Медет Шотабаевқа, суретші Марсель бейнесіндегі Талғат Мұсабаевқа, сонымен қатар, Мими рөліндегі Айгүл Ниязова мен Мюзеттаны ойнаған Салтанат Ахметоваға аға буынның кең диапазонды дауысы мен әртістік келбетіндегі дәстүрді жаңаша сипатта жалғастыра алған ізденістері үшін жұрттың құрметі айрықша. «Астана Опера» теа­тр­ында әлем театрларында ән шыр­қайтын қазақтың қаншама үздік дауыстары өсіп шығуда. Даладай кең шалқар, көсіле самғайтын қоңыр үн классикалық қай бейнемен де тонның ішкі бауындай тез жымдасып, жылдам қабысып, ішкі рухымен үндесуі опералық туындының байырғы тамыры осы байтақ жермен егіз бе екен деген ойға жетелейді. Сонау 1851 жылы дүниеге келген шығарманың арада 45 жыл өткенде ұлы композитордың жүрегіне «Богема» шырағын тұтатуы Франция мәдениетіндегі опералық дәстүрдің тамаша үлгісі болып қалыптасты. «Бо­гема» спектакліндегі әртістерге негізгі образдардың сезім-күй­ін, табиғатын, болмысын бағ­зы дәстүрмен үйлесімді қабыс­тырып, көзге шалына бермес иірімдермен иландыра орындау асқан жауапкершілік жүктесе, міне, сол сыннан ұжым нық басып ойдағыдай өткен сияқты. Шексіз, шетсіз «Богема» сахна айдынындағы барлық адам айналып соғып тұратын жасыл жағалау іспетті. Сол шексіздіктің кілтін елордалық ұжым таба алды ма, жоқ па мұны бір көргенде айта салу дұрыс емес. Бұл тек сахнада ғана өмір сүретін ғұмыр. Әуелі тамыр жаяды, табанынан нық тұрады, толығады. Әзірге жаңадан тәй-тәй басқан сәбиге сын айтып неге керек? Алайда, астаналық театрдың «Богема» операсын италиянша, төлнұсқа түрінде қою арқылы озық театр­лармен терезесін теңестіргені түймедей қатесі жоқ тұжырым. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». –––––––––– Суреттерде: «Богема» операсынан көріністер.