Еркін күрестен Қарағандыда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні біз тағы бес салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелерді тамашаладық. Бұл жолы жанкүйерлер алыптардың айқасын тағатсыздана күтті. Көпшілік жорамалдағандай, бас жүлдені еліміздің ең белді екі балуаны – Юсуп Батырмұрзаев пен Олег Болтин өзара сарапқа салды.
Даңқты Дәулет Шабанбай үлкен спорттан қол үзгеннен кейін аса ауыр салмақтың тізгінін Олег Болтин өз қолына алған еді. Елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, халықаралық аренада да елеулі табыстарға қол жеткізді. Шамамен сол кездері Дағыстаннан Қазақстанға Юсуп Батырмұрзаев есімді балуан қоныс аударды. Қап тауы бөктерінде туып-өскен ноғай жігіті де бірден жақсы нәтижелер көрсете бастады. Осылайша, жоғарыда есімдері аталған қос спортшы арасында ымырасыз бәсеке өрбіді. Халықаралық додаларда екеуі де тәуір күресті. 2020 жылы Юсуп Нью-Делиде Азия чемпионы атанса, Олег 2021 жылы Алматыда дәл сол атаққа қол жеткізді. Сол тұста ұлттық құрама бапкерлерінің «Токио Олимпиадасына қайсысын апарғанымыз жөн?» деген сауалға біраз бас қатыруына тура келді. Содан олар рейтингтік турнирге Батырмұрзаевты қосты. Алматыда ол ел сенімін ақтап, алтын тұғырға көтерілді. Нәтижесінде, Юсуп Олимпия ойындарына аттанса, Олег елде қалды.
Келесі олимпиялық циклде өз мүмкіндігін қалт жібермеуге бекінген Болтин Қарағандыда барын салды. Шығыс Қазақстан облысының өкілі барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Финалда оны Батырмұрзаев күтіп тұрды. Екеуара тартыс тек тіресумен өтті. Алғашқы ұпайды Олег алса, екінші кезеңде Ақтөбеден келген алыптың асығы алшысынан түсті. Сөйтіп, Юсуп Батырмұрзаев өзінің мықтылығын дәлелдеп, кезекті рет ел чемпионы атанды.
Майталман мамандар 92 кило салмақ дәрежесіндегі бәсекеге де айрықша назар аударды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған Әділет Даулынбаев пен Нұрғали Нұрғайыпұлы финалда жолықты. Бұл кездесудің фавориті Алматы қаласының өкілі еді. Әділеттің Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері деген атақтары бар. Нұрғали Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреген. Бәсеке барысында 3:1 есебімен ұтып жатқан астаналық балуан бозкілемнің сыртына құлап, аяғын ауыртып алды. Сол кезде Даулынбаев таразы басын теңестірді. Десек те, жарақаты жанына батса да, жанкештілік танытқан Нұрғайыпұлы жеңісті атақты қарсыласының уысынан жұлып әкетті.
Өзге салмақ дәрежелерінің финалдық сайыстары да қызықты өтті. 65 кило салмақта қарағандылық Әділ Оспанов озды. Ақтық сайыста ол алматылық Әуез Сейітбаевтан айласын асырды.
70 кило салмақта атыраулық Сырбаз Талғатқа тең келер ешкім табылмады. Шешуші тұста Сырбаз жергілікті балуан Ғалымжан Ибадулладан басым түсті. 86 кило салмақтың бас жүлдесі үшін ақтөбелік Абылайхан Нұрсұлтанов пен оралдық Нұржат Исағалиев белдесті. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді.