Елімізде жыл сайын мыңдаған жоғары технологиялық операциялар жасалып жатады. Оның біразы жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр дертіне шалдыққан пациенттерді бірегей әдістермен емдейтін Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына тиесілі. Аталған перзентхананың өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені бұл орталықты өмірге қиналып келетін сәбилерді сақтап қалудың отандық барометрі деп айтуға болар еді.
Неге осы перзентханада барлық нәрестелер арнайы зерттеулерден өтеді? Бұл туралы Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары Елена Плужникова егжей-тегжей баяндап берді. Орталық жыл сайын тәуекел тобына жататын, яғни ауыр экстрагениталды және акушерлік патологиясы бар 8 мыңнан астам әйелді босандырып алады. 2011 жылы құрылғаннан бері 75 мың сәби дүниеге келген, оның 20 мыңнан астамы кесарь тілігі арқылы, 9 мыңға жуығы шала туылған нәрестелер, оның ішінде 1 мыңнан астамы өте төмен, 1 мың грамнан аз салмақпен туған.
Е.Плужникованың айтуынша, орталықта дүниеге келген нәрестелердің барлығы арнайы процедурадан – скринингтен өтеді. 2021 жылы орталықта 9 384 сәби дүниеге келген. Жаңа туған нәрестелерге барлығы үш түрлі скрининг жүргізілсе, сол тексерілулердің екеуінен, яғни есту және туа біткен зат алмасу бұзылыстары скринингінен жаңа туған нәрестелердің барлығы өтеді. Үшіншісі – шала туылған нәрестелердің ретинопатияға скринингі. Алғашқы екі жағдайда скринингтік тексеру орталықта туған нәрестелердің барлығына жүргізілсе, үшінші ретинопатия бойынша жүктіліктің 32 аптасына дейін шала туған нәрестелерге ғана жасалады. Есту скринингі – бала өмірге келген күндерінен бастап есту қабілетінің жоғалуына күдіктенуге және қажет болған жағдайда толық тексеруге мүмкіндік беретін жылдам және ауыртпай тексеру. Есту скринингі отоакустикалық эмиссия арқылы жүзеге асырылады. Былтыр барлық 9 384 жаңа туған нәрестенің екеуінде есту қабілеті жоқ екені анықталды.
Сондай-ақ барлық сәби туа біткен заттың бұзылуына тексерілді. Қуанышқа орай, соңғы бір жылда сәбилерден мұндай кеселдер табылмаған. Осы арада ерекше тоқтала кететін мәселе, шешесінің жүктілік мерзімі 32 аптадан, тіпті одан да ерте мерзімде барлық шала туған шараналар нәрестелер ретинопатиясы скринингінен өтуге тиіс.
«Айта кететін жайт, ерте босанатын әйелдердің барлығы Алматыдағы жүкті әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін екі мекемеге келеді – Қалалық перинаталдық орталыққа және бізге. Осыған сәйкес, қала бойынша аталған ұйымдарда ретинопатияға скрининг жүргізіледі. 2021 жылы екі ауруханада 2 049 шала туған нәресте дүниеге келсе, оның ішінде 1 200 бала ретинопатияға скринингтен өтті. Аталған ауру 1 200 жаңа туған нәрестенің 409-ында бар екені анықталды, 103 балаға ота жасалды», дейді Е.Плужникова.
Сондай-ақ Перинатологиялық орталықта ұрықтың туа бітті жүрек кінәратына скрининг жүргізіледі, яғни бұл тұрғылықты жері бойынша бірінші скринингтен өткен кезде құрсақтағы шаранада жүрек кеселіне күдігі бар көрсетілімдермен жіберілген жүкті әйелдерге жасалады.
– Барлық әйел жүктілік кезінде тіркелген емханасында үш скринингтен өтеді. Алғашқы скрининг кезінде жүктіде туа біткен жүрек ақауына қандай да бір күдік анықталса, емхана оны орталықтағы консультативтік-диагностикалық орталыққа жібереді. Жүкті әйел екінші скринингті де бізден өтеді. Егер диагнозы шынымен расталса, ол қайда тұратынына қарамастан осы орталықта босанады, өйткені бізде кардиохирургия бөлімшесі бар, – дейді Е.Плужникова.
Орталықта жүкті әйелдер мен босанатын әйелдерге медициналық көмек көрсетумен қатар, балаларға да кардиохирургиялық операциялар жасалады. Бұл ретте жеке кардиохирургиялық реанимациясы бар кардиохирургиялық бөлімше жұмыс істейді. Пациенттердің жасына келсек, мұнда дүниеге шыр етіп келген шаранадан бастап, 17 жасқа дейінгі, яғни салмағы 1,1 килодан 69 килоға дейінгі балалар емделеді. Жыл өткен сайын кардиохирургиялық операциялар саны артып келе жатқанын да атап өткен жөн.
Сонымен медициналық зерттеулер мен оның құрал-жабдықтары үздіксіз жетілдіріліп жатқан қазіргі уақытта Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында инновациялық технологиялардың көмегімен қандай операциялар жасалып жатыр? Орталықта, оның ішінде кардиохирургияда өкпе көктамырларының тұтас аномальды дренажын толық қалпына келтіру, Фонтен операциясы (көктамырдың төменгі қуысы мен өкпе артериясының тармағы арасына анастомоз қою), тіндік имплантты қолдану арқылы қолқа қалпақшасын ауыстыру (Росс, Росс-Кон операциясы), магистральді тамырлардың транспозициясын толық қалпына келтіру (Жатане операциясы), қолқаны анастомозбен алып резекциялау (қолқа доғасының үзілуі, қолқа доғасының гипоплазиясы) операциялары жасалады. Мұның барлығы адам тағдыры, бала мен ана денсаулығы, ұлт келешегі. Әңгіме әсіресе, жүректің туа біткен ақауларына қатысты болса, қазір кез келген саланың дамуын жоғары технологияларсыз елестету мүмкін емес. Өйткені көбінесе адам өмірін сақтап қалу мен ұзартудың жалғыз мүмкіндігі де осы. Орталықта күрделілік деңгейі жағынан жүректі трансплантациялаудан басқа да барлық операция түрі жасалады. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы ашылғалы бері жүрекке 1 мыңнан астам ашық операция жасалды. Бұл туа біткен жүрек дерті бар балалардың өлім-жітімін азайтуға септесіп отыр.
Орталықтың кардиохирургия бөлімшесінде жыл сайын 150-ден астам операция жасалса, оның 30-дан астамы инновациялық технологияларды қолдану арқылы іске асады.
АЛМАТЫ