• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Маусым, 2022

Газ бағасы қайта қымбаттай ма?

447 рет
көрсетілді

Бір жылдан соң елде газ тапшылығы туындауы мүмкін. Соған байла­ныс­ты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде экспортқа кетіп жатқан газдың басын қайырып, ішкі нарыққа бағыттауды тапсырды.

Тұтыну өсті

Президент 2 млрд текше метр газды ішкі нарыққа әкелу керек деп есептейді.

«Газ тұтыну көлемі өте тез өсіп жатыр. Бұл Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭЛ-3-ті газхимиялық кешенге айналдыруға байланысты. Келер жылы ішкі нарықта газ тапшылығы болады деп болжанып отыр. Үкіметке «Теңіз» акционерлерімен бір­лесіп 2 млрд текше метр газды экспорт­тан ішкі нарыққа қайта бағыттау бойын­ша жұмыс істеуді тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Осыған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов елде газ тапшылығы 2025 жылға таман туындайды деген еді. Министрдің айтуынша, тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың көмір­ден газға көшуі тапшылықты жедел­детеді. 2017 жылдан бері ішкі на­рықта газ тұтыну көлемі 4,8 млрд текше метр­ге – 13,8-ден 18,6 млн текше метрге өскен. 2010 жылдары ішкі тұтыну көлемі жылына 9 млрд текше метрді құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 19 млрд текше метрге жеткен. Яғни екі есе өскен. Министрдің сөзіне сүйенсек, тапшылықты жою үшін қолға алынатын негізгі шаралар – газ барлау, өндіру және қайта өңдеуді қолға алу керек. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы инвесторлар үшін ынталандырушы баға ұсыну да маңызды.

Өндіріс мөлшері қанша?

Елде газға деген сұраныс жыл санап күшейіп келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, 2030 жылға таман газхимия кешенін дамыту үшін кем дегенде 4 млрд текше метр газ керек. Қазір елдегі газдандыру деңгейі 58 пайызды құрап тұр. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола об­лыс­тарында газдандыру деңгейі 1 па­йыз­ға да жетпейді. Өнеркәсіптік кәсіп­орын­дар да газға тезірек көшсек деп алақан ысқылап отыр. Экологияны жақ­сар­ту және дизель отынына деген жүктемені азайту мақ­сатында келешекте қоғамдық транспортты да газға көшіру мәселесі күн тәртібінде бар. Дәл осы мақ­саттың өзіне жыл сайын 500 млн текше метр газ керек деп есеп­тейді сала білгірлері. Әзір­ше осы сұраныстың бә­­рін өтеп шы­ғарлықтай газ жоқ.

2021 жылы елімізде 53,8 млрд текше метр газ өндірілген. 2022 жылғы жоспар – 54,5 млрд текше метр. Бірақ соның ­29,6 млрд текше метрі ғана – тауарлы газ ­(тауарлы газ – пайдалануға жарамды газ, қал­ғаны қажетті қысым­ды ұстап тұру үшін қайтадан жер қабаты­­на айдалады – ред). Биыл қаңтар-ақпан­да 10 млрд текше метр газ өндірілді. Елімізде газ өндірумен негі­зінен «ТеңізШевройл», «Ембі­МұнайГаз», «Қарашы­ғанақ Пет­ролиум» компаниялары айналысады. Қазақстан газ қоры бойынша әлемде – 22, ТМД-да – 3-орында.

Баға қымбаттауы мүмкін бе?

Үкімет ішкі нарықтағы бағаны тұ­рақ­тандыру үшін зауыттан шығатын ба­ғаны тоннасына 28 мың теңге деп бекіт­кен. Сығымдалған газдың бөлшек нарықтағы бағасы өңірлерде қосылған құн салығымен бірге литріне 50-75 теңге аралығында.

