Бұл күндері Қазақстанның беделді балуандары кеншілер қаласы – Қарағандыда бас қосып, ел чемпионатының түрлі-түсті жүлделерін сарапқа салып жатыр. Солардың қатарында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланған саңлақтар да бар. Жарысты әдеттегідей еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы күні бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды.
Балуандар бәсекесінің алғашқы күнінде «Қарағанды Аренаға» жиналған жанкүйерлер 74 кило салмақтағы спортшылардың сайысын қызыға тамашалады. Себебі бұл салмақ дәрежесінде кіл мықтылар жиналған екен. Солардың арасынан Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов суырылып шықты. Бірі – еліміздің солтүстік, екіншісі – шығыс өңірінің тумасы. Екеуінің де есімі қалың көрерменге етене таныс. 24 жастағы Нұрқожа 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында күміс медальды мойнына іліп, 2019 және 2021 жылдары Азия біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Осыдан екі ай бұрын Моңғолияда өткен Сары құрлықтың басты додасында Қайпанов күміс медальды иеленді. 28 жастағы Даниярдың әлем чемпионатының қола және Азия ойындарының күміс жүлдегері деген атақтары бар. Қайсанов та Азия чемпионатының алтын тұғырына екі мәрте көтерілді.
Негізі «Қайпанов мықты ма, Қайсанов па?» деген сұрақ жанкүйерлердің көкейінде көптен бері жүрген еді. Осындай сауал жолданған сәтте көпті көрген кәнігі бапкерлердің өзі де жауап бере алмай, біраз әбігерге түскеніне сан мәрте куә болғанбыз. Бұл жолы қос мықтының жолы финалда түйісті. Бірінші кезең тек аңдасумен өтті. Соңғы сәтте алғашқы ұпай Даниярдың еншісіне жазылды. Оның өзінде жасалған ұтымды әдісі үшін емес, белсенділігі үшін берілді. Үзілістен кейін Қайсанов жиі шабуылдағанымен, қарсыласы үнемі оның алдын орап отырды. Сондай мезеттердің бірінде қарсыласының артына шығып, екі ұпайды иеленді. Біраз уақыттан соң қайта дәл сондай әрекетке барды. Ақырында амалы таусылған Данияр қарсыласуды қойды. Нәтижесінде, 14:3 есебімен жеңіске жеткен Нұрқожа Қайпанов Қазақстан чемпионы атанды. Ал қола медальды павлодарлық Азат Сақаев пен Алматы облысының өкілі Ернар Сатыбалды иеленді.
Дәл осы салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов пен жуырда ғана Алматыда өткен «Болат Тұрлыханов кубогында» өрелі өнерімен көзге түсіп, күміс медальды иеленген Родион Анчугин де күресуге тиіс еді. Алайда жарақатына байланысты олар боз кілемге шықпады. Еліміздің тағы бір беделді балуаны Азамат Өміржанов болса, алғашқы айналымнан аса алмады.
79 кило салмақ дәрежесінің финалында атыраулық Болат Сақаев пен маңғыстаулық Жігер Зәкіров белдесті. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. Таяуда ғана Алматыда ұйымдастырылған «Болат Тұрлыханов кубогында» дәл осы балуан еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтынды салған еді. Бұл жолы да Болат өзінің бабында екенін байқатты.
57 кило салмақта жамбылдық Рахат Қалжанға тең келер ешкім табылмады. Финалда ол шымкенттік Жаһангер Ахматжановтан айласын асырды. Шымкент қаласының тағы бір балуаны Асыл Айтақын мен Алматы облысының өкілі Өсімжан Дастанбек 61 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Бұл бәсекеде Асылдың асығы алшысынан түсті. 97 кило салмақта Мамед Ибрагимов ел чемпионы атанды. Павлодарлық балуан финалда қарағандылық Серік Бақытхановтан басым түсті.