Театр – таңғажайып әлем. Рухани азығың аздық етсе, жан дүниең тозып бітсе, театрға бар. Соңғы жылдары Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының табалдырығын аттап жүрген көрермен көп. Олардың бәрі рухани тозғандықтан емес, өркениетке қол созғандықтан өнер ордасын жағалап жүр. Гүлімен келмесе де, рухты замандастың бірімен еріп, қазақ театрына қолдау көрсетеді.
Ел арасында театр залын толтыру үшін көрермендерді күштеп апарады деген жағымсыз пікір қалыптасқан. Жүсіпбек атын иеленген қарашаңырақтың кез келген спектаклін сырттай бақылап отырсаңыз, «бөтен» ешкімді байқамайсыз. Әдетте, өз еркімен келмеген адамның назары басқаға ауып, қолын қалтасындағы ұялы телефонына жүгіртіп, бір орнында байыз таппай отыратыны түсінікті. Ал мұндағы көрерменнің сахнадағы қойылымға кіріп кетіп, әр әртістің сөзін мұқият тыңдап отыратыны қуантады. Тіпті бірде-бір спектакльді қалт жібермейтін тұрақты көрермендері де бар. Олар қойылым қайталанса да театр залынан табылады екен. Театрға үнемі қолдау көрсететін жанашыр жандар да жетерлік. Мәселен, дәл осы театрдың іргесін қаласқан белгілі журналист, мәдениет және қоғам қайраткері Мұхит Омаровтың қамқорлығын ерекше атап өтуге болады. Бұл жайында театр директоры Арман Темірбекпен сұхбаттасу барысында хабардар болдық.
– 2018 жылдың тамыз айынан бастап театрдың тізгінін қолға алдым. Осы уақытқа дейін азды-көпті жұмыстар атқарылды. Әлі де тың жоспарымыз бар. Әу баста шығармашылық бағытты жандандырудан бұрын ғимараттың жөндеу ісіне басымдық бердік. Себебі театр үлкен өнер ордасы болғандықтан сырты да, іші де көрермендерді тамсандырып, өзіне тартып тұруы қажет. Ең әуелі 2019 жылдың жазында дыбыс беру және жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. Пандемияға байланысты күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы жалғасты. Атап айтсақ, ғимараттың қасбеті, сырты толығымен жаңартылды. Бұрын көрермендер бір есіктен ішке енетін, қазір сәулеті келіскен екі есік айқара ашық. Бұдан бөлек нысанның есігі мен терезесі, залдағы орындықтар, сахна шымылдығы ауыстырылды. Бұрындары жаңбыр жауса, бөлмелер былай тұрсын, сахнаның әр жерінен су тамшылап, шелекпен жүгіріп әуре болатын едік. Бүгінде шатыр жаңартылды. Оның сапалы орнатылғанын жаңбыр жауғанда тексеріп алдық. Жоба шеңберінде грим бөлмесі, өзге де кабинеттер жаңа кейіпке енді. Тағы басқа кем-кетіктері болса түзеле жатар. Себебі мердігер ұйым жөндеу жұмыстарына 5 жыл кепілдік беріп отыр, – дейді Арман Темірбек.
Шыны керек, біздің де театрға ат басын бұрмағалы көп болыпты. Бір «пайдасы» – театрдың бұрынғы және қазіргі жағдайын салыстыруға мүмкіндік туды. Шынымен де өнер ордасы ажарлана түскен. Алыстан менмұндалап тұр. Түнгі көрінісі тіптен тамаша! Театрдың табалдырығын аттай бере, рухани ордаға аяқ басқаныңды сезінесің. Ұлттық стильде киінген қызметкерлер күлімдеп қарсы алады. Көрермен залына барғанға дейін қабырғадағы пайдалы стендтерден мол мағлұмат алып, қойылымға өзіңді дайындап барасың. Бұл әлі қойылымға дейінгі әсер мен әңгіме. Ал талантты әртістермен жасақталған өнер ұжымының әр қойылымын көрген де, көрмеген де арманда!
– Биыл көрермендерге 7 жаңа спектакль жол тартты. Оның екеуі балаларға арналған. Жалпы, қоржынымызда 40-қа жуық қойылым бар. Театрдың көркемдік кеңес мүшелері ең әуелі жаңа спектакльдің мәтінін, маңыздылығын жіті сүзгіден өткізеді. Көпшіліктің пікірі ескеріліп, өзгерістер енгізіліп, жақсылап талдау жасалғаннан кейін ғана жаңа қойылым дүниеге келеді. Кейін режиссер рөлдерді бөледі. Оның өзі әртістер үшін үлкен мереке. Одан соң рөл алған әртістер таңнан кешке дейін мәтінді бірнеше рет қайталап оқып, санасына әбден сіңіреді. Бізде оны «үстел үсті оқылым» деп атайды. Мәтін жатталғаннан кейін сахнаға шығып, бой үйрете бастайды. Образға енуі – бөлек әңгіме. Ол уақытта қоюшы режиссер мен көркемдік жетекші бірлесе отырып, өздерінің тиісті жұмыстарына кіріседі. Бүгінде қойылымға қажетті заттарды алу мемлекеттік тапсырыс арқылы реттелетінін ескерсек, кейде порталға байланып, ұзақ уақыт күтетініміз бар. Осылайша, әр жаңа қойылымды сахнаға шығару үшін кемінде 1-1,5 ай уақыт қажет етіледі.
