Блумберг агенттігі 100 жылда алғаш рет Ресейдің шетелдік валютадағы тәуелсіз қарыз бойынша дефолтқа ұшырағанын хабарлады.
Ресей шетелдік валютамен (доллармен) сатып алған облигация бойынша пайыздарды доллармен төлеуге тиіс. Бірақ долларлық шоттары бұғатта жатқандықтан Ресей халықаралық инвесторларға пайыздарды доллармен төлей алмайды. Рубльмен төлейін десе, оны ешкім қабылдамайды. Агенттіктің мәліметінше, 100 млн долларға жуық мөлшердегі пайызды төлеу бойынша жеңілдік кезеңі өткен жексенбіде аяқталған.
Loomis Sayles & Company LP аға талдаушысы Хасан Мәліктің айтуынша, өзінде қаржы бола тұра өзге үкіметтер қысымымен дефолтқа ұшырау – сирек кездесетін жағдай. Бұл тарихтағы аса ірі дефолт болады деп болжайды сарапшы. Алайда РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков валюталық қарыз міндеттемесі бойынша дефолтқа тап болған жоқпыз дейді.
Көптеген рейтинг агенттігінің хабарлауынша, мемлекеттік қарыз бойынша төлемді рубльмен жасау Ресейдің техникалық дефолтқа кіргенін білдіреді. Яғни мемлекетте ақша бар, бірақ қарыздарын ол ақшамен төлей алмайды. АҚШ Қаржы министрлігі Ресейді миллиардтаған қарыздарды (халықаралық инвесторларға) америкалық банктер арқылы төлеу мүмкіндігінен айырған.
Сарапшылардың айтуынша, шетелдік инвесторлар Ресейдің дефолтқа ұшырауын күтіп отыр. Себебі техникалық дефолт расталған мезетте халықаралық инвесторлардың пайдасына Ресейдің шоттарынан ақша шешіледі. Әрине, мұның бәрі заңдық процесс. Дегенмен Ресей үшін жағымды бола қояды деу қиын.
Сарапшылар Ресейде дефолт орнаған күнде Қазақстанға аса зияны тимейді деп топшылайды.
«Егер батыстық серіктестер Қазақстанда орналастырылған, бірақ Ресейге тиесілі қандай да бір активтерге назар аударып жатса, онда дефолт салқыны бізге де тиюі ықтимал. Алайда қарыз сомасы көп емес болғандықтан жақын уақытта мұндай оқиға бола қоймас. Ресейден ақшаны алу бірнеше ай немесе жылға созылады. Арбитраждық сот жедел әрекет етпейді», деп түсіндіреді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.