Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Нұр-Сұлтанның «Барысы» 2022/23 жылғы маусымға қалай даярланатынын жария етті.
Елордалық клуб қазір демалыста. 14 шілдеде олар Нұр-Сұлтанда бас қосады. Дәрігерлік тексерістен өткеннен соң бір айға жуық елордада жаттығады. 16-20 тамыз аралығында Қазақстан Президенті кубогына қатысады. Аталған жарыста «Барыстан» бөлек, Магнитогорскінің «Металлург», Екатеринбургтің «Автомобилист», Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Бейжіңнің «Куньлунь Ред Стар» клубтары өнер көрсетеді. Содан кейін Ресейдің Челябі қаласына сапар шегеді. Бұл жерде жерлестеріміз «Металлург», «Автомобилист» және жергілікті «Трактормен» бірге Губернатор кубогын сарапқа салады.
Ал ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігі 1 қыркүйекте басталады. Шығыс конференциясында бақ сынайтын «Барысты» алдағы маусымға Беларусь маманы Андрей Скабелка жаттықтырады.