• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Маусым, 2022

Құбылыс

956 рет
көрсетілді

Біздің үйдегі ескі альбомда Сырбай Мәуленов пен әкемнің немере ағасы Байдақ көкемнің бірге түскен суреті бар. Екеуінің ол суретке қай жылдары түскенін білмеймін. Әйтеуір есімді білгеннен сол фотоны көрдім. Байдақ көкем – Қостанай облысы Амангелді ауданында есеп саласында ұзақ жылдар қызмет істеген, көзіқарақты, зиялы адам еді. Соғысқа қатысқан. Сырбай, Ғафулардан бастап, Сейіт Кенжеахметов, Қоғабай Сәрсекеев, Серік Тұрғынбеков және т.б. Торғай өңірінен шыққан ақын-жазушылармен жақын сыйласты. Әсіресе Сырбай, Ғафулармен көңілі жақын болып, олар елге келгенде қарсы алып, қонақ ететін. Айтулы екі тұлғаның ол кісіге деген құрметі де ерекше еді. Көкемнің өзі де ақын болатын, көзі тірісінде «Жазушы» баспасынан екі-үш жыр жинағы жарық көрген. Сондықтан мен Сырбай атамыздың жалынды жырларынан бұрын суретін көріп, бала күнімнен көңілімде жылы бейнесі сақталып қалды.

Халқымызда «жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ» деген тағылымды тәмсіл бар. Жұртшылық Сырағаңды Сыр мен қырға ортақ ұл ретінде дәріптейді. Оның себебі де бар. Ақынның атамекені Торғай өлкесі болғанымен, ол кісі 1922 жылы Сыр бойында өмірге келген. Сол жылы Торғайда қуаңшылық болып, бір қауым ел айдыны шалқыған Сыр бойын келіп паналапты.Содан оған «Сырбай» деп ат қойған. Шілдеханасында Торғайдан Сарысу өзеніне ағайындарын сағалап келген Тосынбайдың Әлиі деген ауыл ақыны батырлар жырын толғап, жарық дүние есігін ашқан сәбидің құлағын өлеңнің азанымен ашыпты. Сондықтан да ақынды қызылордалықтар да жерлесіміз деп қадір тұтады. Алайда ақын Сыр бо­йында дүние есігін ашқанымен, өскен, тәрбие алған жері, ата-бабасының мекені – көне Торғай даласы. Ол жайында ақын «Өмір жолы – өлең жолы» атты естелігінде: «Менің кіндік қаным тамып, кең дүниеге көзімді ашып қараған жерім – Қызылжыңғыл да, нәресте ойым­ды, бала қиялымды тербеген бесігім, табиғаттың таза ауасын, жазық даласын, өзен-суын алдыма тосқан, алғаш маған өмір есігін ашқан, білім босағасын аттатқан қасиетті шаңырағым – Торғай бойы, Тосын тоғайы. Осы ортада мені табиғаттың сан түрлі құстарынан бастап, жергілікті ақын-әншілердің жырларын тыңдап өстім. Жасымнан дастандарды жаттадым. Біздің үйге менің дастан оқығанымды қызық көріп, жанымыздағы ағайын-туғандар, көрші-көлемдер жиі жиналатын. Солардың қошеметі қолтығымнан демеп, қиял аспанына шырқатып, сонау бұлттардың арғы жағына алып кететіндей көрінетін», деп жазады.

Халқымыз «Ат аунаған жерде түк қалады» дейді. Тұғырлы тұлғаның арғы бабалары да заманында сөз ұстаған, елге танымал болған. Қазақы шежіреге жүгінсек, ақынның арғы түбі, еңсегей бойлы ер Есімнің қолбасшыларының бірі Шақшақ Аманжолұлынан тарайды. Шақшақтың тағы бір ұрпағы – жоң­ғарларға қарсы күресте даңқы шыққан батыр тархан Жәнібек Қошқарұлы. Белгілі сатирик, этнограф Сейіт Кенжеах­мет­ұлының айтуынша, ақынның атасы Тай зор денелі болыпты. Сол кісі Сыр бойына барғанда, ол жақтың ел ағалары: «Ойпырмай, арғынның Тайы мынадай, болғанда құнаны қандай болды екен?» деп таңданыпты. Сол Тайдан Мәулен туады. Бұл кісі де зор адам болған. Ал Сырағаң да ірі денелі, биік адам. Соған қарамастан Торғайдағы Тайды, Мәуленді көрген ақсақалдар Сырбайды көргенде «Мынаны Тайдың немересі деп қалай айтамыз, шағын ғой», деп көңілдері толмапты деседі.

