Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның геоғылымдар мен геопарктер жөніндегі Халықаралық бағдарламасының 50 жылдығына арналған «Жібек жолына миллиондаған жылдар» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиында шетелдік ғалымдар геология саласындағы бірқатар маңызды мәселені, соның ішінде бірегей ландшафттарды және табиғаттың геологиялық ескерткіштерін, Орталық Азияның геологиялық мұра объектілерін сақтау тақырыптарын талқылады.
Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Германия, Франция мен Қытайдың белгілі ғалымдары қатысты.
Айта кетейік, ЮНЕСКО-ның маңызды жобаларының бірі – жаһандық геопарк құру. Аталған ұйым бұл мәселе бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал геопарктер – халықаралық геологиялық маңызы бар объектілері мен ландшафты бар географиялық аймақтар. Өңірдің табиғи һәм мәдени мұрасын сақтау, жергілікті өзіндік болмысын нығайту және тұрақты туризмді ілгерілету геопарктердің негізгі мақсаттарының біріне жатады. Бүгінде геопарктер өңірлерді дамытудың, жергілікті қоғамдастықтарды қолдаудың жаңа үрдісі саналады.
Жиын барысында ЮНЕСКО кластерлік кеңсесі жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Кристиэ Товмасян: «Конференция қорытындысы бай табиғи мұраны, геологиялық секцияларды, қазба фаунасы мен флораны сақтауға септігін тигізетініне сенімдіміз. Осы іс-шараның қорытындысында біз ғылымды, білімді және тұрақты геотуризмді дамыту үшін бірегей геологиялық ландшафттарды сақтаудың маңыздылығын және геопарктерді құру тәжірибесін көрсеткіміз келеді», деді.
Оның айтуынша, қазіргі кезеңде халықтың хабардарлығын арттырып, оларды геологиялық мұраны сақтауға тарту маңызды болып отыр.
Сондай-ақ ғалымдар өз баяндамаларында геоғылым, геологиялық ескерткіштер мен геотуризмді зерттеудегі еңбектері мен тәжірибелерін ортаға салды. Одан бөлек геологиялық мұраны бағалау және пайдалану әдістері, осы саладағы білім берудің даму перспективалары туралы әңгімелеп берді.
Бүгінде Орталық Азияда әлі де геопарктер жоқ. Десек те мұндай алғашқы табиғи аймақ «Алтын Емел» ұлттық саябағының аумағы ғана емес, сонымен қатар ландшафт аймақтарының алуан түрлілігімен, бірегей флорасы мен фаунасымен танымал болуы мүмкін.
Конференцияны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Кластерлік кеңсесі Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның Ұлттық геопарктер комитетімен, Тянь-Шань геологиялық қоғамымен, QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев ЮНЕСКО-ның Қазақстанның мәдениетін, білімін және ғылымын дамытуға және сақтауға қосқан зор үлесін атап өтті.
«ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимыл елімізге осы бағыттар бойынша гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік берді. Осылайша, Кластерлік бюроның жұмысының нәтижесінде бірнеше қазақстандық қорық пен ұлттық парк Дүниежүзілік биосфералық резерваттардың желісіне енді. QazaqGeography қолдауымен 2017 жылы «Алтын Емел» МҰТП ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық қорықтар желісіне қабылданды», деді Орман Нұрбаев.
Конференцияның екінші бөлігі геологиялық парк аумағына жоспарланған далалық сапарға арналды. Оған қатысушылар орналасқан жердің ландшафтық ерекшеліктерін және оның ғылыми, туристік және мәдени әлеуетін зерттейді.