• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2022

Алматы әуежайынан 528 млн теңгені қолма-қол алып өтпек болғандар ұсталды

263 рет
көрсетілді

Алматы қаласының кеденшілері 528 млн теңгені заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлерімен осы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 551 және 545-баптары бойынша 103 әкімшілік материал толтырылған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар 13 факт анықталған.

Анықталған немесе декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты. Осы бұзушылықтар бойынша салынған айыппұл сомасы 3,2 млн теңгені құрады.

Осылайша, қаңтарда «Алматы-Абу-Даби» бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында Қазақстан азаматшасы тоқтатылды. Онда 57 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаты табылды.

Ақпанда «Алматы-Ыстанбұл» қатынасындағы әуе рейсіне кедендік бақылауды жүзеге асырғаннан кейін 97 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаты табылған ел азаматшасы тоқтатылды. Материал Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Азаматшаға ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (экономикалық контрабанда).

Мамырда «Сеул-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында ҚР азаматшасы тоқтатылды, онда 12 000 АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша қаражаты табылды.

Маусым айының басында ұшып келу залында «Дубай-Алматы» әуе рейсін кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде ҚР азаматы тоқтатылды, онда жеке тексеру барысында 23 200 АҚШ доллары анықталды. Азаматша әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынған.