• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Айтыскерлер әлемі

726 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Білім және ғылым минис­тр­лі­гінің филология ғылымы бағытын­дағы әдебиеттану мен фольклортану саласы бойынша «Қазіргі айтыстың интеграциялық сипаты» тақырыбын­дағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жобасының аясында шығарылған «Айтыстану» ғылыми еңбектер жина­ғының, сондай-ақ, белгілі айтыскер-ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайдың «Ақын-жыраулар поэзиясы» (XV-XVIII ғ.ғ.), «Аманжол-Сара» атты кітаптары мен ақын Серікзат Дүйсенғазының «Қара­шы­ғымда көшкен бұлт» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жоғары оқу орындарының студенттеріне, магис­транттарына, докторанттарына, әдебиетші-ғалым­­дар мен жалпы әдебиет оқырмандарына арнал­ған «Айтыстану» жинағына әдебиеттанушы ғалым­дардың әр кезеңдердегі айтыс өнерін зерттеуге бағыш­талған еңбектері топтастырылыпты. «Айтыс өнері­нің зерттелу тарихы» мен «Қазіргі айтыстың көкей­кесті мәселелері» атты бөлімнен тұратын кітапқа айтыстанудың арнасын қалыптастырып берген М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин сынды көрнекті ғалымдарымыздың құнды мұраларынан бастап тәуелсіздік жылдарындағы қайта жаңғырған өнердің жаңаша сипаттарын, даму үрдістерін қарастырған әдебиет зерттеушілерінің мақалалары енгізілген. Баспаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесі шешімімен ұсынылып, жарық көрген Аманжол Әлтайдың «Ақын-жыраулар поэзиясы» атты оқулық кітабы жоғары оқу орын­да­рының қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының студенттеріне арналыпты. Оқу­лықта хандық дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму сипаты тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдайлармен сабақтастырыла қарастырылып, аталмыш дәуірде ұлттық поэзияның өркендеуінде маңызды рөл атқарған жыраулар мен ақындардың шығармашылық ерекшеліктері көркем мәтіндер негізінде талданған. Айтыс сүйер қауымға арналған «Аманжол-Сара» атты жинаққа қазақтың қасиетті де бекзат өнері айтыстың алаш таныған айтулы қос дүлдүлі Аманжол Әлтай мен Сара Тоқтамысованың бірнеше айтысы сұрыпталып, топтастырылыпты. Сондай-ақ, мұнда белгілі ғалым-қаламгерлер мен өнер зерттеушілерінің сол жыр додалары туралы әркезде жарық көрген талдау-сараптама жазбалары да қоса беріліпті. Белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазының «Қарашығымда көшкен бұлт» атты тұңғыш өлеңдер жинағына өмір, өнеге, адамгершілік, туған ел, махаббат, адамның ішкі жан дүниесінің сезім-сырлары мен табиғат құбылыстарын арқау еткен өлең топтамалары, Алла есімін, пайғамбарларды ұлықтаған мадақ жырлар, діни төрттағандар енген. Басқосу барысында көрнекті ғалымдар Мырза­тай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов пен белгілі қаламгерлер Сұлтан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Несіп Жүнісбайұлы сөз сөйлеп, айтыс өнерінің қалыптасу баспалдақтарына талдау жасап, кеңес заманындағы идеология саласындағы азаматтардың еңбегіне тоқталды және сол кездегі айтыс өнерінің қайта жандануын ризашылықпен атап өтті. Сондай-ақ, бұл өнердегі жыраулықтың ерекшелігі, айтыс өнерінің мән-маңызы, қалың көпшілікке ұсынылып отырылған кітаптар жөнінде де салиқалы пікірлер білдірілді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан». –––––––––––––– Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.