Шаңырақтың шаттығы – нәрестенің тәтті үні. Солай бола тұрғанымен, жүктілікті жоспарлау мәселесіне келгенде оған бас қатырып, ой елегінен өткізіп жүрген отандастарымыз некен-саяқ. Ашық айтыла бермейтін аса нәзік мәселе десе де болады мұны. Неге? Себебі Жаратқанның ісіне жағаласудың қажеті не деп жазғыратындар да табылады. Алайда әрбір әйел заты өзіне, өзінен бұрын дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына қатысты жауапкершілік жүгін арқалайтынын да қаперден шығармаған абзал.
Маман кеңесіне мән берген жөн
Адамзат баласына әрбір асыл қасиет әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды. Дәл сол секілді, құрсаққа жан біткен сәттен бастап болашақ нәрестенің денсаулығы қалыптасады. Дені сау, аяқ-қолы балғадай әйел ғана өмірге он екі мүшесі бүтін, шекесі торсықтай ұрпақ әкеледі. Сондықтан жүктілікті жоспарлау, сол кезеңде әйел ағзасында болатын өзгерістер мен асқынулар, жиі кездесетін аурулардың алдын алу мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 емхананың акушер-гинекологі Данагүл Қарабаева да осылай деп отыр.
– Алдымен жүктілік алдындағы дайындыққа тоқталғым келеді. Болашақ ата-анаға берер ең бірінші және ең негізгі кеңесім – дүниеге бала әкелуді жоспарлау керек. Әр емханада жүктілікті жоспарлайтын кабинеттер бар. Онда акушер-гинеколог, терапевт мамандары отырады. Сол кабинетке келіп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған дұрыс. Мұнда жалпы қан, зәр талдамалары, ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жыныстық қатынаспен берілетін жұқпалы ауруларға қарсы тексерістен өтеді. Егер тұқым қуалайтын немесе отбасында қандай да бір хромосомды аурулармен ауыратын балалары болса, онда медико-генетикалық кеңеске жіберіледі, – деді Д.Қарабаева.
Оның айтуынша, осындай бірнеше тексеруден өткеннен кейін жүктілікке ешқандай қарсы көрсеткіш болмаса, жұпқа жүктілікті жоспарлай беруге болады деп рұқсат беріледі. Болашақ ана міндетті түрде өз денсаулығын 6 ай бұрын анықтап, емделуі керек. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін толтыруға тиіс. Тіпті осының барлығы орындалған жағдайда белгілі мерзім бойы фолий қышқылын қабылдау керек. Ол – ұрықтың туа бітті кемістіктерінің алдын алудың бірден-бір жолы.
– Ерлі-зайыптылар өмірге қанша бала әкелетіні, оны қай кезде әкелетініне дейін ойлануы шарт. Кейде ерлі-зайыптылар әр түрлі ауруға шалдығып жатады немесе материалдық жағдайдың төмендігі мәселесі туындайды. Мұның барлығы болашақ балаға әсер етуі мүмкін. Жүктілікті жоспарлағанға дейін вирустарға талдамалар тапсыру керек. Мұндай сараптамалардан жүктілікке дейін өткен дұрыс. Егер қандай да бір ақау анықталып жатса, оны емдеу үшін антибиотиктер қолданған жөн. Алайда жүктілік кезінде антибиотик қолдануға тыйым салынған. Сондықтан бұл инфекциялар жүкті әйелден анықталса, толық емдеуге мүмкіндік болмайды. Соның салдарынан бала дүниеге келгенде бойынан кемістік анықталуы мүмкін, – деді маман.
Отандық дәрігерлер жүктілікті ерте кезеңнен бастап есепке ала береді. Оның да өз критерийлері бар. Егер жүкті әйел 8-10 аптада келіп тіркелуге тұрса, тіпті жақсы. Себебі көп әйел өзінің жүкті екенін білген соң ғана емханаға тіркеуге тұрады. Осы уақытта бұл әйелдің экстрагенеталды аурулары, патологиясы болуы мүмкін. Сол себепті дәрігерлер болашақ ананы салалық мамандарға қаратып, консилиум құрады. Егер құрсақтағы бала әйелдің өміріне қауіп төндірсе, жүктілікті үзуге кеңес береді. Қысқасы, әйел емханаға қаншалықты ерте келсе, дүниеге дені сау ұрпақ әкелуге мүмкіндігі де соншалықты зор болмақ.
