Нұр-Сұлтандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында қор нарығының ресейлік қатысушылары (инвесторлар) үшін жеке биржа құрылуы мүмкін. Бұл туралы ресейлік Frankrg.com хабарлады. Жаңа биржа құрудағы мақсат – олар осы бастама арқылы Ресейге капитал тартқысы келеді және жеке инвесторлардың санкциялар жағдайында және шетелдік инфрақұрылым тарапынан мәмілелер мен төлемдер жүргізуге толық тыйым салынған жағдайында Орталық банкте сауда жасауына мүмкіндік бергілері келеді.
Қазір Қазақстанда биржа құру идеясын РФ Орталық банкі, Санкт-Петербург қор биржасы және ірі брокерлер өзара талқылап жатқан көрінеді. Санкт-Петербург қор биржасы мен Freedom Holding жобаның акционерлері болуы мүмкін. Қатысушылар ішінде Қазақстан, Қытай және АҚШ-тан да ойыншылар болмақ. Дерек көзімен жақын таныс азаматтардың айтуынша, бұл идеяны РФ Орталық банкі қолдап отыр.
Қазақстандық қаржы сарапшысы Айбар Олжай егер ресейліктер бөлек биржа ашпай, АХҚО аясындағы AIX биржасына кірер болса, бұл процесс Қазақстанды ТМД бойынша ең ірі инвестициялық орталыққа айналдыратынын жеткізді.
«Бұл Қазақстанға не береді? Ең алдымен, АХҚО-ның шын мәнінде өз дамуында жақсы серпін алатынын айту керек. «Астана» биржасына халықаралық капиталдың келуі көбейеді. Ол тек ішкі эмитенттер емес, Қазақстан аумағынан тыс компаниялар мен инвесторлардың осында жайғасып, бір-бірімен сауда жасайтын алаңы болмақ. Біраз уақыттан кейін АХҚО-ға қарасты AIX биржасында шетелдік компаниялардың IPO-сын көріп қалуымыз мүмкін. Бұл – еліміз үшін үлкен оқиға. Әлемнің қаржы орталықтары: Батыста – Нью-Йорк, Лондон, шығыста – Шанхай, Токио, Таяу Шығыста – Дубай, ал ТМД бойынша енді Мәскеу емес, Нұр-Сұлтан болып бекітілетін сияқты. Қазір Freedom Holding тарапынан Ресейдегі инвестициялық операцияларды Қазақстанға ауыстыру ниеті байқалады. Тимур Турлов Қазақстанның Ресейге қарағанда инвестициялық, реттеушілік болашағы мықты екенін біледі, сондықтан ол барлық бизнесін Ресейден бізге ауыстыратыны анық. Онымен бірге, қазір Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі қалған капитал мен инвесторлар да астана жақты бетке алатыны сөзсіз», дейді сарапшы.
Жаңа биржа ресейлік қатысушыларға қандай мүмкіндіктер сыйлайды. Телеграмдағы Bitkogan қор нарығының ресейлік қатысушылары үшін пайда болатын игіліктерді былай тізбелейді: Біріншіден, олар үшін шетелдік эмитенттер бойынша сауданы қалпына келтіру, еурооблигацияларды орналастыру жолымен валюталық капитал тарту және портфельде тұрып қалған акцияларды сату мүмкіндігі пайда болады. Екіншіден, биржада еш шектеусіз және банктердің шектен тыс комиссиясынсыз валютамен операция жасай алады. Ресейлік бизнес көрші елдің банктері арқылы шетелдік контрагенттер қойған шоттар бойынша төлем жасап, сыртқы сауда операцияларын жүргізе алады.
Одан кейінгі мүмкіндік – ресейлік компаниялар қайтадан шетелдік инвесторлар үшін қызықты бола бастайды. Санкциялық қысым, логистикалық тізбектің бұзылуы және инфляциялық қысымның өсуі қор нарығы мен инвесторлардың көңіл күйіне болымсыз әсер ете бастайды. Тиісінше, әжептәуір кэш жиған және сонысына перспективасы бар активтер сатып алуға қабілетті инвесторлар ортаға шыға бастайды. Сондай-ақ қазақ биржасы арқылы ресейлік компанияларға қаржы құю мүмкіндігі ашылады. Атап өтерлік төртінші фактор – шетелдік клиенттер ресейлік биржалық тауар өндірушілермен фьючерс және опцион түрінде мәміле жасай алады.
«Бір қарағанда идеяның перспективасы өте үлкен. Бірақ ескермеуге болмайтын жайттар да бар. Ұсынылып отырған нұсқа батыс билігі тарапынан қарсылыққа ұшырап, санкция енгізілу қаупіне байланысты іске аспай қалуы ықтимал. Идеяны жүзеге асырудың «қосымша аэродромы» – БАӘ, бірақ ол ретте «дос ел емес» түріндегі қиындық туындауы мүмкін. Идея жүзеге аса қалған күнде ресейлік инвесторлардың шетелдік алаңға кіруіне және шетелдік капиталдың Ресейге келуіне жағдай жасайтын уақытша шара бо- лады», деп жазады канал сарапшылары.
РФ Орталық банкі жанындағы эксперттік кеңестің мүшесі, телеграмдағы InvestFuture каналының авторы Кира Юхтенко өз алдына бөлек құрылуы мүмкін биржаның келешегіне күмәнмен қарайды.
«Шетелдіктер ресейлік компанияларға ақша құйғысы келе ме өзі? Мәселе сонда. Активтердің кез келген уақытта бұғатталып қалуы ықтимал екені бейрезиденттердің ойынан әзір шықпайды. Геосаяси жеңілдіктің оңайшылықпен жасала салмасы да белгілі. Ресейлік инвесторлардың Қазақстандағы биржа арқылы америкалық және еуропалық құнды қағаздармен саудаласу мүмкіндігі жайлы да осылай айтамыз. Ондай жағдайда екінші қайтара санкция салу – уақыттың мәселесі. Қысқаша, ресейліктер үшін Қазақстанда биржа ашу өте күмәнді әрекет. Идея авторлары себеппен емес, салдармен күресіп әлек», дейді К.Юхтенко.