Әрине, мұндай төмен баға газ өнді­рісінің өрісін тарылтады, өйткені өн­ді­рушілер шығынға батып жатыр. Биыл қаңтарда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 180 күнге сы­ғым­далған газды бөл­шек нарықта сату бо­йынша баға реттеуді енгізген еді. Сол мер­зім аяқталар күн таяп келеді. Үкімет тығырықтан шығар жол іздеуге тиіс. Тө­мен баға өндірушілерді ынталандырмай­ды. Жоғары баға тұты­ну­шыларды зар қақсатады. Қаң­тар қасі­ретінің дәл осы – газ бағасының көтерілуінен бас­тал­ғанын да білеміз.

2030 жылға таман Қазақстан жылына 40,2 млрд текше метр газ тұтына бастайды. Бизнес саласында аналитика­лық талдау жасаумен айналысатын IHS Markit бағалауы бойынша, 2030 жылға таман елдегі коммерциялық өндіріс 36 млрд текше метр болады. Демек тұтыну көлемі өндіріс көлемінен асып түседі. Жалпы, болжам бойынша 2030 жылы Қазақстан 87,1 млрд текше метр газ өндіруі мүмкін, алайда соның тек 40 млрд текше метр­ге жуығы ғана тауарлы газ болып қайта өңделеді. Қалғаны (47 пайызы) газ қысымын жеткілікті деңгейде ұстап тұру үшін жер қабатына қайта айдалады және жер қойнауын пайдаланушылардың жеке қажет­тілігіне (15 пайызы) беріледі.

Сарапшылар болжамы қандай?

Энергетика нарығының сарапшысы Сергей Смирновтың айтуынша, ішкі тұтынудың өсуіне байланысты мемлекет 2019 жылдан бері газ экспортын белсенді түрде азайтып келеді.

«2019 жылы Қытайға 7,5 млрд текше метр газ экспортталса, 2020 жылы – 7,3 млрд, 2021 жылы – 6 млрд текше метр бол­ды. Биыл 5 млрд текше метр болады деп күтіледі. Жақын жылдарда экспорт мүл­де тоқтатылуы мүмкін», дейді сарапшы.

Энергетика министрлігінің кешенді жоспары бойынша 2030 жылға таман Қашағанның қайта өңдеу қуаттылығы 9 млрд текше метрге дейін артуға тиіс.

«Барлау мен қосымша бар­лаудың жағдайы қиынырақ. Тәуелсіздік алғалы бері газ өндіру әлеуеті жоғары бірде-бір жаңа кен орны табылған емес. Ашылған кен орындарын игеруге 7-10 жыл уақыт кетеді. Сол себепті ре­сурс­тық базаны толықтырудан бөлек газ­транспорттық жүйені ауқымды модер­низациялау мен қайта өңдеу қуат­тылығына арналған құрылыстар мәсе­лесі туындап тұр. Бұған ұзақ уақыт және көп ақша керек. Мемлекет газ өн­діру және қайта өңдеу жобаларын займ­дық қаражат және сыртқы инвес­ти­ция есебінен шешкісі келеді. Займ қа­ража­тын қайтару кепілі міндетті түрде тариф шығынына қос­ылады. Сондықтан Энер­гетика министрлігі жер қой­науын пайдаланушыларға үлкен фискалдық преференциялар пакетін беріп қана қоймай, ішкі нарықта табиғи газ бағасын көтеруді көздеп отыр», деп болжайды С.Смирнов.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов дәл қазір Қазақстан тап болып отырған бірнеше парадокс бар екенін жеткізді.

«Батыс Қазақстанда «Жайық­­­мұ­най­газдың» газ зауыты бар, ол жылына 4,2 млрд текше метрге дейін газ өңдей алады. Бірақ соның 15 пайыз қуаттылы­ғы ғана пайдаланылып келе жатыр. Себебі газ жоқ. Ал Атыраудағы «Қашаған» кен орнында газ көп, алайда зауыт жоқ. Тағы бір парадокс – елордаға газ жеткізу үшін Орталық Қазақстанды кесіп өтетін «Сарыарқа» газ құбыры салынды. Бі­рақ жіберуге газ тапшы. Бізге нақты стратегия құрып, ең бірінші кезекте не істеуіміз керек деген мәселені шешіп алу керек. Солтүстік облыстарды газдандыру үшін Ресейден газ сатып аламыз деген әңгіме шығып жатыр. Түбегейлі Ресей газына байлануға тағы болмайды. Қазір арзан деп қызыққанымызбен олардың кез келген сәтте газ бағасын көтеріп жібермесіне кепілдік жоқ. Сондықтан әрдайым балама маршруттарды қарастырып, жоспарлап отыру қажет», дейді А.Нарымбетов.

