Цифрлы технологияны ауыл шаруашылығы саласына да енгізуге болады. Бұл әдісті Құрманғазы ауданындағы «Қараша» шаруа қожалығы қолға алды. Қазір аталған шаруашылықта өріске шыққан мүйізді ірі қара электронды бақташымен бақыланады.
Шаруа қожалығы Асан ауылдық округінде тіркелген. Қожалық жетекшісі Мәнсия Әбілхайырованың айтуынша, «электронды бақташы» құрылғысын іске қосу үшін Германиядан төрт шағын электр стансасын сатып алған. Әр станса күн көзінен қуат алады.
– Біздің қожалықта 400-ден астам мүйізді ірі қара бар. Мақсатымыз – тұрғындарды сапалы өніммен қамту. Иелігіміздегі 12 шақырымдық жайылымды электр желісіне қосылған сыммен бірге тартылған жіппен қоршадық. Бұл жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, малымызды ұрыдан, екіншіден, ит-құстан қорғауға мүмкіндік алып отырмыз. Арнайы мамандарымыз «электронды бақташының» үздіксіз жұмыс істеуін үнемі бақылайды, – дейді М.Әбілхайырова.
Атырау облысы