Биылғы маусымның соңғы премьерасы – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған «Тасжүрек» трагедиясы (режиссері Жангелді Садықов). 33-ші маусымды «Есіңе мені алғайсың» (режиссері Ержан Қауланов) атты музыкалы-поэтикалық кешпен аяқтадық. Биылғының басты олжасы – көрермендердің саны артты. Әсіресе жастардың үлесі зор. Балалар да жиі келеді. Жасыратыны жоқ, кейде үлкен қойылымдарға шулайды деген үреймен «балалар көп келмесе екен» деп тілейміз. Осы орайда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, мықты маман Еркін Жуасбектің: «Бала бүгін, ертең шулар, бірақ түптің түбінде театр оны тәрбиелейді» дегені есімде қалыпты. Жөн сөз! Балалар тек қана ертегілерге келмей, үлкен спектакльдерден де табылса ұтарымыз көп болмақ, – дейді театр басшысы.
Арман Темірбек бастаған ұжым театр фестивальдарына жиі қатысады. Ондағы мақсат – әртістердің тәжірибе жинақтап, деңгейінің өсуіне жағдай жасау. Сыншылар әр спектакльді, әр рөлді талдап, сол жерде әртістің кемшілігін айтқанымен, сыни пікір мамандығының майталманы болуына жол ашатыны сөзсіз. Павлодарлық өнер ұжымының байқаулардан жүлделі оралатын сәттері де аз емес. Атап айтсақ, былтыр күзде Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыка-драма театрының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық фестивальда «Ревизор» спектаклімен (режиссері Әділет Ақанов) «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымын жеңіп алған. Аталған фестиваль аясында ұйымдастырылған волейбол жарысында павлодарлықтар жеңімпаз атанып, бұл сапардан олжалы оралыпты. Бір ай уақыт өтер-өтпестен Қарағанды қаласындағы Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын!» фестивалінде театр әртісі Еркежан Төлеубек әйелдер арасында «Үздік эпизодтық рөл» аталымына ие болды.
Біздің тізбелеп отырғанымыз, пандемиядан кейінгі жетістіктер. Әйтпесе, індетке дейінгі жетістіктері – бір төбе. Бір ғана мысал, 2019 жылы өткен «Әбіш әлемі» атты халықаралық фестивальға еліміздің намысын қорғауға 2 театр ұжымы ғана іріктеліп, жолдама алған. Бірі – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры болса, екіншісі – осы Ж.Аймауытов атындағы қарашаңырақ. Фестиваль Маңғыстау жерінде жалауын желбіреткендіктен, байқауға қатысқан жергілікті театрды есепке алып отырғанымыз жоқ. Бүгінде елімізде алпыстан астам мемлекеттік театр, дәл соншама жеке театр бар екенін ескерсек, мәртебесі биік өнер додасына атағы көпке мәшһүр әкемтеатрмен қатар қатысу үлкен абырой екені сөзсіз.
Жетістіктермен бірге жеткіліксіз дүние деген қатар жүретіні белгілі. Еліміздегі облыс орталықтарында орналасқан театрлардың ортақ мәселесі – кадр тапшылығы. Барлығы дерлік Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жас әртістерге «құда» түсетіні белгілі. Тіпті 4-курс оқып жүрген қыз-жігіттермен ертерек байланыс орнатып, ұжымға тартуға тырысады.
– Кадр тапшылығын болдырмауға тырысамыз. Былтыр 6 маман қатарға қосылған еді. Биыл отбасылық себептерімен үшеуімен қош айтысқалы жатырмыз. Жалпы, еліміздегі театр әртістерінің жалақасы мардымсыз екені мәлім. Осы ретте ұжымдық келісімшарт негізінде кіріс қорынан жалақыға қосымша қаражат бөлу қарастырылған. Баспана жалдауға да көмек көрсетеміз. Театрдың жатақханасы бар. Бірақ жағдайы керемет деп айта алмаспыз. Шама-шарқымызша жыл сайын жөндеу жүргіземіз. Әйтпесе, ыңғайлы жағдай жасалмаса, жас әртістердің тұрақты еңбек етуі қиын. Әртістерге басты рөлді беріп, қойылымға қомақты қаражат бөліп, спектакль көрермендердің көңілінен шығып жатқан уақытта қызметкердің жұмыстан кетуі әжептәуір салмақ салады. Мәселе қаражатта емес, бағалы уақытты жоғалтамыз. Басты рөл басқаға бұйырар, бірақ қойылым бұрынғыдай болмайды, – дейді Арман Темірбек.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Алдағы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, көрермендердің сұранысына сай спектакльдерді сахналауды жоспарлап отыр. Жүсіпбек атындағы қарашаңыраққа жүріп емес, жүгіріп баратын уақыт алыс емес...
Павлодар облысы