Ардақты ақын он жасында Торғайдан тағы Сыр бойына келіп, балалық кезі мен жасөспірім шағын Қызылорда қаласында өткізді. Алғашқы өлеңдері Сыр бойында жазылды. Қызылордада оқып жүргенде жырлары облыстық газетте жарияланды. Ақындық та адамға тақыр жерден дарымайды. Сырағаң өскен Торғай жері – ежелден өр мінезді батырларымен, орақ ауыз, от тілді билерімен, ешкімге сөзбен кеудесін бастырмаған шешендерімен, көш бастаған көсемдерімен жалпақ жұртқа танылды. Ақындықтың да туы жығылмаған өлке. Осында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғаш мектеп ашты. Белгілі ғалым, сыншы Есмағамбет Ысмайылов «Ақындар» атты іргелі еңбегінде Торғай топырағында үлкен ақындық мектеп болғандығын жазады. Кейін осы ақындық мектеп туралы ақын Назарбек Бектемісов «Ахмет ұшқан алтын ұя», қаламгер, ғалым Серікбай Оспанұлы «Ахмет өскен ақындық орта» және филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айбек Қалиев «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзия­сы» атты зерделі жинақтарында барынша байыпты баяндады. Торғайдың ақындық мектебі Уақ Жұмабайдан бастау алды, оның өлеңдері отты, жігерлі, метафораға бай. Одан кейінгі аталған мектептің тағы бір түлегі – Сейдахмет Бейсенұлы. Бұл кісі ақын ғана емес, шешен, темірден түйін түйген ұста болған. Сейдахмет өлеңдері Ыбырай Алтынсарин құрастырған хрестоматияға енді. Сондай-ақ Торғай ақындық мектебінің туын Әбіқай, Күдері, Есенжол, Құбаш, Ахметхан, Сәт, Қарсақ, Мәтібай секілді ақындар да биікке көтерді. Осылардың ізін басқан айтулы ақындық мектептің көрнекті өкілінің бірі – Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков. Арқалы ақын суырып салма өнердің дүлдүлі ғана емес, жазба поэзияның да жүйрігі еді. Бірнеше мәрте республикалық айтыстарда топ жарды. Нұрхан Ахметбековтің классикалық шығыс үлгілері желісімен жазылған «Қамарлы заман», «Албан Жұпар ханым» және тарихи оқиғалар туралы толғаған «Есім сері», «Қарға», «Амангелді», «Жасауыл қырғыны», «Күләндам» секілді дастандары кезінде оқырмандардың жоғары бағасын алды. 1951 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атанды. Арғы жағында осын­дай тегеуріні текті ақындар мекте­бі тұрған Сырбай Мәуленовтің осал болу­ға қақысы да жоқ. Сырағаң Нұр­хан ақынмен жақын араласып, ағалы-інідей сыйласқан. Бала күнінен Нұр­хан жырларын тыңдап, қанаттанған. Ол туралы ақынның «Топжарған» атты дүниесінде: «Мен бала кезімде Торғай қаласындағы Сардар ағайдың қолында тұрдым. Бертін келе ойласам, өлең жазуыма сол орта себеп болған сияқты. Торғай торабының атақты ақын, әншілері, орталарына келсе, ең алдымен ағайдың үйіне қанат қаға бастаған жиырманың үстіндегі Нұрхан ақын, Ақкөлден шыққан әнші әйел Бибіжан, өзіміздің туыс, қобызшы Қамидоллалар болатын. Осы топтың ортасында әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші Нұрхан жұлдызы жоғары тұратын», деп айтады.

Сырағаң туралы сөз қозғағанда, егіздің сыңарындай болған, бір топы­рақтан жаралған арқалы ақын Ғафекеңді – Ғафу Қайырбековті аттап өте алмаймыз. Ғафекеңнің өзі ақын ағасы туралы жазған мақаласында: «Сырбайды айтқанда, Нұрханды айтпау, еске алмау мүмкін емес. Яғни Сырбайды айту – біз үшеумізді де айту деген сөз. Сырбай маған дүниежүзілік поэзияның, профессионалдық поэзияның үлгісін көрсетті. Өйткен мен ол кезде сол замандағы үздік аудармалар арқылы Пушкинді, Лермонтовты, Байронды, Шығыстан Низамиді тиіп-қашып болса да оқып алған едім. Сол маржандардың, жыр балының дәмін татып үлгерген едім. Сырбай маған қазақтағы сондай жаңа поэзияның алғашқы қарлығаштарының бірі болып көрінді», дейді.

