Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылына барар жолда әр күні түрлі іс-шара өтетін этнопарк ашылды. Этнопаркті кәсіпкер Гүлжан Қозекешева Nurly tal деп атаған. Оны ашу жөніндегі идея бес жыл бұрын туындапты.
Әкімдік этносаябақ үшін 2 гектар жер телімін бөлген. Жобаның құны – 280 млн теңге. Көне ғасырлар күмбірінен сыр шерткендей сәулеті бар этнопаркке келушілер қолөнер бұйымдарын тамашалай алады. Алтыбақанда тербеліп, ұлттық тағамдар ұсынатын «Үйшік» мейрамханасынан дәм татады. Балаларға арналған «Қарауылтөбе» ойын алаңы бар. Ал «Махаббат алаңында» жас жұбайлар үшін ұлттық салт-дәстүрді көрсететін жоралғылар ұйымдастырылады.
– Біз күн сайын әртүрлі іс-шара өткіземіз. Мәселен, сейсенбіні қоршаған ортаны қорғауға арнауды көздедік. Бұл күнгі өтетін іс-шаралар табиғаттың тазалығын сақтауға бағытталады. Сәрсенбідегі бағдарламаның барлығы балаларға арналады. Бейсенбіде отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтеді. Жұма күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін конкурстар, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Сенбі – отбасылық күн, жексенбі – жастар күні, – дейді Гүлжан Қозекешева.
Оның айтуынша, этнопаркте жергілікті қолөнершілерге өз тауарын сатуға орын берілмек. Сондай-ақ төрт түлік көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өз кәсібін жаңадан бастағандар мен жас қолөнершілерге қолдау көрсетеміз. Олар этносаябақта өтетін жәрмеңкелерге қатыса алады, – дейді этнопарк директоры.
Атырау облысы