• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2022

Мағжан мұраларының мәйегі

562 рет
көрсетілді

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Мағжан оқулары-2022»: Ұлы даланың рухани мұрасы» тақырыбында кезекті халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференцияның ашылуына арнаған құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов: «Бұл мереке бізді Ұлы даланың рухани қазынасына айналған ұлық перзентінің мұрасымен кезекті рет қауышуға мүмкіндік бе­реді. Еліміз өзінің Тәуелсіздігін алған жылдардан бері Мағжан үні жаңа бе­лесте жасындай жарқырады. Оның құдіретті сөздері, сыршыл поэзиясы, жүрек қылын шертетін нәзік лирикасы, драмасы мен трагедиясы өз халқының баға жетпес құндылығына айналып отыр. Енді Мағжан сөздері халқымен бірге мәңгі жасайды. Артында қалған сөз әлемі, жан сұлулығы, ақыл-ойы, парасат биігі бүкіл түркі халқының алтын қазынасы болып ұрпақтарға қызмет ете беретін болады», деді. Сонымен бірге ол Мағжан мұрасына арналған төрт сериялы деректі фильмнің түсіріле бастағанын жеткізді. «Мағжанның журналистік қызметі» деген тақырыпта баяндама жасаған профессор Зарқын Тайшыбай ақынның публицистикасына тоқталып, 1924 жылғы өз қолымен толтырған сауалнамада Мағжан өзін «журналистпін» деп көрсеткенін айтты. «Атақты «Айқап» журналының бірінші нөмірінде Мағжанның «Жал­ған» деген өлеңі басылған. Ал журнал күшпен жабылған соң «Жас Аза­мат» газеті шықты. Оны Мағжан мен Қошке Кемеңгерұлы шығарған. Мағ­жан­ның терең ойы, әлеуметтік зор мәселе­лер төңірегінде айтқан пікірлері өлең­дерінде ғана емес публицистикалық шығар­маларында да көп» дей келіп ғалым бірнеше мысал келтірді.

Түркияның Кастамону универ­сите­тінен «ZOOM» платформасы арқылы қосылған Орхан Сөйлемез Мағжан өлеңдеріндегі теңеулер күшті, қуатты, өжет аң-құстармен байланысты екеніне назар аударды. «Мысалы, ол өзінің «Мен жастарға сенемін» өлеңінде жас өрендерді арыстанға, жолбарысқа теңейді. Сол сияқты өзін жердегі қуат атаулының қайнар көзі күнге теңейтіні де бар. «Мен – Күн ұлы, Көзімде күн нұры бар», деген сияқты ерекше теңеулерді айтып, оның жырларының қуаттылы­ғы осындай теңеулерде де жатқанына назар аударды. Жазушы Жарасбай Сүлей­менов «Мағжан және Алаш арыстары» деген тақырыпта баяндама жасап, ақынның Міржақып Дулатовпен, Қошке Кемеңгерұлымен, Мұхтар Әуезовпен болған шығармашылық байланыстары туралы айтты. «Бірлік» атты жасырын ұйымда болып, Қошке Кемеңгерұлы екеуі оның «Балапан» атты қолжазба журналын шығарғандарын және оның бірінші нөміріне Мағжанның «Балапан қанат қақты» атты мақаласы жарық көргенін атады. Ал «Алқа» ұйымының тұғырнамасын ақын Мұхтар Әуезовпен ақылдасып жазғанын жеткізді. Осы­ның бәрі кейін Мағжанға кінә болып тағылғанда Смағұл Смағұлов: «Қа­зақ әдебиетін тек коммунист ақын-жазушылармен шектемейік. Мағжанды доңыздатып, қоңыздатып жүргендерге қарсымын» деген екен. Сонымен бірге шешен ақын Мұзафар Әлімбаевтың Мағжан мен Сәкен арасында шығар­машылық бәсекелестік туралы айтқан пікіріне назар аударды. «Егер ондай бәсекелестік болмаса Сәкеннің «Көк­шетау» поэмасының көркемдігі жоғары деңгейде болмас еді» деген екен ақын.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер «Шолпанның күнәсі» мен «Ал­тын сақина»: образдар жүйесі, тақы­рып­тық-идеялық үндестік» тақырыбында баяндам жасап, Мағжанның жалғыз про­залық көркем шығармасы мен Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьеса­сының арасындағы ұқсастықтар мен үндестіктерге тоқталды. Бұл пьеса алғаш рет Қызылжарда қойылған. Әйелдердің рөлін боянып алған ер азаматтар ойнапты. Прозада Мағжанның тек «Шолпанның күнәсімен» ғана шектелгені туралы жазушы Мұхтар Мағауин: «Шын мәнінде Мағжанның ақындығы отыз жасымен шектеледі. Ал сол отызда жеткен прозасы – әлемдік классика деңгейіндегі жалғыз әңгіме бұдан әрі өріс таппады. Кінә Мағжанда емес, заманда болатын» деген екен. Сонымен бірге Қ.Кемеңгер Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі алғаш рет Қызылжарда шыққан «Жас Азамат» газетінің үшінші санында жарияланғанын жеткізді.

Конференцияда бұлардан басқа А.Мыр­захметов атындағы Көкшетау уни­вер­ситетінің профессоры Сабыр Сеңкі­баевтың «Мағжанның ұстаздық және тәлімдік ілімдері», Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау универститетінің профессоры Аян Қажыбайдың «Әлеу­меттік және жас ерекшелік педагогикасы» атты баяндамалары мен басқа да бір­неше сөз тыңдалды.

Конференция жұмысын М.Қозыбаев атындағы СҚУ университетінің профессоры Жанар Таласбаева ашып, жүргізіп отырды. Баяндамалар жиынтығы арнайы жинақ болып шығатыны айтылды.