Скрининг сақтандырады
– Әйел тіркелуге ерте келгенде пренеталды скрининг жүргізіледі. Аталған скринингтің елімізде жасалып келе жатқанына 15 жылдай болды. Алдымен ультрадыбысты скрининг 11 апта мен 13 апта аралығында жүреді. Бұл зерттеу балада қандай да бір хромосомалық ақаулардың, туа бітті кемістіктердің бар-жоғын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Скринингтен кейін жүкті әйел қан тапсырады. Мұны биохимиялық скрининг деп атаймыз. Сол себепті жүкті әйелдер ертерек қамдануы керек. Мұның бәрі жүктіліктің жақсы өтуіне, дені сау баланы дүниеге әкелуге жол ашады. Кейбір жағдайда әйелдер дәрігер қабылдауына жүктіліктің 5-6 аптасында келіп жатады. Біз оларды да тіркеуге аламыз, – деді акушер-гинеколог.
Бүгінде еліміздегі әр емхананың бірінші қабатында тіркеуші регистраторлар отырады. Егер бұл әйелде жедел көмекті қажет ететін көрсеткіштер болмаса, яғни ешқандай шағымы болмаса, алдымен терапевке барады. Учаскелік дәрігер пациентті толық қарап шығып, қажет болған жағдайда анализ тапсыруға жолдама береді. Сондай-ақ медициналық сақтандырылу мәртебесін тексереді. Анамнез жинап, диагноз қойғаннан кейін, учаскелік дәрігерге бағыттайды. Ал жүкті әйел шағыммен келсе, бірден акушер гинекологке барады.
– Елімізде жүкті әйелге медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылуға тиіс деген шарт қойылмайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 15 жеңілдікті санаты бар. Соның қатарында «Жұмыссыз жүкті әйелдер» деген санат бар екенін айтқым келеді. Жүкті әйелдің сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда, қабылдап, анықтама береміз. Ол сол жерде кабинетте отырып, Qoldau24\7 қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Ізінше гинеколог оны жүкті әйелдердің регистрі жүйесіне енгізеді. 1-2 жұмыс күні ішінде әйелге «сақтандырылды» деген мәртебе беріледі. Атап өтерлігі, пациент «сақтандырылмаған» болса да, дәрігер қабылдауға міндетті. Кейбір әйелдер білместіктің салдарынан, «сақтандыру мәртебем жоқ, мені қабылдамайтын шығар» деп жүктілігінің соңғы апталарына дейін келмей жүріп қалады. Бұл дұрыс емес, – деді Д.Қарабаева.
Қазақстанда территориялық принцип деген ұғым бар. Бұл жүкті әйелдерге қолайлы болуы үшін жасалған. Болашақ ана тұрғылықты жері бойынша емхананы таңдаса, өзіне жеңіл. Екіншіден, жүктілік мерзімі ұлғайған сайын жүріп-тұру да қиындайды. Сол тұрғыдан алғанда үйге жақын емханаға тіркелудің пайдасы бар. Айталық, қызу көтеріліп немесе қандай да бір жағдай болса учаскелік дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге патронаж жұмысы да тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.
– Жүкті әйелдер тіркеуге тұрғаннан бастап медициналық қызметтің барлық түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асады. Яғни жұмыс істейтіндер жарна төлеп «сақтандырылған» болса, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер жеңілдік санатына кіру үшін тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақтылы есепке тұруға тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Оларға шамамен 2-3 күнде «сақтандырылған» мәртебесі беріліп, МӘМС пакетіне кіретін барлық медициналық қызмет түрі қолжетімді болады. Айта кету керек, жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді, – деді маман.
Оның айтуынша, жүктілік кезінде қандай да бір патология анықталып, салалық мамандардың көмегі қажет болған жағдайда емханада қажетті маман болмаса, терапевт әйелді басқа көпбейінді орталықтарға жолдамамен жібереді. Әр емхана қандай да бір мамандар болмаса, басқа емханалармен, ғылыми орталықтармен келісімшарт жасасады.