Сұраныс өндірісті басып озады

Жақын арада газ бағасының қайта қымбаттауы мүмкін екенін профильді министрлік жоққа шығармайды. 180 күнтізбелік күнге бекітілген сығым­дал­ған газ бағасын қадағалау мерзімі шіл­деде аяқталады. Қалған 180 күнде баға шамамен 20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Б.Ақшолақовтың айтуынша, газ бағасы қазір тоннасына 28 мың болса, қадағалау мерзімінен соң 36 мың теңге болады. Көтерме баға литріне 17 тең­геден 19 теңгеге өседі. Бензин құю бе­ке­ттеріндегі бағаны бақылауда ұстай­мыз дейді министр.

«Егер зауыттағы көтерме баға 2 тең­геге өссе, онда на­рықтағы бөлшек баға 5 тең­геге жоғарылайды. Ондай жағдай туындаса әр жағдайды жеке қарастырып, шаралар қабылдаймыз. Бірақ бұл жерде газ өндірушіге де, жанармай құюшыға да бағынбайтын фактор бар, ол – транспорт мәселесі. Тасымалдаушылар тасымал құнына байланысты бағаны көтеруі мүмкін. Мұны да ескеру керек», дейді ведомство басшысы.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ бас­қарма төр­ағасы Санжар Жәр­кешов биыл экспорт деңгейін 5 млрд текше метр деңгейінде ұстап тұруымыз керек, әйтпесе шығын­ға батамыз деп шырылдайды. Оның айтуын­ша, егер тұтынушылардың барлық өтінімі мақұлданатын болса, дағдарыс келер жылы-ақ басталып жүре бермек. 2024 жылдан бастап ішкі сұраныс көлемі өндіріс көлемінен 1,7 млрд текше метрге асып түседі деген қауіпті болжам бар. С.Жәркешов бағаны біртіндеп көтергеннен басқа амал жоқ екенін айтады.

Мәжіліс депутаттары болса Қы­тай­ға экспортты қысқартпау керек де­­ген пікірде. Себебі ол жақтағы газ ба­­­ғасы бізден 8 есе қымбат. Май­лы қа­­­­сықтан оңай ажырауға болмай­ды. Ири­на Смирнованың айтуынша, өн­діріс­ке қаржы құятын инвестор тауып, экспорттық кірісті қарапайым қазақ­стан­дықтар үшін газды субси­дия­лауға жұмсау қажет; Мемлекет экспортты да қысқартпай, бағаны да көтермей, әр үйге газ кіргізудің жолын табуға тиіс. Бірақ министр бағаны көтермеу мүмкін емес екенін айтады. Себебі ішкі нарықта баға көтерілгенде ғана инвестор келіп, жаңа кен орындарын барлау басталады.

Мемлекеттің алдында қиын таң­дау тұр. Экспортты тоқтатып, ішкі сұра­нысты өтей­міз дегеннің өзінде газ жет­пеуі мүмкін. Өйткені тұтыну көлемі жыл санап артып келе­ді. Ал өндірісті арттырайын десе нарықтағы төмен баға өндірушілерді түк те ынталандырып отырған жоқ. Олар­дың ынтасын күшейтіп, өн­дірісті еселеп арттыру үшін тұрғындарға газды біршама жоғары бағада сату қажет. Алайда бұл тағы да наразылық тудыруы мүмкін. Үкіметке қалай да арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жол табу керек.