* * *

Шынында, Сырбай Мәуленов – қазақ поэзиясына жаңа леп, өзгеше өрнек, сазды ырғақ, әсем үн әкелген лирик ақын. Оның нәзік сезімге толы өлеңдерінен сыршылдық пен сұлулықты көресіз. Жастық шақтың жалындаған үнін естисіз. Адамды өмірді сүюге, оның қадірін білуге үндейді. Жырларында ешқандай жасандылық жоқ. Таңғы шықтай мөлдіреп тұрады.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі: «... Лирикаға оралғанда, әсіресе Ғали, Қасым, Сырбай үшеуінің әр алуан жайға арнаған, әсіресе қысқа қайырған өлеңдері өзгеше сүйсіндіреді. Бұлар кейде бабына жетіп, балқып-толқыған күйшінің шебер қолындағы шешен домбырадай, қоңыр күйлерімен бой ерітеді...» десе, сыршыл суреткер Ғабит Мүсірепов: «Қоғамның ақынына қояр талабы не болар еді? Ол талап осы «Желпи бер жылы күлкіңмен» деген Сырбайдың бір жол өлеңіне сыйып тұр. Ақынның қоғамына қояр тілегі мен назы да осы бір жол өлеңнен түгел табылады. Бір жол өлеңге әрі талап, әрі тілек сыйысып тұр. Шынында, талап пен тілек бірі жоғарыдан, бірі төменнен шығар екі өрістің үндері емес пе. Аз сөзбен аумақты ой салар ақындық деп осыны айтамыз», деп жоғары баға беріпті.

Табиғатты талай ақын жырлады, бірақ Сырағаңның табиғат туралы өлеңдері ешкімге ұқсамайды. Өзінше өрнектейді. Оны оқығанда даланың саумал самалын жұтқандай боласыз, бойыңызға күш бітеді. Табиғат құбылыстарын көркем суреттейді. Тамылжыған табиғатты тамсана жырлаған ақын теңеулері тосын, майдан қыл суырған шеберлікті көресіз. Осыны тап баса білген мемлекет және қоғам қайраткері, руханият жанашыры Ілияс Омаров: «Табиғатты жырламаған ақын жоқ, бірақ та сол жырлауда екі өзгешелік бар. Біріншісі – табиғатқа сүйсіну, дәлдікпен суреттеу, көрген жердің философиясын беру. Екіншісі – табиғатқа жан беру, тірілту, адаммен, қоғам өмірімен теңеу. Сырбай өлеңдерінде осының екеуі де бар, дегенмен екіншісі басымдау», деп жылы лебізін білдіріпті.

Сонымен қатар Сырбай Мәуленов – қазақ лирикасын классикалық үлгіге жеткізген, бүкіл ақындық қуатын, талантын осы салаға арнаған біртуар тұлға. Ақын лирикасының сыры мен бояуы да өзгеше. Ғафу Қайырбековтің пікірінше, ол бар шығармашылық өмірінде лирика жанрының алуан түрлері мен мүмкіншіліктерін сынап, байқап, сараптап, лабораториялық қыруар жұмыс жүргізген. «Сырбайдың айрықша бір қасиеті өзінікін емес, өзгенің шебер жасаған өлеңдерін, мейлі, ол кім болса, ол болсын – орыс па, өзбек пе, әзербайжан ба, украин ба – бәрін де жадында ұстап, жаттап алып, үнемі айтып жүретіндігі. Бұл – өзге ақындарда мен көп байқамаған құбылыс», дейді Ғафекең. Ал әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаев сыршыл суреткердің лирикасын түрлі түспен құлпырып тұратын гауһар тасқа теңейді. «Қалай құлпырса да сол жаңа түс автордың қандай да бір тапқан, ашқан жаңалығының жемісі ретінде көрініс береді. Мысалы, «Беріктік» деген үш шумақ өлеңде лирикалық қаһарман өзіне сенген сырды қалай берік сақтағанын былай түйеді:

«Жоғалттым жастық жылдарды

Күз бұлты төніп сұрланды,

Бәрі де көзден ұрланды.

