Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек «Қарасора-2022» жедел алдын алу іс-шарасы аясында ел аумағында есірткіге қатысты 138 қылмыс ашылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақстанда кең ауқымды «Қарасора-2022» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Операцияны Ішкі істер министрлігі жыл сайын 1 маусымнан 30 қазанға дейін өткізеді. Операция басталғаннан бері есірткі қылмысының 138 фактісі анықталды. Оның ішінде 62-сі - есірткі өткізу, 15-і - аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтау, 43-і - құрамында есірткі бар тыйым салынған өсімдіктерді өсіру және 10-ы есірткі контрабандасына қатысты», деді Шұғыла Тұрлыбек.
Оның айтуынша, заңсыз айналымнан 383 келі есірткі заты тәркіленді. Мәселен, Қарағанды облысының полиция қызметкерлері Жамбыл облысынан есірткі заттарын жеткізу арнасын жойды. Қылмыстық топтың 5 қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына құрықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 200 келі марихуана есірткі заты тәркіленді.
«Түркістан облысында жедел іс-шаралар өткізу барысында Сарыағаш ауданында 1 870 дана апиын көкнәрін заңсыз өсіру фактісі анықталды. Ал Қызылорда облысының полициясы 1 149 түп сора заңсыз өсірілген есірткі плантациясын анықтады. Сол жерде есірткіні заңсыз сақтағаны және өсіргені үшін бұрын бірнеше рет сотталған 50 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды», деп қосты министрлік өкілі.