Мәдениет және спорт министрлігі шығармашыл жандарға арналған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына байқау жариялады. Жаңа әдеби сыйлықтың таныстырылымы ел астанасында өтіп, оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлттық әдеби сыйлық жеті аталым бойынша беріледі. Атап айтсақ, «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Кітаптың үздік дизайны». Байқау жүлдегерлеріне 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық табысталады. Сондай-ақ жеңімпаз авторлардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.
Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев бұл жобаның міндеті әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.
«Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс. Қысқа болғанымен елдің есінде қалып, жұртшылықтың аузынан түспейтіндей туынды жазса, бәйге соған бұйырады», деді министр.
Сондай-ақ ол жаңа жобаның отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірі ғана екенін де айтты.
«Ел Президенті белгілеп бергендей, біздің түпкі мақсатымыз – оқитын ұлт қалыптастыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және табиғи қабілетін шыңдауға арналған «Әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», деді Д.Абаев.
Айта кетейік, биыл бастау алатын «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша бұрын еш жерде жарық көрмеген жас авторлардың туындылары іріктеліп, 3 мың тиражбен басылып шығарылады.
Министрдің айтуынша, келер жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындауды көздеп отыр.
«Айбоз» әдеби сыйлығы тың туындылардың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуропада болсын, Американы алайық, дамыған елдердің көбінде көркем шығарма айрықша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушыларымыздың ой еңбектеріне қаламақы жақсы төленді. Жалпы, шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлттық әдебиетке салынған бүгінгі инвестиция – ертеңгі болашақ кепілі», деп атап өтті министр.
Сондай-ақ алқалы жиында тағы бір тың жоба – danabala.kz порталы іске қосылатыны да айтылды. Бұл порталда балаларға арналған шығармалар жарияланады.
Айта кетейік, әдеби сыйлыққа отандық қаламгерлер қатыса алады. Ұсынылатын еңбектер 15 маусымнан бастап 1 қазанға дейін қабылданады. Ал әдеби сыйлық жыл соңында тапсырылады.