Көш көбейеді
Еліміздің Тәуелсіздік алуының нәтижесінде жүзеге асырған ең басты игілікті істеріміздің бірі – әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымызбен мәдени-рухани, оқу-білім саласында тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына барлық қажетті жағдай жасауымыз болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін қолына алған алғашқы күннен бастап бұл мәселеге айрықша назар аударды. Сырт жерлерден этникалық қазақтардың көптеп көшіп келуі Қазақстанға үлкен демеу болды. Яғни оралмандардың есебінен экономикамыздың түрлі салаларында, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында істің көзін тауып, аянбай жұмыс істейтін азаматтар әлдеқайда көбейді. Ал ана тіліміздің, басқа да ұлттық болмысымыздың қайта жаңғыруына оралмандардың қосқан үлесі тіптен мол. Өкінішке қарай, соңғы кезде оралман ағайындардың еліміздің өсіп-өркендеуіне тигізген осындай оң ықпалын жоққа шығаруға тырысатын ұшқары пікірлер мен қате ұғым-түсініктер жиі байқалып қалып жүр. Дегенмен, мұндай үстірт пікірлер шетел қазақтарының атажұртқа оралуына айтарлықтай кедергі жасап, түрлі қиындықтар тудырды. Нақтырақ айтқанда, соңғы уақытта атажұртқа келген ағайындардың тұрақты тіркелуіне, оралман мәртебесіне қол жеткізіп, азаматтық алуына қатысты біраз мәселелер қиындатылды. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің 20 наурыздағы 2014 жылғы №248 қаулысы бойынша оралмандарды орналастыру еліміздің 7 облысымен ғана шектеліп, өзге өңірлерге келген ағайындарға оралман мәртебесін мүлдем бермеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл ретте, әсіресе, оралмандарға азаматтықты Қазақстанға келгеннен кейін 4 жылдан кейін ғана беру керек деген тәртіп атажұртқа оралған ағайындарды барынша тұйыққа тіреді. Егер осы айтылған ереже-тәртіптің бәрі жүзеге асатын болса сырт жерлердегі ағайындардың атажұртқа оралуы мүлдем азайып, тоқталуы да әбден мүмкін еді. Соған орай, бұл жағдайлар жұртшылықтың арасында кәдімгідей алаңдаушылық туғызды. Этностық көші-қон мәселесін қайта қарап, оралмандардың атажұртқа келуін барынша жеңілдету қажет деген ұсыныс-тілектер барлық жерде жиі айтыла бастады. Этностық көші-қонға қатысты мұндай маңызды мәселені көтеруге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да өзінің айтарлықтай үлесін қосты. Әрине, көші-қон жұмыстарын жүргізу, негізінен, мемлекеттік мекемелердің міндеті екендігі баршаға мәлім. Әйтсе де, бұл жұмыстан Қауымдастық та шет қала алмайды. Бұл ретте, біз ең алдымен алыстағы ағайындарымыздың атажұрт – Қазақстанмен байланыс жасау, барыс-келіс жөніндегі өтініш-тілектерін тиісті орындарға дер кезінде жеткізіп отыруға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне шетелдегі қандастардың атажұртқа оралуының жолдары мен мүмкіндіктерін барынша кеңейтіп, бұл жөніндегі ереже-талаптарды барынша жеңілдетіп, қайта дайындау керек екендігі жөнінде нақты ұсыныс та жасадық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамынан қайта құрылған Көші-қон комитетіне этникалық көші-қонның өзекті мәселелері мен оларды реттеп, бір жүйеге түсірудің жолдары жөніндегі ұсыныс-пікірлерімізді де арнайы жолдадық. Этностық көші-қонға байланысты бүкіл жұртшылық болып жан-жақты көтерген мәселелер, міне, бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп отыр. Яғни күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова алдағы уақытта оралмандарға азаматтық берудің жолы бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетіліп, бір жыл ішінде шешілетінін жария етті. