• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2022

Қаңғыбас иттен қауіп көп

485 рет
көрсетілді

Атбасар ауданында алабай тұқымдас ит бір әйелді талап тастады. Тұщы етіне аяуды білмес азу тістің қатты батқаны соншалық, дәрігерлер әйелдің аяғын кесуге мәжбүр болды. Мұндай оқыс оқиғалар жайлы ақпарат күн са­йын дерлік естілуде. Жыл басынан бері Қосшы қаласында бес бірдей баланы ит талаған.

Енді не істеу керек? Әрине, елді ме­кен­­нің ішінде, ел-жұрттың көз алдында қаңғыбас ит атаулының шыбын жанын шыр­қыратып, қарауылға байлау әбестік саналса керек. Әнебір жылдары Көкше­тау қаласының ішінде жүк көлігіне атыл­ған иттерді қанын сорғалатып әкетіп бара жатқан жайды көрген көпшілік шу көтер­ген. Олардікі де жөн. Жеті қазынаның бірі саналатын, кеудесінде жаны бар итті қан-жоса етіп қырып тастау әрі ол осы қатыгез қадамды бала-шағаның көзінше жасау шетін жай. Әйтсе де қараусыз қалған қаңғыбас иттен төнер қауіп өршіп тұр.

– Облыс орталығын айтпағанның өзінде мұндай мәселе шалғайдағы шағын ауылдарда да көп, – дейді ел ағасы Балтабай Малдыбаев. – Әсіресе көшкен елдің жұртында үйір-үйір болып, әбден жабайыланып жосып жүргендерін ел жаққа ат ізін салғандар айтып жүр. Көшкен адамдар ит пен мысығын ала кетпейді ғой. Көршісіне тапсырып кетуі мүмкін, бірақ біреудің итін біреу баға ма? Күші­гінен асырамағаннан кейін иттің де көне қоюы қиын. Міне, осылайша жа­ба­йы­­­ланып, көбейіп бара жатыр.

Өңірде осы жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыру бағдарламасы аясында 39 млн теңге қаражат бөлінген екен. Оның 31 млн теңгесіне 10 461 иесіз ит пен мысық ауланған. Сөз арасында бұл ауқымды жұмыстың облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен жүзеге асқандығын айта кетуіміз керек.

– Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарлар алдын­дағы жауапкершілік туралы» заңы­на сәйкес облыстық ветеринария стан­сасы ит пен мысықты аулап, жоя ал­майды. Заң талабы бойынша қаңғы­бас ит-мысықты уақытша пункттерде жан­уарларға арналған паналарда ұс­тап, баққысы келген адамдарға табыс ету керек, – дейді облыстық ветеринария бас­қармасының басшысы Талғат Жүнісов. – Ал жануарларға уақытша пункттер салу басқарманың құзыретіне кірмейді.

Қараусыз қалған қаңғыбас ит пен мысықтың обалына қарайтындар да бар. Айталық, «Шанс на спасение» ұйымының еріктісі Ангелина Мелетенко он жылдан бері ауру және мүгедек ит-мысықты бағумен айналысуда.

– Біз әдетте өлмелі күйге түскен жануарларды күтумен айналысамыз, – дейді ол. – Қолұшын беретін қайырымды жан­дар да аз емес. Иттің барлығы арнайы жасалған қоршауларда бағылады. Сондықтан ешкімге қауіп төндірмейді. Қазіргі күні 25 ит бағып отырмыз, бірақ біздің талпынысымыз теңізге қосылған тамшыдай ғана. Жекеменшік жер телімі тоқымдай ғана. Сол себепті көп баға алмаймыз. Негізінде қалада 500-ден 1 500-ге дейін ит бағатын мүмкіндігі бар панажай салу керек. Біз бұл мәселені көптен көтеріп жүрміз. Әйтсе де үнімізге ешкім құлақ асатын емес. Панажайда ветеринардың болуы шарт. Еріктілер қанша ізгілік жасауға ұмтылып тұрғанымен, емдеу қолдарынан келмейді. Ал қараусыз ит-мысықты өлтіріп тастау – тығырықтан шығаратын жол емес. Ондаған жыл бойы аулап, тауыса алмай жатыр ғой. Демек мәселеге басқа қырынан келу керек. Әуел баста баққан адамдар бейберекет көбеймеудің жайын ойласа жөн болар еді.

Қаңғыбас жануарларға у беріп, әйтпесе басқа да химиялық дәрі-дәрмек арқылы санын азайтуға заң тыйым салады. Ветеринарлардың негізгі мін­деті, әртүрлі аурудан қорғап, емдеу, тұр­­ғын­дарды жұқпалы аурулардан сақ­­тан­­дыру. Бір жақсысы, облыстық сани­тар­лық-эпидемиялық бақылау депар­таментінің басшысы Айнагүл Мусинаның айтуына қарағанда, соңғы бес жыл ішінде өңір тұрғындары арасында құтырма ауруына шалдыққандар кезікпеген. Дегенмен қаңғыбас иттің қаупі сейілмей тұр. Осы жылдың алғашқы бес айында ғана 755 адамды ит қапқан, оның 742-сі екпе алып, 12-сі емделуден бас тартқан. Ең көп зардап шеккендер Көкшетау қаласының тұрғындары, бақандай 199 адам. Одан кейінгі орында Бурабай мен Целиноград аудандары. Сөз арасында бұл көрсеткіштің дәл болмауы мүмкін екендігін де айта кетелік. Ауылдық жердегі адамдар ит қапқанды елең қылмайды да. Дәрігердің көмегіне жүгінбегеннен кейін жабулы қазан жабулы күйінде қала береді.

Атқарушы органдар қаңғыбас ит пен мысықтан құтылудың қарекетін жасауда. Осы мәселемен айналысатын 20 бригада бар. Алайда заң талабы мүмкіндік бермейді.

– Елге зиянын тигізетін бұл мәселені біржола шешетін уақыт әбден жетті, – дей­ді итбегі Орал Бөлтенов. – Әрине, обал-сауапты да ұмытуға болмайды. Бірақ әлеуметтік желі арқылы құтыр­ған иттердің кішкентай балаларды, қор­ғану­ға мүмкіндігі жоқ әйелдерді қан-жоса қылып талап жатқанын көргенде амал­сыздан бармағыңды тістеп, бұл мәсе­леден біржола құтылудың жолын қарас­ты­расың. Не мал күзетіп, қотан қоры­май­тын, не аң қағып, саятқа шығуға жара­май­тын ит баққанның несі сән?! Осы ара­да қазақтың төл иттерінің тамаша қа­сиетін тағы бір айта кеткім келіп тұр. Таза қанды төбет ешқашан адамға шаппай­ды. Ал дегдар тазының екібастан зияны жоқ. Әрине, елдің бәрі төбет пен тазы баға алмайды ғой. Дегенмен қажеті шамалы ит-мысықтың санын шектеген дұрыс. Бәлкім, қазіргі өлтіруге тыйым салатын қолданыстағы заңды өзгерту керек шығар.

Осы бір түйткілді мәселе туралы сөз сабақтағанда кеселдің көлемі уақыт өткен сайын ушығып тұрғандығын аңғарар едік. Қаншама шығын шығарып, панажай сала алмайтын болсақ, онда өзге бір амалын қарастырған жөн. Ең бастысы, иелері жосықсыз көбеймеудің жайын ойластырса... Діттеп келгенде обал-сауабы да ит-мысықтың иесінің мойнында ғой.

 

Ақмола облысы