Күтінудің көмегі көп
– Жүктілік 3 триместрге бөлінеді. Бірінші триместр дегеніміз – жүктілік пайда болғаннан бастап 13 аптаға дейінгі кезең. Екінші триместр – 14 аптадан 27 аптаға дейінгі кезең. 28 аптадан баланы босанғанға дейін аралық жүктіліктің үшінші триместрі болып саналады. Жүкті әйел үшін үшеуі де маңызды. Десе де, ең маңыздысы алғашқы триместр дер едім. Себебі аталған кезеңде болашақ сәбидің барлық органдары қалыптаса бастайды, яғни эмбригенез процесі жүреді. Мысалы, жүрек-қан тамырлары мен орталық жүйке жүйесі алғашқы триместрде қалыптасады. Осы кезде жүкті әйел саламатты өмір салтын ұстанғаны абзал. Дұрыс тамақтанып, күтініп, өзін ауыр жүктемелерден аулақ ұстауға тиіс, – деді акушер-гинеколог.
Қатты ауырып тұрған жүкті әйел емханадағы дәрігер қабылдауына сол күні жазыла алмаған жағдайда емханаға емес, 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген жөн. Жедел жәрдем міндетті түрде келіп, көмек көрсетеді. Егер қандай да бір ауыр көрсеткіш байқалмаса, үй жағдайында қалдырады да міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша емханаға ақпарат жолдайды. Хабарламаны алған учаскелік дәрігер мекенжайға өзі барады. Егер жоспарлы көмек көрсету қажет болса, алдын ала жазылу керек. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда, жазылмай-ақ келе беруге болады. Жүкті әйел шұғыл келген жағдайда дәрігер міндетті түрде қабылдауға тиіс.
– Жасанды жолмен бала көтерген әйелдердің тексерілуінде, талдамалар тапсыруында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Егер емханаға ЭКО әдісімен жүкті болған әйел келсе, бізде екінші бақылау кезеңі деген бар. Жоғары деңгейдегі бақылау кабинеттеріне жолдама береміз. Бұрын перинаталдық орталық десек, қазір көпбейінді ауруханалар дейміз. Сонда осындай жолмен жүкті болған әйелдерді қарап, жүктілігін жүргізетін арнайы мамандандырылған акушер-гинекологтер отыратын бөлімше бар. Егер қандай да бір ауытқулар мен шағымдар болмаса, физиологиялық жағдайда жүкті болған жандарды тексеруден айырмашылық жоқ, – деді маман.
Әйелдер жүктілікті жоспарламас бұрын немесе жүктіліктің алғашқы триместрінде міндетті түрде фолий қышқылын қабылдау керек. Әр адамның ағзасы биохимиялық реакцияларға толы. Ұрықтың даму жүйке жүйесінің түтікшесі деген болады. Ол өсе келе баланың миы мен омыртқа жұлынына айналады. Фолий қышқылының жетіспеушілігінен аталған ұрық түтікшесінің дефектісі туындауы немесе жүктілік әрі қарай дамымауы мүмкін. Дамығанның өзінде бұл баланың миында ақаулар болады. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған жұп үш ай бұрын, тек қана әйел емес, жолдасы да күн сайын қабылдауы керек. Ал жоспарламай, жүкті болған әйелдің 12 аптаға дейін ішуге уақыты бар, – деді дәрігер.
Д.Қарабаеваның айтуынша, елімізде көп тараған патологиялардың бірі – темір жетіспеушілігі анемиясы. Жүктілікті жоспарлаған кезде бұл препаратты профилактикалық доза ретінде қабылдау керек. Салмағы аз болып туатын балалардың басым бөлігі темір жетіспеушілігі анемиясымен дүниеге келеді. Сонымен қатар босанғаннан кейін көп қан кету, сепсис қаупі бар. Бір қарағанда көпшілік үшін темір жетіспеушілігі анемиясы жай нәрсе болып көрінеді. Ал оның салдары өкінішке қарай, орны толмас қайғыға алып келуі мүмкін.