Айтпа деп өзің тапсырған

Көңілде со бір сыр қалды.

Қызғандым оны дауылдан,

Қызғандым оны ағыннан,

Қызғандым жастан, кәріден,

Қызғандым жұрттың бәрінен,

Өзіңнен шыққан сол сырды.

Келемін сақтап әлі мен».

Кім болғанымен, жастық жылдарды қолдан бермейді, жоғалтады, ұрлатады, опық жейді. Міне, осы бір табиғи жағдай тамаша поэзиялық тіл тапқан мына өлеңде», дей келіп: «Осы қасиет оқушы жүрегіне жеткізу үшін қаншама сұрапыл күштерден қызғанып қорғауы сырдың асылдығына, сақтаушының беріктігіне тәнті етеді. Бұл сезімді өткірлеп, қуат беріп тұрған әлгі мазмұнына сай алынған өлеңдік форма: бес жолдан тұратын шумақтың үшінші жолының бесінші жолымен ұйқасуы («ұрланды» мен «сыр қалды», «кәріден» мен «әлі мен»), сөз жоқ, өлең құрылысында Сырбай тапқан жаңалық. Осы үлгіде жазылған «Туған жерім, ыстықсың сен біртүрлі» деген өлеңі де Сырбайдың төгіліп тұрған поэ­зия маржанына жатады деп білемін», дейді академик.

Қазақ поэзиясы Екінші дүниежүзілік соғыстан соң жаңа тыныс алып, қайта түледі. Қанды қырғыннан аман-есен оралған Қасым, Хамит, Сырбай және т.б. майдангер ақындар өздері көрген соғыстың қасіретін буырқанып жазып, елдің еңсесін көтерді. Олардың шығармашылығында от кешкен ерен ұрпақтың өмірбаяны жыр болып төгілді. Сырағаңның өзі өмір мен өлім белдескен қаһарлы күндерді басынан өткізіп, майданнан жаралы болып оралса да соғыстың қасіретін өлеңмен өрді. Отансүйгіштік пен бейбітшілікті тебіреніп толғады. Осы тұрғыдан алғанда Сырбай Мәуленов орыс поэзиясындағы соғыс тақырыбында бірегей туындылар туғызған М.Луконин, С.Орлов, М.Львов, С.Наровчатов секілді ақындар­мен иықтасып тұрады.

Мысалы:

«Мың қолдар сау болсын деп,

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп,

Мен бір жолымды бердім»,

– деген жыр жолдарында қаншама ма­ғына сыйып тұр. Сондай-ақ «Соғыс­тан қайтқан солдаттар» атты өлеңін оқығанда көз алдыңызға қасіретті жылдар қабырғасын қаусатқан ата мен ананың, майданға аттанған көкесін іздеп, жанары жаутаңдаған жас баланың бейнесі көз алдыңызға келіп, жүрегіңізді мұң басады. Талантты тұлғаның осы тақы­рыпқа жазған «Құлын» атты өлеңін аузы дуалы әдебиет сыншылары мен қатарлас замандастары жоғары баға­лады. «Бұл өзі 17 жолдық қана өлең, өлең болғанда қандай өміршең, өрнекті, өткір сюжетті!

«Шашыраған көк жалыннан

бүркіп темір,

Орманның іші үрейлі.

Ал оттың ортасында

Шіркін өмір

Құлын боп кісінейді».

Жасарып, жаңаланып, жаңғырып жатқан дүние-тірлік философиясы осындай. «Өлеңнің жұртты нұрландырар сұлулығы, әсерлендірер әсемдігі» осындай. Сырбайдың «Құлыны» – қазақ поэзиясының қанатты тұлпарларының бірі. Ізденгіш ақынның ізгілік теңізінен терген інжулері осындай болып келеді», дейді белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев.

Шын мәнінде, Сырбай Мәуленов қазақ өлеңіне құбылыс әкелді. Оны түрлентіп, түрлі ізденістерге батыл барды. Және оны оқырмандар да жылы қабылдады. Ақынның сюжеттік жырлары да көркемдіктің үздік үлгілеріне айналды. Осы ізетті ізденістері кейінгі жас ақындарға үлгі болды. Әдебиет сыншысы Серік Қирабаев ақынның әйгілі «Ақ түн» өлеңін осы жолдағы ізденісінің басы деп пікірін білдірді.

«Онда суреттелетін Ленинградтың ақ түні ол үшін әлемнің аппақ нұрындай елестейді.

«Ақ түн –

Әлемнің аппақ нұры.

Ақ түн –

Қуады қуыстардан

Көлеңке,

Қараңғыны.

Ақ түн –

Жеткен талай жыл болдырып,

Аталардың ақ арманы

Ақ түнді – ақ арманды

Тұр қондырып:

Ленинград алаңдары,

Нева аралдары,

Кронштад қамалдары,

Смольный жалаулары».

Өлең тек түр жаңалығын қуып кетпейді, онда күшті мазмұн, рух бар. Ленинград алаңдары, Нева аралдары, Кронштад қамалдары, Смольный жалаулары» деген сөздерімен заманның озық идеясын да терең жеткізеді», дейді айтулы ғалым.

Ғафекеңнің сөзімен айтқанда, Сыр­бай Мәуленов шығармашылығы ішінде көз тартар мүлкі көп, жиһазы мол өнер сарайына ұқсайды. Ғажайып талант иесінің шығармашылығы сан қырлы. Оны шағын мақаламызда тауы­сып айту мүмкін емес. Сырағаңның аудармашылық шеберлігі де – үлкен мектеп. Орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасов, Т.Шевченко, В.Маяковский, А.Блок, С.Есенин, Н.Тихонов, М.Шолохов, Ә.Науаи және т.б. шығармаларын ана тілімізге шебер тәржімалап, әдебиетіміздің асыл қазынасын байытты.

* * *

Сырбай Мәуленовті жұртшылық сондай-ақ талантты публицист, белгілі журналист ретінде жақсы біледі. Ұлттық баспасөзіміздің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Соғыстан кейінгі жылдары Қостанай облыстық газетінде қызмет істегенде ел аралап, еңбек адамдарымен жүздесіп, олар жайында көлемді очерк­тер жазды. Әсіресе өткен ғасырдың елуінші жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болғанда ұлттық сананы оятуға зор ықпалын тигізді. Осы жылдары кеңестік саясаттың қылы­шынан қан тамып тұрғанына қарамастан ұлтқа қатысты мәселелерді батыл көтерді. Ол кезде ұлт туралы сөз айту қауіп­ті еді. Ақыры ардақты азаматқа ұлт­шылдық деген айып тағылып, қыз­метінен босатылды. «Жұлдыз» журналын басқарғанда әдебиетіміздің кеңі­рек өрістеуіне жол ашып, жастарға жана­шыр болды. Сырағаңның әзіл әңгіме­лерінің өзі аңызға айналып кеткен. Азамат­тық болмысын да замандастары жоғары бағалаған. Отбасылық өмірде де Күлжамал апамен ұзақ та баянды өмір сүрді.

Қабырғалы қаламгер Әбіш Кекіл­байұлы «Сыршылдық пен суреткерлік Сырбайы» атты мақаласында өз буы­нын бала күнінен Сырбайша оқуға, Сыр­байша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұм­ты­лып өскен ұрпақ екендігін айтыпты.

«Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының әдеби болмысында Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар десем, асыра айтқан болмаспын. Сырбай – тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзия­сын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел тұлға. Бұл тұрғыдан келгенде, Сырбай – қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі. Классик деген ұғым кез келген кісіге айтылуға тиіс емес. Кез келген дарынды, талантты адам классик бола алмайды. Тек қана өзі емес, бүкіл ұлттық әдеби болмысқа өзінің ізін, өнегесін тастаған адам ғана осындай атқа лайық болуға тиіс. Бұл реттен келсек, қазіргі қазақ поэзиясының көш басындағы сарбаздары Сырбайды да алдымен ауызға алады деп ойлаймын», депті. Асыл ақын туралы ақ жарылып жазған Әбіш ағамыздан асырып айта алмаймыз.

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің туғанына 100 жыл толады. Торғай төсінен қанаттанып ұшқан ақиық ақын қазақ поэзиясының көгінде еркін самғады. Жарты ғасырлық шығармашылық жолында әдебиет майданында өнімді еңбек етіп, мол мұра қалдырды. Қырыққа жуық жыр жинағы жарық көрді. Туған халқының құшағында бақытты ғұмыр кешті. Бір сөзбен айтқанда, ақынның өмірі де, өнері де, өлеңі де құбылыс дер едік.