• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Маусым, 2022

Энергия үнемдеу туралы заң жобасы Мәжіліске қайтарылды

615 рет
көрсетілді

Сенат «Қазақстан Республикасына кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Заң жобасымен бес бағыт бойынша міндеттерді жүзеге асыру қарастырылады. Бұл бағыттар: Экономика секторларының энергия тиімділігін арттыру және жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету, электр станцияларында газ қондырғыларын салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру, Алматы қаласын дамыту шеңберінде қоғамдық қатынастарды реттеуді жетілдіру, дәстүрлі емес көмірсутектерді өндіруді дамыту, сондай-ақ шекара бөлімшелері мен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін салу жөніндегі мәселелерді шешу болып табылады. Аталған заң жобасы жұмыс тобының отырыстарында, тұрақты комитеттерде, комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланып қаралды», деді Сенат депутаты Ерік Сұлтанов бүгінгі жалпы отырыста.

Оның айтуынша, заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізді. «Оның ішінде жылжымайтын мүлікті рәсімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның қызметі мен құзыреті бойынша нормаларды нақтылау («Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына түзетулер).

Көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімдерін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына түзетулер).

ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту және оның негізгі өкілеттіктерін айқындау, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының академигі ұғымын бекіту және зейнет жасына жеткен кезде оған өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгілеуді енгізу құқығын беретін нормалар қарастырылған («Ғылым туралы» ҚР Заңына түзетулер)», деді Е. Сұлтанов.

Барлық ескертпелер мен ұсыныстар салыстырмалы кестеге енгізілген және жинақталған.

«Баяндалғанды ескере келе, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісіне жіберуді ұсынады», деді Е. Сұлтанов.

Депутаттардың дауыс беру нәтижесінде заң жобасына Сенат енгізген 6 түзету Мәжіліске қайта жіберілді.