АҚШ тарапынан қатаң санкцияға ұшырап, корреспонденттік шоттары мен шетелдік банктегі активтері бұғатталып, доллар, еуро және фунт стерлингпен операция жасау мүмкіндігінен айырылған ресейлік еншілес банктердің тағдыры біртіндеп шешіліп келе жатыр. Ең жылдам реттелген процесс – «Банк ЦентрКредит» пен «Альфа-Банк» мәселесі болды.
БЦК өте қысқа мерзім ішінде «Альфаны» өз қатарына қосып, оған Eco Center Bank деген атау берді. Батыстың санкциясына ұшыраған тағы бір қаржы институты – ВТБ Банкті (Қазақстан) Ресейдегі негізгі ВТБ қосымша капиталдандыратын болды. Сол арқылы еншілес банктің меншік капиталы ұлғайып, ол клиенттер алдындағы міндеттемені толығымен орындауға көмектеспек. Ұзаққа созылған процесс «Сбербанк Қазақстанға» тиесілі болып тұр. Осыған дейін отандық қаржы секторындағы беделді әрі әлеуетті ойыншы атанған Сбердің бір-ақ күнде тауы шағылып, тауаны қайтып қалды. Сберді біздің «Бәйтерек» холдингі сатып алады екен деген сыбыс шындыққа айналатын сияқты.
«Сбербанк Қазақстан» алдымен несие портфелінің бір бөлігін, нақтырақ айтқанда 330 млрд теңге несиені Halyk Bank-ке ауыстырды. Оның ішінде – Қазақстан Даму банкінің жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша ресімделген автокредиттер, кепілсіз кредиттер, кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға арналған қарыздар және ипотекалық кредиттердің бір бөлігі бар. Банктің жалпы тұтынушылық қарыздарының кредиттік қоржыны 1,1 трлн теңгені құрайды. Одан кейін қаржы институты несие портфелін ешкімге сатқан жоқ, бірден банкті сату жұмыстарына кірісіп кетті.
Осыған дейін «Сбербанк» (Ресей) төрағасының орынбасары Александр Ведяхин «Сбербанк» өзінің Қазақстандағы еншілес банкін сату бойынша мәмілені 10 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отыр деп мәлімдеді. «Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингі біздің қазақстандық банкті сатып алуға басты және негізгі үміткер. Тараптар арасында келіссөз өте позитивті жүріп жатыр. Мәмілені 5-10 шілдеге дейін жабамыз деп отырмыз», деген еді Ведяхин.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қазақстандық Сберді сатып алатынын ресми түрде растады.
«Санкция енгізілгелі бері бұл банктің активтері қысқарды. Санкция жарияланған сәтте «Сбербанк Қазақстан» Қазақстанның банк жүйесінде актив көлемі бойынша екінші орында тұрған еді. Бірақ ол орнықты және төлем қабілеті бар банк болып қала береді. Егер сатылым жүзеге асса онда меншік құқығы, яғни 100 пайыз акциясы сатып алушыға беріледі. Бұл жаңа банк лицензиясын алуды қажет етпейді. Бұл секторда жаңа банк пайда болады дегенді білдірмейді, тек қана акционер ауысады», деп түсіндірді М.Әбілқасымова.
«Сбербанк» санкциялық тізімде болғандықтан банк шетелдік валюталармен операциялар істей алмайды. Шетелдік корреспондент-банктердегі корреспонденттік шоттары жабылған, сонымен бірге жаңа қаржыландыру тарту мүмкіндігі де шектелген. Осыған байланысты «Сбербанк Россия» Қазақстандағы еншілес банкін сату туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингімен банкті сатуға байланысты тиісті келіссөз жүріп жатыр», деді реттеуші агенттіктің басшысы.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Сбербанк Қазақстан» активтер көлемі жөнінен 2-ден 4-орынға түскен. Актив көлемі 791,1 млрд теңгеге азайып, 2,1 трлн теңгені құраған. Бұған несие порфтелінің әжептәуір қысқаруы (несие портфелі бөліктерінің басқа қаржы институттарына берілуі) әсер еткен. Бірінші тоқсанда «Сбербанк» 25,8 млрд теңге табыс тапса, сәуірдің соңында 53 млрд теңге шығынға ұшыраған. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ирина Кушнареваның айтуынша, отандық банк секторындағы ойыншылардың азаюы – экономиканы несиелеу мөлшерін де төмендетеді.
«Сбербанк» АҚ ЕБ секілді ірі ойыншының біздің сектордан кетуі – сектордың әрі қарайғы дамуы үшін және экономиканы несиелеу тұрғысынан алғанда жағымсыз фактор. Сондықтан оны «Бәйтеректің» сатып алуы біршама позитивті жаңалық», дейді ол.
И.Кушнарева сөзінің жаны бар. Сбер ұзақ жылдар бойы отандық банк секторындағы жаңашыл, сенімді ойыншылардың бірі болып келді және бизнесті несиелеуге басымдық берді. 2021 жылдағы жетістігінің өзі көп нәрсенің аңғартады. Қаржы институтының активі 33 пайызға өсіп, 4,2 трлн теңгеге жетті. Әрине, несие және депозит портфелі сапалы түрде өскенде ғана актив көлемі ұлғаяды. Таза кіріс 130 млрд теңге болды. Бұл өз кезегінде капитал өтімділігін арттырды. Жеке тұлғалардың несие портфелі – 48, заңды тұлғалардың несие портфелі 23 пайызға өсті. Бизнеске берілген займ көлемі абсолютті мәнде 1,3 трлн теңгеге жуықтады. Жеке тұлғаларға арналған Sber KZ және заңды тұлғаларға арналған «СберБизнес» мобильді қосымшаларының да жұмыс істей бастауы банкпен қарым-қатынас мәселесін біршама жеңілдетті.
«Сбербанк» АҚ ЕБ басқарма төрағасының орынбасары Елдар Теңізбаевтың айтуынша, қаржы институты шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тұрғысынан лидер болды. Қазақстандағы ең ірі шетелдік салық төлеушілердің ТОП-30-ына кіріп, бүкіл уақыт ішінде ел бюджетіне 160 млрд теңгеден астам қаржы берген.
«Банктің келешегі мен жаңа басшылығы – келесі маңызды мәселе. Егер шешім 12 шілдеге дейін қабылданса, демек банк төрағасы мен басқарма мүшелігіне кандидаттар керек болады. Бұл басқарма құрамы өзгеруі қажет дегенді білдіреді. Біздіңше, банк басшылығына «Бәйтерек» құрылымындағы немесе холдингке жақын адамдардың бірі келеді. Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы өз тарапынан банкке қосымша капитал беруі мүмкін екенін айтқан еді. Бірақ олар банкті толық сатып алмайды, тек белгілі бір үлес ғана алады деп есептейміз. Әрі кетсе олар басқарма мүшелігінен үміттенеді. Сатылым толық аяқталған соң мәміленің барлық деталін білу қызық болып тұр. Мемлекеттік холдинг өкілдері бұл туралы толығымен айтады деп сенеміз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл сатылым қазақстандық холдинг үшін орта мерзімді перспективада пайдалы болады», деп жазады телеграмдағы Risk Takers каналы.