• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Маусым, 2022

Банктер экожүйесінің дамуы көңіл көншіте ме?

405 рет
көрсетілді

Банктер банк қана болудан қалып барады. Егер банк тек банк міндетін атқарса, онда көштен қалғаны. Иә, бір қарағанда қаржы институты – қор нарығы акцияларына қатысу, несие беру, депозит жинау секілді дәстүрлі жұмыстарын атқара алып жүрсе де зор жетістік. Бірақ заман талабы күшеюде және сектордағы бәсекенің жыл санап түрленіп жатқанын байқаймыз. Сондықтан банктер арнайы экожүйе негізінде қаржылық операциялардан бөлек, адам өміріне пайдасы тиер сан алуан сервистерді ұсына алса ғана алға озбақ. Мұны қазір сектордағы кәсіби мамандар да ашық мойындайды.

Экожүйе деген не?

Алдымен экожүйе дегеніміз не, соған ішанара тоқталып өтейік. Терминді тұң­ғыш рет британ ботанигі Артур Тэнсли айналымға енгізіпті. Оның маз­мұндауынша, экожүйе – бір-бірімен және қоршаған ортамен: ауа, су, жер, тағы да басқа компоненттермен үндесетін организмдер қауымдастығы. Профессор­дың тәпсірлеуінше, өркендеп өсу үшін бұл организмдер бір-бірімен бәсекеге түскен, ынтымақтастық орнатқан, бір­лесе эволюцияны бастан кешкен және сыртқы өзгерістерге жұдырықтай жұмы­лып бейімделген. Қазір бұл термин түрлі салада, соның ішінде қаржы секторында белсенді қолданыла бастады.

Банктің қаржылық қызметі оның өзге де функцияларымен үндесіп, сырттай бөлек көрінгенімен, шын мәнінде бір-бірін толықтырып тұрса, міне, бұл банк экожүйесінің жұмыс істегенін білдіреді. Қазір отандық банктердің мобилді қосымшасы арқылы цифрлы құжаттарды пайдалануға, теміржол мен әуебилеттерін рәсімдеуге, тауарды бөлеп төлеу арқылы сатып алуға, банктік ЭЦҚ кілтін ашуға, жеке кәсіпкерлік құжатын реттеуге, автокөлік сатып алып, ипотекаға қол жеткізуге де болады. Қа­зақ­­стандағы PwC компаниясы кон­суль­тациялық қызмет бөлімінің менед­жері Кристина Мореваның айтуын­ша, банктер тек қаржылық қызмет көр­сетумен шектелмей, клиенттердің өмір­лік қажеттіліктерін де назарға алуы қа­жет. Жеке тұлғалар үшін қаржы қы­з-­­­­ ме­тінен бөлек, отбасы, транспорт, саяхат, денсаулық, киім, жөндеу жүргізуге қатысты сервистер қызық болар еді. Ал бизнеске – бизнес ашу процесін же­ңілдету, клиент табуға көмек беру, бухгалтерлік есеп жүргізу, құжат айна­лы­мының қолайлы болуы сияқты функ­ция­лар қызығырақ. Яғни қай банк осын­дай өнімдерді ұсына бастайды, сол банктің клиенті де күрт көбейеді.

Кибертәуекел артады

Freedom Finance Bank директор­лар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов цифрландыру процесі банк өнімдеріне үлкен өзгеріс алып келді дейді.

«Мысалы, Freedom карталарының 80 пайызы цифрлы жүйеге көшті. Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay өнім­дерінің шығуын да Қазақстан үшін бірегей мүмкіндік дер едім. Шоттарды ашу үшін бірыңғай биометрия енгізі­ліп, заңды тұлғалар үшін онлайн-процестер іске қосылды. Былтыр шілдеде басталған «цифрлы ипотека» отан­дық банк өнімдері нарығы үшін үлкен сер­піліс болды. Банктің тағы бір өнімі – цифрлы автонесие. Ол өнім аясында иден­тификация үшін қашықтан биометрия, авто құнын бағалау модулі, бұлтты ЭЦҚ және цифрлы құжаттар пайдаланылады. GovTech пен FinTech жылдар мен айларды қысқартып, бәрін бір күнге сыйғызып жатыр», дейді А.Жұмағұлов.

Цифрлану, экожүйені дамыту тақы­рыбына келгенде ауызға алғаш­қы болып осы Freedom, одан кейін айрықша атап айтатын Kaspi, одан кейін Halyk Bank, Jusan Bank ілігеді. Олардың кейс­тері – секторға үлгі боларлық­тай, бәсе­кені қыздырарлықтай. Деген­мен эко­жүйенің дамуы бүкіл нарықты қам­ти алған жоқ. Үдерістерге селт етпей, клиент­тер есебінен күн көруден әрі аса алмай отырған, одан асып, цифр­лан­дыру көшіне ілескенімен, бәсе­кеге шыдай алмай отырған қаржы инсти­туты көп. Fortinet компаниясының маңыз­ды тапсырыс берушілерімен жұ­мыс бойынша менеджері Назим Латы­паев экожүйелердің дамуы кибер тәуекел­дерді күшейтеді деген ой айтты.