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша, оралмандарды орналастыруда ешқандай шектеу болмайды, алыстан келген ағайындар атажұрттың қай өңірге қоныстанамын десе де өз еріктерінде. Оралмандарға түрлі жәрдемақы, баспана беру жөнінде де жеңілдіктер қарастырылады. Әрине, бұл саладағы мәселелердің бәрі осымен бірден толық шешіліп кетеді деуге әлі де ерте екендігі де анық. Алыстағы ағайындардың атажұртқа жаппай бет бұруын бір жүйеге түсіруде әлде де ойландыратын мәселелер баршылық. Бұл ретте қазір «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа жобасы дайындалып жатқанын да айта кеткіміз келеді. Оралмандардың әлі де шешімін таппаған мәселелері осы жаңа заңмен біржолата реттеліп нақты шешілуге тиіс. Бұл жаңалықтардың бәрі шетелдегі сан миллион қандастарымыздың атажұртқа деген ықыласын бұрынғыдан да арттыра түсетіні анық. Яғни алдағы уақытта оралмандар көші қайта көбейіп, атажұртқа қоныс аударатын ағайындардың саны әлдеқайда арта түседі деп сенеміз. Ең бастысы, барша халық мұндай маңызды мәселенің Елбасының тікелей қадағалауымен, қамқорлығымен шешілгенін біледі де, бағалайды да. Қазақ көшінің тоқтамауын қамтамасыз еткен осы құтты қадам үшін айтар алғысымыз шексіз! Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары. _____________________________Үмітімізді оятты
Қай қоғамда болмасын көпшілік пікірімен санасу теріс нәтижеге әкелмесі анық. Жұртшылық аузында көп айтылған, көп талқыланған жайттардың ішінде әбден толғағы келген, пісуі жеткен мәселелер аз емес. Еліміз Тәуелсіздік алғалы жұртшылық аузында көп әңгіме болған сол жағдайлардың бірі де бірегейі – көші-қон мен оралман ағайындар мәселесі болып келе жатқандығы талас тудырмайды. Үкіметтің кезекті отырысынан соң Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың көші-қон мәселесіне байланысты жасаған хабарламасы көңілдерге жылылық әкелді. Көші-қон мен оралман ағайындардың жай-күйі төңірегіндегі ең бір өзекті істер туралы сөз қозғалуы бізді қуантты. Азаматтық алудың 4 жылға созылуы, белгілі бір аймақтарға ғана қоныстану жөніндегі талаптар елге көшу ниеті бар ағайындардың арасында біршама реніш тудырып жүргендігі жасырын емес-ті. Алдағы жылдан бастап бұл қиындықтың оң шешім таба бастайтындығы мен сияқты атажұртқа үмітпен көз тігіп отырғандардың бәріне жағымды әсер еткені даусыз. Азаматтық алу бір жылға дейін қысқарып, қоныстану еркіндігі қайта қалпына келтірілмек екен. Басқа мемлекеттердегі қандастарымыздың қалай ойлайтынын қайдам, дәл қазір біздің Қытай еліндегі қазақтардың арасында тарихи Отанына қоныстануды қалайтындар қатары мол. Жұмыс орнын иемдену, біршама тәуір жалақы мен зейнетақы алу жағынан Қытай қазақтары қиындық көріп отырған жоқ. Алайда, болашақ ұрпақ тағдыры көпшілігімізді алаңдатуда. Ана тілін сақтау, қазақы ұрпақ тәрбиелеу қиын болып барады. Осыны ойлағанда тәуекел етіп, атажұртқа көшіп-ақ кеткің келеді. Ауа райы, жер жағдайы біздің Құлжа аймағына келіңкірейтін өңірлердің оралмандар үшін жабықтығы қинайтын. Қазақстанның кез келген жеріне қоныстануға мүмкіндік бар кезеңде, ертеректе көшпегеніме өкініп жүрген жайым бар-ды. Ел жақтан жаңалық күтіп елеңдеп жүрген шағымда, соңғы жеткен жағымды ақпаратқа өз басым шын қуандым. Оралмандардың азаматтық алу мерзімін, қоныстану еріктілігін бұрынғы қалпына келтіру, бұл реттегі көші-қон заңнамаларына өзгерістер енгізу туралы осы кезге дейін көп айтылып келгенімен нәтиже аз еді. Көпшілік пікірі жерде қалмай, нақты шешім таба бастағандығы кеудемдегі жақсы үмітімді қайта оятты. Нәсіпбай ЖАНТҮГЕЛ, Қытай Халық Республикасы, Құлжа қаласы. ____________Қуанышымызда шек жоқ
