АҚШ тарапынан бұғаттаушылық санкцияға ұшырағаннан кейін ресейлік «Альфа-Банк» еншілес банкінің 100 пайыз акциясын отандық «Банк ЦентрКредит» сатып алды. Бұдан былай ол нарықта жаңа атаумен – Eco Center Bank ретінде қызмет етпек.
Ranking сарапшыларының бағалауынша, жаңа банктің мамыр айындағы көрсеткіштерінің бәрі минус деңгейінде. Баяғы деңгейінен қатты түспеген жалғыз көрсеткіш меншік капиталы екен. Меншік капиталының көлемі сәуірмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеп, 134 млрд теңгені құраған. Ал жылдық динамикада тіпті 23,3 пайыз деңгейінде ұтысқа шыққан.
«Өзге көрсеткіштер бойынша Есо Center Bank-те бәрі де нашар. Бір айда банк активтері бірден екі есе азайған. Көктемдегі «санкциялық» айларда банк жылдық динамикада активтер портфелінің 41,1 пайызын жоғалтты. Қарыз портфелі 35,6 пайызға төмендеді. Сәуірде банктің міндеттемелері 2,5 есе азайған. Сондай-ақ қаржы институтының салымдары 59,5 пайызға қысқарып, 1 мамырда 208,6 млрд теңгені құрады. Жылдық динамикада салым портфелі 2,1 есе төмендеген», дейді Ranking.
Eco Center Bank бола салысымен жариялаған алғашқы жаңалықтарының бірі – жеке тұлғалар үшін 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап депозит бойынша мөлшерлемені төмендетуі. Сонымен қатар жаңа банк біржақты тәртіпте барлық ағымдағы шоттарды жауып тастады. Банктің шотында қалған барлық қолма-қол ақша «Банк ЦентрКредит» шоттарына ауыстырылады.
Сондай-ақ ағымдағы шотты, дебеттік немесе несие карталарын, депозит ашу, кредит алу, Swift пайдалану, картадан картаға аударым жасау сияқты операциялар әлі де қолжетімсіз.