Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты, Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өтті.
– Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметінің көбінесе адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық екенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында 815 қызметкердің қаза тапқаны, 4,5 мыңнан астамы жарақат алғаны туралы дерек келтірді. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіндегі ішкі істер органдарының үлесін бағаламауға болмайды.
– Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жастар үшін тартымды әрі мәртебелі болуы маңызды деп есептейді. Үздік полицейлерді көтермелеп, ерекшелеп, марапаттау ісін қолдайтынын білдірді.
Мемлекет басшысы соңғы кездері құқық қорғау органдарының қызмет бабын асыра пайдалануына қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін атап өтті. Президент мамыр айында отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде кәсіпкерлердің көпшілігі тікелей қысым көріп жатқаны туралы шағымданғанын айтқан болатын.
Президент Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшының айтуынша, заңсыз әрекеттерден Ішкі істер министрлігі қызметкерлері де тысқары емес. Кейбірі жемқорлыққа қатысты айтылып отыр.
– Бұл бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Қаржы мониторингі агенттігінің күшін алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне бағыттау керек. Агенттік көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Біз қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың кез келген көріністеріне берік иммунитет қалыптастыруымыз керек, – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Белсенділер саяси партиялар мен қозғалыстар құруға ынталы екенін мәлімдеп, ішкі және сыртқы саясаттың өзекті мәселелері бойынша әртүрлі пікірлері мен көзқарастарын білдіреді. Бұл – азаматтық қоғамның жетілгенін көрсететін табиғи процесс. Дегенмен, Президенттің пікірінше, азаматтық белсенділердің барлық әрекеті, соның ішінде наразылық акциялары қолданыстағы заңнамаға және парасаттылыққа қатаң сәйкес келуі өте маңызды.
– Заңды бұзуға, заңсыз әрекеттерге баруға, соның ішінде полиция қызметкерлерінің адамдық қадір-қасиетіне, кәсіби ар-намысына қарсы бағытталған әрекеттерге баратындар заңнамамызға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазақстанның ұлттық мүддесіне қарсы әрекет ететін кәсіби арандатушылар әшкереленуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Мемлекет басшысы саланың бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.