• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Маусым, 2022

VII халық спорты ойындары

259 рет
көрсетілді

Тобыл төрінде ту көтерген республикалық додаға еліміздің 14 өңірі­нен мың жарымнан астам спортшы қатысып жатыр. Олар халық спорты санатына енген қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шағын футбол, волейбол, баскетбол, гір спорты, қол күрес және асық ату­дан сынға түсуде. Бәсекеде ұзын ырғасы 34 медаль сарапқа салынады.

Ұлттық спорт пен бұқаралық ма­ңызы бар спорт түрлерін дамытуды көздейтін дүбірлі жарыстың ашылу рәсімі Тобыл жағалауында Тә­­уелсіздіктің 25 жылдығы саяба­ғын­­да орналасқан амфитеатрда өтті.

Салтанатты іс-шараға арнайы келіп қатысқан Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ералиев биыл жетінші рет өтіп жатқан байрақты бәсекеге қатысушыларды атаулы спорт мере­кесімен құттықтап, жарыста сәттілік тіледі.

– Төрт жылда бір айналып келетін халық спорты ойындары өңірлерде жыл басынан бері жүріп жатыр. Бұл жарыстарда әр аймақтың үздік спортшылары анықталды. Енді, міне, сол сыннан сүрінбей өткен саңлақтар финалдық бәсекеге жиналып отыр. Халық спорты ойын­дары олимпиада секілді жоғары деңгейдегі дүбірлі дода деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында бұқара мен жасөспірімдер спортына өте зор мән беріп отырады. Олай болса, бұл бәсеке спорттағы биік белестерге бастайтын баспалдақ болғай. Бізге осындай мерекені ұйымдастырып берген Қостанай облысының әкімдігіне және облыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс айтамын, – деді  комитет төрағасы.

Ұйымдастырушылардың мәлі­ме­тінше, халық спорты ойындарына әр аймақтан 100 шақ­ты спортшы кел­ген. Ресми құттық­таулардан кейін өңір өнерпаздары спорт­шылар­дың құрметіне ән мен күйден, жыр мен биден шашу шашты.

Салтанатты іс-шара барысында Самат Ералиев Францияның Нормандия провинциясында өткен ХІХ әлемдік гимназияда ел қоржынына олжа салған қоста­найлық үш спортшыға, атап айт­қанда, баттерфляйдан чемпион болып оралған Дмитрий Энес­ке, регбиден қола жүлдегерлер Вик­тория Кузнецова мен Марина Дени­соваларға Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің марапатын табыс етті.

 

Қостанай облысы