Орал қаласында ток соққан екі ер адам жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«27 маусым күні кешке қарай осы ауданда электр жарығы өшіп қалған болатын. Оншақты көпқабатты үйде, №6 емханада, жекпе-жек спорт мектебінде, сорғы стансасында жарық болмады. Кеше «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС қызметкерлері келіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жер астындағы үзілген кабельді жалғау кезінде екі адамды ток соғып, оларды сол бойда жедел жәрдем бригадасы алып кетті», деді Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеров.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдемге шақырту сағат 16.52-де түскен.
«Оқыс оқиға салдарынан 1989 жылғы ер адамның беті, екі қолы, екі аяғы күйген. 2-3 дәрежелі 15-16 пайыз күйік жарақатын алған. Бастапқыда жансақтау бөліміне түскенімен, кейін палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақты. 1979 жылғы ер адамның бетін, екі қолы мен аяғын жалпы денесінің 55 пайызын (3-дәрежелі) күйік шалған. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде», деп хабарлады ведомстводан.
Аяна Тоғанбек