• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Маусым, 2022

Белсенді жастардың басқосуы

373 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында шаһардың белсенді жастарымен кездесті. Алмалы аудандық Жастар ресурстық орталығында өткен шараға студенттер мен волонтерлер қатысты.

Ел жастарының ең ауқымды бөлігі шоғырланған мегаполистің барлық 8 ауданында да жастар ресурстық орта­лықтары жұмыс істейді. Жастарды жұмыспен қамту, елдің саяси-мәдени өмі­ріне, қоғамдық жұмыстарға бейімдеу мақсатында құрылған жобаға мыңдаған азамат тартылған. Қаланың 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген тұрғыны өзінің тұрғылықты мекен-жайына жақын аумақта орналасқан жастар орталығына барып, түрлі үйірмелерге тегін қатысып, бағыт-бағдар алу мүмкіндігіне ие. Тап осы жазғы демалыс маусымында екі мыңға тарта жас «Жасыл ел» бағдарламасына қатысуға ынта білдірген.

Ертеңінен үміт күткен ел ең алдымен, қоғамдағы жастар мәселесіне көңіл бөлетінін айтқан вице-министр, Қазақ­стандағы жастар саясаты қоғамның ізгіленуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл тұрғыда жас­тарды жалаң ұраншылдыққа емес, нақты істерге баулудың маңызы зор. Себебі бүгінгі жастардың ой-өрісі, саяси танымы, прогреске ұмтылуы мен көзқарасы мүлде бөлек. Олар пікірін ашық айтуға бейімделген. Заман ағымына сай жан-жақтылық та оларға тән. Сондықтан Жаңа Қазақстанда жастар саясаты жас­тарды саяси құрал ретінде емес, олардың негізгі мәселелерін шешуге бейімделуі керек. Мемлекет жастардың саяси са­уатты болуына мүдделі. Еркін формат­та өрбіген басқосуда осы мәселелер кеңі­нен талқыланды.

 – Біздің сіздермен ашық әңгіме құру­дағы мақсатымыз жастар ресурстық орталықтарының жұмысымен танысу әрі ондағы кемшіліктерді реттеу. Жас­тардың белгілі бір мақсатқа жетуі жолында бірігуі мемлекеттің болашағын айқындайды. Демократиялық мемлекетте жастар еркін ойлы һәм саяси са­уатты болуға тиіс. Мемлекет өміріндегі кез келген оқиға олардың өмірінен тыс қалмауы керек. Жастарға жағдай жасау, оларды дұрыс арнаға салып жол көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жастарды елдің рухани-мәдени өміріне нақты үлес қосу­ға шақырамын. Білімді ұрпақ – елдің болашағы, – деді А. Данилов.

Қаладағы ресурстық орталықтардың есігі жастар үшін айқара ашық. Өткен жылдың өзінде жүздеген жас орталықтың көмегімен жұмысқа орналасуға жолдама алған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жас­тарды қанаттандырып, оларды оңтайына келетін кәсіпке баулуға мол мүмкіндік қарастырылған.

«Қаламыздағы жастар ресурстық орталықтары өскелең ұрпақтың әлеу­меттік және тұлғалық дамуына жәрдем­десетін әрі жастар ұйымдарының қыз­ме­тіне қолдау көрсететін бірден-бір орын. Мұнда жастарды жұмысқа тұруға да­йын­­дауға, цифрлы сауатын арттыруға, инно­вациялық және кәсіпкерлік білі­мін жан­дандыруға жәрдемдесеміз. Одан бөлек жастарға пасихологиялық, кон­суль­тативтік және заңдық тұрғы­дан тегін көмек көрсетіледі. Түрлі фор­мат­та пікірталастар ұйымдастырып, көш­басшы жастарды өзін өзі басқару ұйым­дарына тартамыз. Ең бастысы, мем­лекеттік бағдарламамен тұрғын үй алуға, ғылыми-зерттеу бағытындағы жұ­мы­сын жандандыруға қолдау таныта­мыз. Алматы қаласының жастары өте бел­сенді», дейді Алматы қалалық жастар ресурс­тық орталығының жетекшісі Алма Құрманқызы.

Барлық саланың тіршілігін тұралатқан пандемия кезінде алматылық еріктілер қауымы қала халқына айрықша қолдау көрсетті. Жұдырықтай жұмылған жастар егде жастағы тұрғындарға ас-су әзірлеп, жұртшылықты карантин талап­тарын сақтауға шақырды. Тіпті қала қақпаларына қойылған өткізу бекет­терінде қауіпсіздік құрылымының қыз­меткерлерімен бірге сапта тұрды.

 «Волонтерлік – әрбір азаматтың міндеті. Көпшілік волонтерлікті тегін қызмет көрсету немесе біреуге жәр­демдесу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Се­бебі айналамызда көмекке мұқтаж адам­дар көп. Әңгіме тек материалдық көмекке тірелмейді, жай ғана жылы сөз айтып мұңайғанға рухани жәрдем жасаудың өзі нағыз волонтерлік. Әрі үлкен сауапты іс. Әр азамат тұрып жатқан жерінің тазалығын сақтап, қоғамның бірлігін нығайтуға сөзімен де, ісімен үлес қосуы керек. Мәселен, жердегі қо­қысты көтергеннен азаматтардың арлан­бағаны дұрыс. Сайып келгенде бұл қоғамның ізгіленуіне қосылған үлес. Сондықтан волонтерлер деп жауапкер-шілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз жұмыла атқаратын шаруа», дейді белсенді жас Аружан Асылбек.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты этно-мәдени бірлестіктердің сан салада жетістікке жеткен белсенді жастары ведомство басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.

 

АЛМАТЫ