• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Маусым, 2022

Қиын кеселге – күрделі операция

663 рет
көрсетілді

Инновациялық технологиялардың дамуына қарай медицина саласы да заманға сай бейімделіп келеді. Осыдан бес-он жыл бұрын шетелде немесе Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда жасалатын күрделі операциялар Шығыс Қазақстан облысында да жасалып жатыр. Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласында ілкімді істер бар. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуден бірқатар шеберлік сағаты өтті.

Қазіргі таңда Шығыста жоғары техно­логиялық медициналық көмектің 27 түрі көрсетіледі. Биыл соңғы бес ай­да ғана аталған технология әді­сімен 170 операция жасалған. Жоғары техно­логиялық меди­циналық көмек деп отыр­ғанымыз, кеспей-тілмей ота жасау. Бұл әдістің бір тиімділігі – нау­қастар үшін аса қауіпті емес. Дәрі­герлердің де қолы ұзарған. Мә­се­лен, жуықта ғана Ана мен бала орта­лығында урологиялық аурулар анық­талған бір жас­тан он бір жасқа дейінгі 11 балаға заманауи әдіспен операциялар жасалды. Ол үшін «UMC» корпоративтік қорының «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ балалар урология бөлімшесінің меңгерушісі, бала­лар уролог-андрологі, медицина ғылымдарының кандидаты Ардақ Айна­құлов Өскемендегі әріптестеріне практика жүзінде шеберлік сағаттарын өткізді.

– Урологиялық аурулардың біріне операция жасадық. Ауыз қуысының шы­рышты қабатын қолдана отырып, уретраның жетіспейтін бөлігіне операция арқылы жал­ғанады. Бұл операциялар шеберлік сыныбында жас дәрігерлерге көрсетілді, – дейді А.Айнақұлов.

Сондай-ақ білікті дәрігер шеберлік сағатында қуыққа түскен тастарды бөл­шек­­тейтін бірегей аппарат Auriga XL кө­мегімен несеп-тас ауруы бар балаларды емдеуді үйретті. АҚШ шығаратын бұл лазерлік литотриптор Ана мен бала ор­та­­­лығында ғана бар. Демек хирургия­сыз қуықтағы тастарды ұсақтауға бола­ды.

Жоғары технологиялық медици­налық көмектің дамығаны сондай, ми­дағы ісікті де кеспей-ақ алып тастауға болады екен. Шығысқазақстандық дәрі­герлер оны да меңгере бастады.

– Жүйелі түрде өткізіліп тұратын шеберлік сабақтарының нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеттік. Бұрын мида­ғы ісікті алу үшін бас сүйекті кесуге тура келе­тін. Қазір мұрын қуысы ар­қылы ісікті алып тастай аламыз. Бұдан бы­лай жоға­ры технологиялық көмектің бұл түрі біз­дің өңір тұрғындары үшін қолжетімді болады, – дейді облыстық маман­данды­рылған медициналық орта­лықтың инно­вациялық медицина меңгерушісі Жандос Уап.

Айта кетсек, медицина қызметкер­лері күні қарсаңында мұндай операция Шығыс Қазақстанда алғаш рет өтті. Ней­рохирургтердің пікірінше, ең қиын, ең күрделі операция осы екен. Шы­ғысқазақстандық хирургтердің ше­бер­­ліктерін шыңдау үшін Өскеменге Нұр-Сұлтан қаласының «Ұлттық нейрохирургия орталығының» трансназальды эндоскопиялық нейрохирургия бөлімінің нейрохирург-дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Телтаев келген. Екікүндік шеберлік сыныптарында мұрын ар­қылы ми ісігін алып тастаудың бірқатар операциясы жүргізілді.

Операцияға алынған төрт науқас та облыс тұрғындары. Олар бірнеше жыл бойы көру қабілеттерінің нашарлауына шағымданған. Окулистер де тексере келе мида ісіктің барын айтқан. Оны МРТ тексерулері де растаған екен. Білікті дәрігерлердің айтуынша, сәл кешік­се, көздері мүлдем көрмей қалуы мүмкін еді.

– Бас-сүйекті жарақаттамай мұрын қуысы арқылы ісікті кесіп аламыз. Бұған Өскемендегі нейрохирургтердің қабі­леттері жеткілікті. Егер, операция сәтті аяқталса, пациенттердің көру қабілеті қалпына келеді, – деп атап өтті нейрохирург дәрігер Данияр Телтаев.

Жыл соңына қарай жоғары техноло­гиялық медициналық көмектің тағы 14 түрі енгізілмек. Бұл үшін онкология орта­лығына, облыстық ауруханаға, Ана мен бала орталығына қосымша жаңа медициналық құрылғылар сатып алынады. Ал заманауи құрылғылардың тілін түсіну үшін 19 дәрігер Израильде біліктіліктерін көтеріп келмек.

 

Шығыс Қазақстан облысы