«Былтыр қаржы жүйесіндегі кибер­қылмыстардың орташа құны 18,5 млн долларға жетті. Сондықтан дәстүрлі банк болып қалу керек пе, әлде белсенді цифр­лану қажет пе, трансформация жаса­ған күнде сол жүйені қорғай аламыз ба деген мәселенің басын ашып алу қажет. Fortinet-те машиналық оқыту мен AI көмегімен инфрақұрылымды желі тұрғысынан да, ақпараттық қауіпсіздік сегменттері тұрғысынан да автоматты түрде бақылауға мүмкіндік бере­тін көптеген құралдар бар», деп түсінді­ре­ді ол.

Банк өз клиентін Google мен Yandex-тен де жақсырақ таниды

Processing.kz негізін салушы Констан­тин Горожанкиннің айтуынша, эко­жүйе мәселесі АҚШ пен РФ-да жақсы жол­ға қойылған. Ол жақтың банктеріндегі қосымша сервистер қарқыны өте жо­ғары. Бұл пікірмен келісуге болады. Мә­селен, Ресейдегі Сбер, Тинькофф қар­жы институттары арқылы дәстүрлі банк қызметін алуға, шағын және орта бизнес платформасын тұтынуға, инвес­тициялау, сақтандыру қызметін пай­далануға, телефон алаяқтарынан қор­ғайтын платформаның клиенті ата­нуға, білім курстарына жазылып, отель брондауға болады.

«Қазір кез келген қаржы құрылымы үшін аса маңызды элемент – қаржы секторының әртүрлі саласын бірыңғай жүйеге біріктіру. Мысалы, брокерлік және банктік қызмет, автонесиелеу мен ипотека, сақтандыру, түрлі қаржылық операцияларды атқару, сатып алуды жүзеге асыру. Осы өнімдердің барлығы бір жүйеге байланып, бір-бірін байытып отыруы керек», К.Горожанкин.

Мұндай ойды Freedom Holding Corp негізін салушы Тимур Турлов айтады.

«Қызметтердің ауқымды спектрін ұсынбайтын, тек бір бағытта жұмыс істейтін ойыншылар нарық үлесі үшін болатын бәсекеде жеңіледі. Қазір біз бір экожүйеге біріккен түрлі бизнестің бір-бірін әдемі толықтырып жатқанын байқап жүрміз. Қаржы нарығындағы бәсеке артуда, бірақ арнаулы ойыншылар арасында емес, цифрлы қаржылық экожүйелер арасында. Банктерде экожүйені дамыту үшін қажетті алғышарт бар. Олар өз клиенттерін Google немесе Yandex іздеу жүйелеріне қарағанда жақсы таниды. Өйткені клиенттер сатып алу, шот төлеу, несие рәсімдеу, билет алу және тағы да басқа қызметтер үшін мобилді банкті пайдаланады. Яғни осы деректерді кім көбірек білсе, сол бәсекеде жеңіп шыға алады», дейді Т.Турлов.

Ломтадзе: «Біз банк емеспіз»

2014 жылдан бері белсенді түрде экожүйе құруға көшкен Kaspi-ді қазір банк деп қана атау қисынсыз болар еді. 2020 жылы олар көпфункционалды суперапп атану арқылы Лондон қор биржасына шығып, компанияның құны 21 млрд долларға бағаланды.

«Біз банк емеспіз – банктерге бэк-офисте жұмыс істеу маңыздырақ. Клиент­­теріміз біздің өнімдермен қалай бай­­ланыс құрады деп алаңдаймыз. Қар­­жылық қызмет көрсетеміз бе? Иә. Тө­лем шешімдерін ұсынамыз ба? Иә. Маркетинг және онлайн-саудамен айналысамыз ба? Иә. Бірақ біз бәрінен бұрын технологиялар жасап, клиент тәжірибесін жақсартып жатырмыз», деген еді Kaspi бас директоры Михаил Ломтадзе.

Halyk – ең үздік экожүйесі бар банк

Қазір бірнеше жетекші банк қызмет­терді интеграциялау үдерісіне кірісіп жатыр. Мәселен, Halyk Bank жан-жақ­ты банк атану үшін инвестиция, сақ­тандыру, телекоммуникация, lifetime-сервис секілді бірнеше өнімнің басын қосып, ашық экожүйе құрды. Мұн­дай ұмтылысты тағы екі банктен бай­қаймыз: ForteBank 2019 жылы техно­логиялық компанияны «жұтып» ал­ғаннан кейін («Банк Kassa Nova» мен One Technologies технологиялық компаниясын сатып алды) қаржы-техни­калық форматқа ауысуды бастады. 2020 жылдың соңында банк өнімдері мен қызметтері экожүйеге кіретін бро­керлік қызмет көрсетуге лицензия алып, ForteFinance инвестициялық компания­сын ашты. Сонымен қатар Forte экожүйесінің портфелінде тауарларды бөліп төлеу арқылы алуға болатын онлайн дүкен, мобилді оператор және туристік тур сатып алуға ыңғайлы платформа жасақталған.

