2 мамырда Астанада Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мәжілісі өз жұмысын бастайды.
Осыған орай 30 сәуірде елордада Азия даму банкінің (АДБ) президенті Такахико Накаоның және АДБ мәжілісінің төрағасы – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен 47 ағаш отырғызылған жаңа аллея ашылады. Сонымен бірге Азия даму банкі жұмысының басым бағыттарының бірі экологияны сақтау болғандықтан, жиын болатын Тәуелсіздік сарайында қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жәшіктер қою, форумға қатысушыларды экологиялық таза сөмкелермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, отандық тауар өндірушілер өнімдері мен қазақ мәдениеті мен өнерінің көрмесін ұйымдастыру жоспарланған.
Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісі – «Азияны ауыспалы әлемде біріктіретін жаңа жібек жолдары» деп аталады. Қазірдің өзінде Қазақстанда Жібек жолын жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуда. Бас кеңсесі Манила (Филиппин) қаласында орналасқан Азия даму банкінің мақсаты аймақтық интеграция және түгел қамтитын экономикалық әрі экологиялық тұрақты өсім арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағында кедейшілік деңгейін қысқарту болып табылады. Аталған ұйым 1966 жылы құрылды, 67 мүше-мемлекеттер оның акционері саналады. Қазақстан ұйымға 1994 жылдан бері мүше.
Бүгінгі күні көлік, энергетика салаларын, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, жекеменшік секторды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық жолға қойылған. Қазіргі кезде Қазақстан техникалық қайтарымсыз көмек алушы емес, керісінше, дамушы елдерге жәрдемдесу бойынша АДБ әріптесі болуға ниетті. Айталық, 2013 жылы АДБ Қазақстанмен ынтымақтастық аясында Азия даму қорына донорлық көмек ретінде 5 миллион доллар қаржы бөлген.
«Егемен-ақпарат».