• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Маусым, 2022

«Жаңа Қазақстан» – арнайы жүлде

341 рет
көрсетілді

Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Биыл «Парасат» байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түскен. Авторлардың қатарында елордамен бірге өңірлердегі телеарна, радио, газет, ақпараттық портал және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері бар.

БАҚ өкілдерін кәсіби мере­ке­лерімен құттықтаған Сенат Төр­ағасы Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысының реформаларын және «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруды заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы сенаторлардың жұмы­сына тоқталды. Бұл бағыт­та Палатаның ақпараттық ашық­ты­ғына баса мән беріледі.

«Сенат жұмысында қызме­ті­міздің ашықтығына және БАҚ өкіл­дерімен тығыз байланысқа әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Бұл – біз үшін маңызды бағыт. Біз Сенаттың заң шығару қызметін халыққа жан-жақты жеткізуге мүдделіміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикері депутаттар қабылданатын заңдардың сапасына терең мән беретінін айтты. Сондай-ақ олар азаматтарды алаңдатқан мәселелерді үнемі көтеріп келеді. Осы жұмыстарды жұртқа жеткізу үшін Сенат дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен және масс-медиамен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді. Сонымен қатар Палата Төр­ағасы Сенаттың заң шығару қыз­метін халыққа дәріптеп жүрген жур­налистердің парламенттік пулына, еліміздегі телеарна, радио, бас­пасөз редакцияларына алғыс біл­дірді.

Сонымен «Парасат» бай­қауы­ның 2022 жылғы жеңімпаздары болып «Үздік телевизия материалы» аталымы бойынша «Хабар 24» телеарнасының журналисі Дас­тан Сейілханұлы және Astana TV телеарнасының тілшісі Яна Глад­кова танылды. Ал «Үздік бас­пасөз материалы» аталымын әріптесіміз, Egemen Qazaqstan газетінің аға тілшісі Абай Отар жеңіп алды. Дәл осындай аталым­мен «Рудный Алтай» Шығыс Қазақ­стан облыстық газетінің ұжымы марапатталды.

Stan.kz ақпарат порталынан Айнұр Мұхади мен «БЕСсимп­томно» телеграм-каналының же­тек­шісі Серікжан Мәулетбай «Интернет басылымдардағы үздік материал» аталымында оқ бойы озып шықса, «Әлеуметтік желілердегі үздік материал» аталымын «Сұрауы бар» YouTube арнасының авторы Ербол Сейілхан және қоғам қайраткері Марат Шибұтов өзара бөлісті.

«Жаңа Қазақстан» арнайы жүлдесі үздік сараптамалық материалы үшін Qazaqstan ұлттық теле­арнасының журналисі Жалғас Алтаев пен «Еуразия» бірін­ші арнасының «Грани» телеви­зиялық бағдарламасына берілді. «Пар­ламенттік журналистиканы да­мытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесі Tengrinews.kz ақпараттық порталының ұжымы және «Казах­станская правда» газетінің жур­налисі Лаура Түсіпбековаға тапсырылды.