Иса Байзақов Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында туған. Қазақ поэзиясында айрықша орын алатын Исаның актерлік, әншілік, домбырашылық өнерінің сыртында оның ақындық өнері бір төбе. Оның «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай», «Ақбөпе» сияқты поэмалары өзінің көркемдігімен де, адамгершілік асыл қасиеттерді паш ететін идеялық қуатымен де қазақ әдебиетінде айрықша мәртебелі орынға ие.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінде ерекше дарын иесі Иса Байзақовтың домбырасы сақталған. Ақынның домбырасы қарт Қаратаудың қойнауындағы Бәйдібек ауданына қалай келді?
Сонау сұрапыл соғыс жылдарында шежірелі Шаян өңіріне ақын Иса Байзақов келеді. Сұм соғыс еңсесін езген ел ақынды құшақ жая қарсы алады. Жайбарақат тіршіліктің астан-кестенін шығарған соғыстың ауыр, бейнетті тіршілігінен, азаматтарынан айырылып қамыққан қалың жұрт ақынның жыр-дастандарын таңға дейін тыңдап бір серпіліп қалады.
Ақын ауылдарды аралап, көпшілікті ән-жырымен рухтандырып жүргенде Батыстағы әскерлерімізден «1943 жылдың 2 ақпанында Дон майданының әскерлері Сталинград түбінде қоршауға алынған неміс армиясын толық талқандады» деген жақсы жаңалық жетеді. Соғыстың әрбір сәтін қалт жібермей,«Бәрі де майдан үшін!» деп ауыр бейнетті арқалап жүрген ауылдағылар бұл жеңіске шат-шадыман қуаныпты. Қазақ табалдырық аттаған әр қонағын кұт санаған емес пе? Ауыл тұрғындары да Иса ақынды құт көріп, сүйінші сұрайды. Дарқан көңілді ауылдағылармен қоса қуанған ақын сүйіншіге өзінің қимас серігі домбырасын берген екен. Мұндай мәрттікті күтпеген жұртшылық ақынға «жар дегенде жалғыз домбыраңыздан қалай айырамыз» деп қынжылыпты. Сонда «Уа, көпшілік, ізетке найза бойламас, мен сүйіншілеген елге шын көңілмен бердім домбырамды» деп ағынан жарылған екен ақын.
Соғыс аяқталып бұл оқиға да ұмыт болады. Иса ақынның домбырасы да ел жадынан шығып кетеді. Арада біраз жылдар өткен соң, осы оқиғадан хабары бар Ақтас ауылының тұрғыны Орынтай Атабеков өзінің нағашысынан ақынның домбырасын алып келіп, музейге өткізеді.
Бүгінде Иса ақынның домбырасы музей төрінен орын алған құнды жәдігерлердің бірі.
Эльмира ЖАМАШОВА,
Сәулет-көркем музейінің қызметкері
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы