Түнгі сағат 3:00-де Шымкент қалалық полиция бөліміне «102» арнасы арқылы отбасылық жанжал туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шақырту бойынша көрсетілген мекенжайға Шымкент қаласы ПД патрульдік полиция полкінің кезекші инспекторлары Оралбек Тәшімбетов пен Бақтияр Орынбаев барған.
Полицейлерді үй иесі қарсы алып, күйеуінің сарайға қарай бет алғанын жеткізген. Инспектордың бірі оны іздеуге кіріссе, екіншісі әйелмен және үш жас баламен қалып, істің мән-жайын сұрастырған.
Артынша тәртіп сақшысы сарайда арқанға ілінген үй иесін табады. Ер адам тұншығып қалған. Полицей оны жедел көтеріп, серіктесін көмекке шақырады. Тәртіп сақшылары арқанды пышақпен кесіп тастайды. Полицейлер ер адамды жерге қойып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Содан кейін ол өзіне келе бастаған.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, полицейлер кем дегенде бірнеше секундқа кешігіп қалса, азаматты құтқару мүмкін болмас еді.
27 жастағы қала тұрғыны мұндай қадамға тұрмыстық мәселелерге байланысты барғанын айтты.