Семей қаласы мәслихатының кезекті 25-ші сессиясы өтіп, онда депутаттар қаланың гербі мен оның толық сипаттамасын бекітті. Сондай-ақ, жиын барысында жергілікті атқарушы органға гербті пайдалану тәртібін анықтау ұсынылды.
Семей қаласының жаңа гербінде қаланың рухани, тарихи, табиғи және заманауи келбеті көрініс тапқан. Елтаңбаның авторы – қалалық мәдениет сарайының қоюшы суретшісі Ерлан Әмірбек.
Автордың айтуынша, гербтің шеңбер түрінде болуы мәңгіліктің символын айшықтайды. Мәселен, жасыл түс – табиғаттың, үйлесімділік пен тепе-теңдіктің символын білдіреді. Геральдика заңдары бойынша күн өмір жолын сипаттайтын бұл түс аймақтың қайта жаңғыруымен де байланысты.
Гербтің ішінде бақыт символы ою-өрнекпен көмкерілген шаңырақ бейнесімен берілген. Айқас төрт бөліктің (күлдіреуіштер) арасында кітап, қарағай, түйе және көпірдің сұлбасы бейнеленген. Бұл барлық төрт бөліктің теңдігінің дәлелін түсіндіреді. Кітап Семей қаласын еліміздің рухани-мәдени орталығы, Абай, Шәкәрім, көрнекті жазушы М.Әуезов сынды ұлы ойшылдардың Отаны ретінде бейнелесе, шаңырақтың сол жақ бөлігінде орналасқан қарағай суреті өңірдің табиғи бейнесінің ажырамас бөлігін айшықтайды. Ал түйелер – ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей ескі гербтің тарихи құндылығын бейнелейді. Революцияға дейін Семей қаласы Ресей мен Батыс Қытай қалаларының сауда орталығы болғаны және Жібек жолының бөлігі саналғаны тарихтан белгілі. Ал жаңа көпір – заманауи жетістіктердің көрсеткіші және Семей қаласының көрікті жері саналады.
Гербте «Семей» атауы символдың төменгі жағында орналасқан және алтын әріптермен жазылған. Алтын түс – әл-ауқат пен өркендеудің символы. Сары және көк түстің араласуы жасыл түске айналып, жомарттықтың, жанданудың және жақсы істің бастамасының символын білдіреді.
«Бейбітшілік» аралының «Түйемойнақ» стелласындағы жеті қарлығаштың бейнесі – қырық жылғы атом сынақтарын жеңгенінің айқын көрінісі саналады. Қазақ халқы үшін жеті саны қасиетті, «Жеті ұрпақ», «Жеті қара» секілді көптеген ұғым осы санмен байланысты. Ал қарлығаштардың шаңырақты айнала ұшуы шексіздікті, қалаға мәңгілік бейбітшілік пен келісім тілейді. Өйткені киелі саналатын қарлығаш құстың өз ұясын бейбітшілік пен тыныштық орнаған шаңыраққа ғана салатыны баршаға белгілі.