Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензия енгізу туралы ұсынысымен келіспейді. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен брифингте айтылды.
Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының құрылтайшысы, «INTELLECity» ЖШС жекеменшік балабақшасының директоры Маржан Ахмеджанова жиынды: «Лицензия – бұл белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсат алу, іс жүзінде нарыққа кіру. Бірақ балабақшалардың көпшілігі нарыққа кірген. Онда лицензия не үшін қажет? Балабақша жұмыс істеу үшін қауіпсіздік және санитарлық нормалары бойынша тексеруден өтеді. Министрлік балабақшалардың бір бөлігін лицензиялау арқылы алып тастағысы келеді. Мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша қазіргі деңгейді сақтауға дайын ба?» деген сұрақтан бастады.
Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің уәжіне сенсек, лицензиялау енгізілген жағдайда бірқатар жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін. Демек Қазақстанда мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейі айтарлықтай төмендейді. Кәсіпкерлердің 2010 жылдан бері 280 млрд теңгеден аса салған инвестициялары жоғалады. Елеулі әлеуметтік қауіп-қатер орын алуы ықтимал.
Кәсіпкерлер мектепке дейінгі қызметтердің сапасын қамтамасыз ету тетіктері қажет екенімен келіседі. Алайда сапаны лицензиялауды қайта енгізу арқылы көтеру нәтиже бермейді, дейді сектор өкілдері.
Ал Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Алматы қаласы бойынша филиал директоры Любовь Айтхожина: «2008-2009 жылдары елдегі барлық балабақшаның жартысына жуығы, яғни 47%-ы заң бұзушылықтарға жол беріп, «көлеңкелі» жұмыс істеді деп нақты айта аламыз. 2013-2014 жылдары лицензиялау алынып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш 13%-ға дейін төмендеді. Сондықтан лицензиялау енгізілсе, керісінше, «көлеңкеде» жұмыс істейтін балабақшалардың саны күрт өсетініне сенімдіміз», дейді.
Қазіргі кезде Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы 2 817 балабақшаның мүддесіне өкілдік етеді. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған барлық жекеменшік балабақшаның (4 973 бірлік) 43%-ын құрайды.
Қауымдастықтың мәліметінше, жекеменшік балабақшалардың үлесі мемлекеттік балабақшаларға қарағанда әлі де аз. Жеке балабақшалар негізінен оңтүстік өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында шоғырланған. Олардың басым бөлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайды, өйткені мемлекеттің қаржылай көмегінсіз бизнестің бұл түрі тиімсіз.
«Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру мамандарға тікелей байланысты екенін ескермейді. Ал біздің әлеует қандай? Балабақшада көптеген объективті себепке байланысты кәсіби деңгейі жеткіліксіз, еңбекақысы төмен, несиесі бастан асатын, тұрғын үй проблемасы бар тәрбиешілер жұмыс істейді. Жастар педагог мамандығын таңдамайды. Мемлекет тарапынан тәрбиешілерге қолдау жоқ», деп мәлімдеді қауымдастықтың Алматы облысы бойынша филиал директоры Алмагүл Батырханова.
Осы жиынға арнайы келген Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәселенің маңыздылығын жоққа шығармайды.
«Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жекеменшік балабақшалардың көзқарасын қолдайды. Мектепке дейінгі білім беру саласында көптеген шешілмеген мәселелер жеткілікті. Оларды репрессивті әдістермен емес, жағдайды сараптау арқылы шешу қажет. Нарықтың пікірін ескере отырып, осы саланың сапалы дамуы үшін үйлесімді шешімдерді қабылдау керек», деп атап өтті Палата директоры.
Айта кету керек, балабақшаларда тәрбиешілердің бүлдіршіндерді ұрып-соғуы сияқты оқиғалар аз емес. Қызмет көрсету сапасына да сын айтылып жатады. Осыған орай, тиісті ведомство лицензиялау арқылы осы салада қадағалауды күшейтпек. Бірақ министрлік бұл өзгерістің бүгін-ертең енгізілмейтінін, әлі де жеткілікті талқыланатынын айтып отыр.
АЛМАТЫ