• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Маусым, 2022

Салықтың салмағы

285 рет
көрсетілді

Алматы қаласының кәсіпкерлері дивидендтер бойынша орта және ірі бизнеске арналған жеңілдіктерді алып тастауға қарсы болып отыр. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында Салық кодексіне дивидендтерді салық салудан босату жөніндегі жеңілдіктердің күшін жоятын түзету енгізуге қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

БАҚ өкілдеріне мәселенің мәнісі туралы Алматы қаласы кәсіп­керлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңір­лік кеңесінің төрағасы Максим Ба­рышев, Өңірлік кеңес мүшесі, «Фир­ма «Тигрохауд» ЖШС бас директоры Жанар Құрабаева, «Қазақ­стан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аман­баев, Sayat Zholshy&Partners адвокат кеңсесінің серіктесі Елена Тюрейкина баяндап, сұрақтарға жауап берді.

«Алматы кәсіпкерлері Салық кодексіне дивидендтерді салық салудан босату жеңілдіктерін жоя­тын жаңа түзетулердің еңгізілуіне алаңдап отыр. Кәсіпкерлер бұл норма бизнеске екі есе салық пен салмақ салып, инвестициялардың тиімділігі мен Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетеді деп есептейді», деген уәжбен бастады А.Қошмамбетов баспасөз мәслихатын.

Кәсіпкерлерді қобалжытып отырған жайт неден туындады десек, 8 маусымда Парламент Мәжі­лісі отырысында екінші оқылымда, шұғыл заң жобасы аясында Салық кодексіне түзе­тулер қабылданған еді. Бұл түзе­тулер шағын және орта бизнес субъектілері үшін дивидендтерді салық салудан босату түріндегі же­ңілдіктерді алып тастауды көз­дейді. Осылайша, 2023 жылдан бастап резидент еместер мен жеке тұлғаларға төленетін дивидендтер (егер дивидендтер сомасы 30 мың АЕК-тен асатын болса) бойынша жеңілдіктер алынып тасталады.

Ұлттық палата мамандары Са­лық кодексіне енгізілген түзе­тулерге қатысты пікір білдіріп, түзетулер қа­былдануы отандық шағын және орта бизнеске теріс әсер етуі мүмкін екенін және енгізуге неғұрлым жүйе­лі қарау қажеттігін атап өтті.

«Дивидендтерге салынатын салық қазір мынадай тәртіпте тө­ленеді – егер кәсіпкер компанияны 3 жылдан аз уақыт иеленсе, онда дивидендтер алған кезде ол 5% төлейді, егер компаниясына 3 жылдан астам уақыт болса, дивидендтерге салық салынбайды. Қазір дивидендтерге 10% мөлшерлеме белгілеу ұсынылды. Егер біз жаңа Қазақстанның қарқынды дамуын қаласақ, онда қосымша салықтар енгізетін түзетулердің күшін жойы­п, түсінікті Салық кодексін жасап, кодекске кем дегенде 3 жыл­ға өзгерістер енгізуді тоқтату қа­жет», дейді М.Барышев.

Спикер қазіргі кезде еңбекақыға 6 түрлі салық салынатынын еске сала келе еңбекақыға салынатын барлық салықты біріктіріп, бірыңғай салық мөлшерлемесін 20%-дан аспайтын етіп жасауды ұсынды. Мұндай мөлшерлеме еңбекақы қоры үшін оңтайлы екенін әлемдік тәжірибе көрсетті.

«Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев бұл салық кәсіпкерлерге айтарлықтай зиян тигізеді деп есептейді.

«Себебі бұл норма кәсіпкер өзі тапқан таза пайдаға қосымша салық болып отыр. Корпоративті табыс салығын төлеуіміз жеткі­лікті болуы керек қой. Ал бұл нор­мада екінші қосымша салық салын­бақ. Бұл қосымша жүктеме бекі­тілсе, онда кәсіпкер табысты жасыру жолын іздей бастайды, көлеңкеге қашады. Бұл норма кәсіп­керліктің дамуына кедергі, мем­лекеттік саясатқа қайшы», деді С.Аманбаев.

«Фирма «Тигрохауд» ЖШС бас директоры Жанар Құралбаева Салық кодексіне ұсынылып отыр­ған өзгерістер тағы бір тармаққа тиесілі екендігін алға тарта отырып, бұл норма қолданыстағы нормалармен салыстырғанда ШОБ субъектілері үшін қолайсыз екенін, егер қазір ШОБ субъектісі үш жыл бұрын сатып алынған жабдықты сатса, оған ҚҚС төлемеуі керегін жеткізді. Ұсынылып отырған норманы енгізу кезінде төртінші жылға кәсіпкер қосылған құнға салық төлеуге тиіс болады.

Мәселен, қазіргі таңда кәсіпкер өз басқаруындағы компанияға үш жылдан астам уақыт жетекшілік етсе, жекелеген шарттар орындалса, онда дивидендтерге салық салынбайды. Компания табысына 20% көлемінде корпоративті табыс салығы салынады. Құрылтайшы-кәсіпкер өз табысын дивидендтер арқылы алады.

«Егер заң жобасы осы қал­пында мақұлданса, онда дивидендтер бойынша салық жеңілдігі жеке тұлғалардың едәуір аз тобы үшін жеңілдік ретінде өзгертілетін болады. Дивидендтер жеке тұлғалардың салық салуға жататын кірістерінен айлық есептік көрсеткіштің 30 мың еселенген мөлшері (шамамен 96 млн теңге) шегінде ғана алып тасталады. Қалған бөлігінде дивидендтер жалпы табыс салығы мөлшерлемесі бойынша салық салынатын болады, ол 5%-дан 10%-ға дейін ұлғайтылады», дейді Елена Тюрейкина.

Спикердің пікіріне қарағанда, мұндай өзгерістер жеке тұлғалар­дың жұмысына кедергі келтіреді, өйткені олардың табысына түсетін салық ауыртпалығы артады.

«Салық кодексіне осындай маңызды және әлеуметтік ші­кәм­шіл өзгерістерді ұсынған баста­машылар осы өзгерістің тиім­ділігіне қатысты ешқандай сенім­ді дәлел келтірмейді. Ешкім тіпті осы өзгерістердің салдарына еш­қандай талдау жасамаған сияқ­ты. Керісінше, жалғыз мақсат – бюд­жетті толтыру көзделгені бай­қалады», деді Е.Тюрейкина.

Қорыта айтқанда, Алматы кәсіп­керлері дивидендтерге салық салу бойынша қолданыстағы жеңілдіктердің күшін жою негізсіз екенін және инвестициялардың кетуіне әкеледі деп санайды. Биз­нес өкілдері Парламент Сенаты осы түзетулерге қатысты көптеген қарсылыққа назар аударып, дивидендтер бойынша қолданыстағы жеңілдіктердің күшін жоюға жол бермейді деп үміттенеді.

 

АЛМАТЫ