• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Видео 17 Маусым, 2022

Мердігерлер Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйді бұзып тастаған

1547 рет
көрсетілді

Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйдің іргетасы бұзылды, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты Сарытүбек ауылында Ахаң өмірге келген үйдің іргетасы бертінге дейін сақталып келген. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастаған. Орнына сапасыз таспен қабырға салмақ болған. Олардың бұл әрекеті жергілікті тұрғындардың ашуын тудырған еді. «Мынау жерде Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті қара шым аралас кесектен салынған еді. Мынау ара пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта Ахмет атамыз дүниеге келген болар деп ойлайтын едік. Ал бүгін сол белгінің астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ахметтің өзімізде бар ең соңғы ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған. Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Содан кейін екі жақты ұйғарыммен жауапсыз мердігермен арадағы келісім үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпеді.

«Бұған дейінгісі саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі жер бетінен ысырылып қалды деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды», деді Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

«Жоба бойынша құрылыс аумағы 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан беріледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Бұл экспертизаға дейінгі баға. Әлі де өзгереді», дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев. Ал Ахаңға арналған кесене керісінше сапалы, әрі Жаңаөзеннен әкелінген қымбат тастан салынып жатыр. Бұл жұмысқа Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен жиылған 10 млн теңгеге жұмсалып жатыр. Құрылыс екі аптадан кейін аяқталады. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Ал биіктігі 7 метрден асады.