Энергетика министрлігі ресейліктердің кенеттен Қара теңіз табанынан жарылғыш заттар іздеп кетуі Қазақстаннан Каспий құбыр консорциумы арқылы шығатын мұнай көлемін азайтпайды дейді. Біріншіден, бізде Қашаған кен орны уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Яғни мұнай өндірмейді. Сондықтан КҚК-де жалқы айлақтық құрылғының (негізі КҚК-де 3 айлақтық құрылғы бар) жұмыс істеп тұрғаны да бізге молынан жеткілікті.
Сарапшылар дерегінше, бір айлақтық құрылғының өзі танкерлерге мұнайдың 50 пайызын тией алады. Бұл дегеніңіз – тәулігіне тасымалдануға тиіс 1,3 млн баррельдің 650 мың баррелі. Егер мөлшері 10 пайыз болатын ресейлік мұнайды алып тастасақ, тәулігіне жіберілетін қазақ мұнайының көлемі 600 мың баррель болады.
«Қашағандағы максималды мұнай өндірісі – тәулігіне 400 мың баррель немесе 50 мың тонна. Мұнай өндірісінің төмендегенін iacng.kz сайтынан («Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» АҚ – ред.) да көруге болады. Егер қазір Қазақстан мұнай өндірісін тоқтатқысы келмесе, онда тәулігіне 200 мың баррелді басқа маршруттарға қайта бағыттауы керек», деп жазады Energy Analytics.
Қазір еліміздегі тәуліктік мұнай өндірісінің көлемі – 200 мың тонна. Қазір қазақ мұнайының 82,65 пайызы – КҚК, 11,25 пайызы – «Атырау-Самара», 3,01 пайызы – Ақтау теңіз порты, 2,59 пайызы – «Атасу-Алашанькоу», 0,49 пайызы теміржол арқылы экспортталады.
«КҚК арқылы тасымал тәулігіне 141 мыңнан 124 мың тоннаға дейін немесе 12 пайызға төмендеді. Тіпті Қашағандағы жөндеу жұмыстарын есепке алмағанда. Қуанышқа орай, бұл жалпы экспорт көлеміне әсер ете қоймайды», дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.
Тағы бір сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мұнай тасымалдауда КҚК ең оптималды нұсқа болып қала береді және оған балама ойлап табу мүмкін емес.
«Каспий құбыр консорциумы – теңізге апаратын ең жылдам маршрут және тарифі де ыңғайлы (тоннасына 38 доллар). Инвесторлар құбырды 67-ден 83 млн тоннаға дейін кеңейткісі келіп отыр. Балама ретінде Баку-Тбилиси-Жиһан маршрутын қарастырып көрейікші: Атыраудан Ақтауға дейінгі логистика – тоннасына 30 доллар; теңіз бойынша фрахт – тоннасына 19 доллар; Бакуде жүкті ауыстыру – тоннасына 8 доллар; құбыр бойынша тариф – тоннасына 32 доллар. Нәтижесінде, тоннасына 90 доллар. Қымбат және ұзақ маршрут. Әйтпесе, жалпы қуаттылығы жылына 60 млн тоннаны құрайтын құбырдың 45 пайызы ғана толтырылған. Балама ретінде Баку-Тбилиси-Жиһанға транзиттік мұнай Сангачлы терминалы арқылы түседі. Бұл маршрут бойынша мұнай сапасы жоғары (Brent-тен 3-4 долларға қымбат), Қазақстанның кез келген мұнайы сай келе бермейді. Ең бастысы, Каспийдің борлануына байланысты танкерлер 10 мың тоннадан ғана тиейді», дейді сарапшы.
Еске салайық, Қашағанда жөндеу жұмыстары биыл 1 маусымда басталды. Кен орны 15 шілдеде жұмысын қайта бастауға тиіс. Тағы бір маңызды мұнай өндіруші – «Теңіз» жөндеу жұмыстарын 1 тамыз – 1 қыркүйек аралығында жүргізбек. Соған байланысты тәуліктік өндіріс 65,7 мың тоннаға дейін азаяды. Қазіргі өндіріс деңгейі – 81 мың тонна.