Елордадағы Ұлттық музейде халықаралық ART TALK ІІ симпозиумын қорытындылаған көрме өтті.
Мазмұнды іс-шараның ашылуында Ұлттық музей директорының орынбасары Назгүл Қадірімбетова халықаралық симпозиумға қатысқан суретшілерге алғысын жеткізе келіп: «Өнерде шекара болмайтындығына бүгін тағы көзіміз жетті. Сіздердің қарымды қылқаламдарыңыздан туған дүниелер елордалықтардың көзайымына айналды. Бұл туындылардың бәрі музейдің алтын қорында сақталады», деді.
Сондай-ақ Кореядан келген танымал суретші Джу Генву аталған іс-шараны өткізуге ұйытқы болған Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық музей ұжымына ризашылығын білдіріп, Көкшетау өлкесінің көркем келбеті мен тарихын бір туындыға сыйдыру мүмкін еместігін сөз етсе, моңғолиялық суретші Гангат Енх Ори қылқалам шеберлеріне шабыт сыйлаған жиыннан алған әсерімен бөлісті.
Көрмеге симпозиумға қатысқан суретшілердің жаңа туындылары қойылды. Олардың арасында майлы бояу, акварель, қарындашты пайдаланып, әр жанрда салынған картиналарда Бурабайдың ғажайып табиғаты мен тарихы қылқалам шеберлерінің қиялы арқылы әсем түрге бөленген. Әсіресе келушілер суретшілердің «Бурабай таңы», «Дала аңызы», «Кездесу», «Оқжетпес» секілді еңбектеріне қызығушылық танытты.