• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛУІ ТИІС

435 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда дәстүр бойынша депутаттар бірқатар лауазым иелеріне сауалдарын жолдады. Мәжілістің жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша Парламенттің Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары қаралды. Парламенттің қос палатасы арасындағы заң жобасына қатысты қайшылықтарға байланысты келісім комиссиясы ортақ шешімге келген. Мәжіліс пен Сенат депутат­тарынан құралған келісім комиссиясы аталған заң жобасын қарап шығып, қаулы шығарды. Айта кету керек, бірқатар баптардың кейбір тармақтары мен тармақшалары негізінен қос пала­таның ұсыныстары бойынша бірлескен редакцияда жазылған. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде мемлекеттік өрт бақылауы адамдар жаппай жиналатын тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі объектілерде міндетті түрде сақталмақ. Жалпы отырыста Мәжіліс мен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары депутаттар тарапынан да қолдау тапты. Келесі кезекте “Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы екінші оқылымда талқыға са­лынды. Бұл заң жобасы магистралдық мұнай құбыр жолдарына санкциясыз сұғына қосылу жолымен жүзеге асырылатын мұнай ұрлауға қарсы күрес мақсатында әзірленген. Заң жобасына бастамашылық жасаған Мәжіліс депутаттары – Валерий Котович, Ерлан Нығматулин, Владимир Нехорошев және Болат Қонарбай. Бастамашы депутат­тар­дың мәлімдеуінше, мұнай тасы­мал­дау компанияларының магистрал­дық мұнай құбыржолдарының күзетін күшейту шаралары қолда­ныл­ғанына қарамастан, жағдай нашарлай түсуде. Қолда бар мәлі­меттерге қарағанда, мұнайдың заңсыз айналымы саласында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтар қалыптасқан. Олардың өткізу арналары, сұғына қосылуды және оны бүркемелеуді жүзеге асыратын, мұнайды ағызу (құю) және оны автомобиль көлігімен тасымалдау жөніндегі мамандары бар. Осыған байланысты заң жо­басында мұнайды заңсыз тасы­малдау, сатып алу, өткізу, сақтау, қайта өңдеу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгі­леу, сондай-ақ мұнай-газ құбыр жолдарынан мұнайды ұрлағаны, қыл­мыстық жолмен алынған мұ­най­ды сатып алғаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату ұсынылып отыр. Заң жобасын қабылдау мұнай өнімдерін қауіпсіз тасымалдауға жағдай жасауға және Қазақстанның мұнай беруші ретіндегі тұрақты беделін сақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ ол еліміздің экологиялық салауатына ықпал етеді. Палата депутаттары бұл заң жобасын екінші оқылымда мақұлдау жөнінде ортақ шешімге келді. сауалдарын жолдады. Жақсыбай САМРАТ.