Елімізде АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ-нің еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. Болжам бойынша оның құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалмақ. Сондай-ақ, АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз. Жалпы, АЭС құрлысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба аясында салу ұсынылады», делінген хабарламада.
«Қазақстан атом электр станциялары» серіктестігінің мәліметінше, елімізде АЭС салуға 6 шетелдік компания ниет білдірген.
«Елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), NuScale Power (АҚШ), CNNC (Қытай), General Electric-Hitachi (АҚШ пен Жапонияның бірлескен компаниясы) кәсіпорындарынан ұсыныс түсті. Біз 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды салуды қарастырып отырмыз, өйткені олар қауіпсіз. Бұл бағытта біздің талаптарға сай келетін Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары бар. Ал, шағын және орта қуатты ректорларды АҚШ-тың General Electric-Hitachi және NuScale компанияларынан алу бойынша коммерциялық жұмыстар пысықталып жатыр», делінген мәлімдемеде.
АЭС салуға 6 жылдай уақыт керек. Дегенмен, ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге, қажетті құжаттар дайындауға да уақыт керек. Жалпы алғанда, бұл 10 жылға созылуы мүмкін.