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің көк туын желбіреткеннен бастап, қазақтың қазыналы байлығы қазақ екенін алға ұстап, дүркіретіп Дүниежүзі қазақтарының басын қосып, 1992 жылы Алматыда алғашқы Құрылтай өткізіп, әлемдегі қазақтардың жалғыз Отаны – Қазақстан деп, бар қазақты елге шақырғаны баршаға аян. Сол күннен бастап, тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашыраған қазақтар елге қайта бастады. Әлі күнге толастар емес. Міне, азаматтықты бір жылдың ішінде беретін болып, оралмандар келетін аймаққа шектеу қоймай, қалаған аймаққа барып оралман мәртебесін алатын болғанын теледидардан естіген, газеттен оқыған оралмандар алғыстарын айтып, ризашылықтарын үкіметке білдіріп жатыр. Ақтөбе облысының оралмандарды қабылдайтын аймаққа кіргені заңды. Себебі, экономикасы дамыған, инфрақұрылымы мықты 4 қаланың бірі. Жақын жылдарда қала тұрғынын миллионға жеткіземіз деп отырған Ақтөбе облысында оралмандардың үлесі мол болмақ. Бұл қуанышты хабарды естіген Қарақалпақстандағы ағайындар тойлап жатқанын айтып қоңырау шалып жатыр. Себебі ата-бабаларының жері Ақтөбе болғандықтан олардың тойлайтын реті бар. Шетте жүрген қандастарымыздың Отаны Қазақстан болғандықтан, олардың да қуанышында шек жоқ шығар. Елбасы бастаған көш, әрине, тоқтауға тиісті емес. Қазақ елінің кең байтақ жері қазаққа толсын. Оралмандарға оңтайланған оң шешім оңды болып, ұзағынан болсын, ағайын. Базарбай ИМАН, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиалы жетекшісі. ________________________________Желкен қайта желбіреді
Қазақтың тағдыры Қазақстанды ешқашан бейжай қалдырған жоқ. Ал 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттігін қайта қалпына келтірген соң Елбасы шетелдегі барша қазаққа үндеу жолдады. Онда қандастарға атажұртқа оралып, егемен елдің іргесін бекітіп, шаңырағының уығын көтеруге өз үлесін қосуға шақырды. 20 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан бұл көшке әркім шама-шарқына қарай бірі ерте, бірі кеш ілесті. Олармен байланыста болып, елден хабар алып отырған соң мұндағы жағдайдан бәріміз де құлағдар болып отырдық. Сондай-ақ, біріміз қызметке тұрған мекеменің талабына сәйкес, екіншіміз отбасымыздағы жағдайларға байланысты бөгелуге мәжбүр болдық. Азаматтық бірден берілмейтін болған соң, отбасымыздағы бала-шағаның ертеңгі күніне алаңдаған біраз жұрттың бойында үміт пен күдік қатар бой көрсете бастаған болатын. Енді Қазақстаннан жеткен соңғы қуанышты жаңалықтар біздің бұл күдігімізді қайта тарқатып, атажұртқа оралсақ деген үмітіміздің желкенін қайта желбіреткендей болды. Бізді әсіресе, қоныстанатын жерді өзіміздің таңдауымызға мүмкіндік берілуі қуантып отыр. Өйткені, Қазақстанға ертерек келіп, өзі қоныс тепкен аймаққа бейімделіп үлгерген ағайын-туыстың ортасына келу біз үшін де қолайлы болары күмәнсіз. Сондай-ақ, азаматтыққа 1 жылдың ішінде қол жеткізетін болсақ – жұмысқа орналасуға, балаларымызды мектепке беруге, емханаға қаралуға және басқа тіршілік жағдайларымызды бір жолға қоюға біршама мүмкіндіктер берері анық. Өз басым, Қазақ Үкіметінің көші-қондағы өзгерістерді қайта қарап, сырттағы ағайынға ауыртпашылық түсірмеу үшін ондағы талаптарды жеңілдетуін – дер кезінде қабылданған оң шешім болды деп санаймын. Бұл қазақтың қазаққа деген бауырмалдығын дәлелдеп, Қазақ елінің әлемнің төрт қиырында тарыдай шашылған өз қандастарын бір тудың астына жинау мақсатынан ешқашан айнымайтынын паш еткендей болды. Фазыл ТОПЛЫ, Түркиядағы қазақ-түрік қорының директоры.