Ал Jusan Bank экожүйесі ең алдымен еншілес компанияларға – сақтандыру және брокерлік компанияларға сүйенеді.Одан бөлек, жүйеге мобилді оператор мен онлайн-дүкен де кіреді. Бір қызығы, былтыр SME Banking Agency жүргізген рейтинг бойынша Қазақстандағы ең мықты экожүйесі бар банктер арасында Jusan екінші орын алған. Рейтинг агенттігі бірінші орынды Halyk-қа берсе, үшінші орынды «Сбербанк Қазақстан» иеленген.

Экожүйені емес, сервисті реттеу керек

«Экожүйелер ешқандай тәуекел тудырмайды, тәуекелді сол экожүйенің ішіндегі сервистер тудырады. Азаматтар мен мемлекеттің мүдделерін сақтау мақсатында оларды стандартты тәсіл­дермен (әдетте олар тек төлемдер мен аударымдарға негізделген) реттеу керек. Егер сервисті емес, экожүйені реттей бастасақ онда оның дамуына кедергі боламыз», деп пікір білдіреді «Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов.

Dell Technologies жүйелік аға инже­нері Ильдар Суханов бұрын банктер құрылғыларға көп инвестиция салса, қазір локалды және бұлтты деректер­ге көбірек қаржы бағыттағанын жеткі­зе­ді. Accenture компаниясы жүргізген сауалнамаға қатысқан 120 банктің 88 пайызы тұтынушымен коммуникация құруда экожүйе үлкен мәнге ие деп санайды. Алайда экожүйенің дамуы тиісті табыс әкелмей, тек клиент­тер қызығушылығын топтастыруда маңызды рөл атқарып, бірақ банк биз­несінің тоқырауына алып келуі ықтимал деген пікірлер де бар.

Қаржы институттары 6 негізгі басымдыққа мән беруі қажет

Accenture зерттеуінің қорытындысы бойынша банк экожүйесінде мына сер­вистердің ерекше басымдыққа ие екенін аңғаруға болады: Біріншісі – бизнеске арналған сервис, соның ішінде есеп айырысу шотын жүргізу, шот ұсыну, онлайн-бизнесті жүргізуге көмек, заң және бухгалтерлік қызметтер.

Екіншісі – тұрмыстық сервистер, оған негізінен жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтер, соның ішінде кредит, ипотека, коммуналдық қызмет, көшу бойынша провайдер таңдау, күзет қызметі кіреді.

Үшіншісі – көпшілікке арналған сервистер. Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше экожүйенің бұл бағытына сұра­ныс артады, өйткені оған салықтар мен айыппұлдарды төлеуді бақылау, несие тарихымен танысу мүмкіндігі, қол жетімді жеңілдіктер бойынша кеңес алу, сондай-ақ бизнесті тіркеуге қолдау көрсету кіреді.

Төртіншісі – ритейлдегі сервисті дамыту. Оның аясында кэшбек, жеңілдік, сыйлық ваучерлері сияқты ұғымдар жетілдіріліп, электронды коммерцияда тұтынушы үшін эксклюзивті ұсыныстар жасалады.

Бесіншісі – қозғалыс қызметі, яғни көлікті онлайн сатып алу, онлайн рәсім­деу, лизингтік несие, сақтандыру, техни­калық көмек көрсету қызметтеріне қол жеткізу.

Сондай-ақ денсаулық сақтау да ма­ңызды басымдықтар қатарына енген. Клиенттер банк қызметтері аясында денсаулықты сақтандыру, медициналық, спорттық мекемелерге бару, спорттық тауарларды жеңілдікпен сатып алу мүм­кіндігін пайдаланғысы келеді.

Жақын келешекте банктердің алдында тек қаржылық қызметтермен шектелмей, ірі IT-компания бола алу міндеті де тұр. Қазірдің өзінде азаматтар уақыты мен энергиясын үнемдегенге үйреніп алды. Мәселен, «Нұрбанк» секілді банк­терде несие төлеу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне бару қажет. Ал жоғарыда аталған жетекші банктерде несие төлеу, депозит құю, бөліп-төлеу мүмкіндігімен тауар алу, одан өзге сан алуан қызметтерді үйде отырып, онлайн форматта-ақ пайдалануға болады. Әлбетте, клиент екінші нұсқаны таңдар еді. QR-код арқылы сатып алу жасаған, онысымен қоймай бұл процесс үшін қосымша бонус алған, несиені де онлайн алып, онлайн жапқан, цифрлы құжатты да мобилді қосымшадан жүктеп алып, әуе билетін де сол жерден жүктеген тиімді. Бұл өз кезегінде еңбек нарығы заңдылықтарына да әсер етпек.